Анамның жаңадан келін боп түскен кезі екен. Мезгіл қара күз. Баяғы айдалада екі үй қойшы. Әкей көрші ауылға асау үйретуге кетіп, сол күні қойды атамыз жаяды. Түс кезінде анам төбе басына шығып, отарға көз салса, атам құрыққа бөрікті іліп, бұлғап тұр екен. Шақырғанын түсініп тұра жүгіріп кете береді. Дауыс жетер жерге таянғанда «мылтық, күрек» деген сөзді естіп, қайтадан үйге қарай зымырайды. Таяп қалғанда үй сыртында «не болдылап» тұрған енесіне «мылтық, күрек» деп дауыстайды. «Қойға қасқыр шапқан шығар» деп топшылаған әжеміз оқшантайды келіннің беліне байлап, мылтық пен күректі қолына ұстатады. Сөйтіп анамыз ебіл-дебілі шығып атам тұрған жерге де жетеді ғой.
Күрек қолына тиісімен атамыз дереу бір інді қазуға кіріседі. Келініне «тез атқа мін қалқам» деп бұйырады. Анам атқа мініп алып, қарап тұрыпты. Інді біраз қазған соң атамыз аттың құйрығына шылбырды мықтап байлап, екінші ұшын іннің аузындағы белгісіз аңның сирағына күрмеп іліп: «Қалқам атты тебініп, алға жүр, «тоқта» дегенде тоқтайсың, бірақ бұрылып қарама», дейді. Атасының айтқанын бұлжытпай орындайтын жас келін артына қайырылып қарамай атты қамшылап жүре береді. Артқы жақтан гүрс еткен мылтықтың үні естіледі. Анам айтады: «Аттың бір ауыр нәрсені сүйретіп келе жатқанын сезем, бірақ, атам «қарама» деген соң, қарағам жоқ. Бір кезде ғана атамыз: «Ал енді қарай ғой» дегені. Жалт қарасам, азу тісі ақсиған нән көкжал қасқыр сұлап жатыр. Өмірімде қасқырды жақын жерден тұңғыш көруім. Зәрем ұшып кетті. Аттың қай жағынан секіріп түскенім есімде жоқ, үйге қарай қаштым. Әлден уақытта далаға шықсам, атам қасқырдың терісін сыпырып, жайып қойыпты. Бұрынғыдай қорқынышты емес... Несін айтасың, оқыс оқиғадан кейін менің атағым дүркіреді. Атам жарықтық бөрінің жайын сұрағандарға «келінім соққан қасқыр» деп мақтанады екен. «Келін соққан қасқырды көреміз» деп талай кісі жер түбінен келіп-кетіп жатты. Мені жұрт «Қасқыр соққан келін» атай бастады. Содан ыңғайсызданып атама: «Қасқырды сіз аттыңыз емес пе?» десем, «Е, қалқам-ай, сенің жақсы атың шыға берсін! Бұл саған тәңірдің өзі бұйыртқан атақ-олжа шырағым! Егер сен мылтық әкеп бермесең, қорықпай қасымда тұрмасаң мен сол қасқырды атып алар ма едім» деп, күллі жұрттың алдында жалғыз келінінің абыройын асырады екен. Ақыры сол қасқырдың терісін аудан басшылары арнайы сұратқанда атам: «бізге атағы да жетеді, алсын» деп сөзге келместен беріп жіберіпті.
Төлеген ЖӘКІТАЙ,
журналист
https://egemen.kz/