Имам Ахметтің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.а.у.) ораза тұтушының ерекше қасиеттері жайында былай дейді:
 
«Менің үмбетіме Рамазан айында бұдан бұрын ешбір үмбетке берілмеген бес түрлі қасиет берілді:
 
1. Ораза тұтушының аузының исі Алланың алдында хош иісті мисктен, сөзсіз, артық болады;
 
2. Ауыздарын ашқанша періштелер олар үшін Алладан истиғфар тілеп тұрады;

3. Алла Тағала Рамазан айының әрбір күні жәннатын безендіріп оған: «Менің ізгі құлдарымның ауыртпалықтар мен тауқыметтерден тастап, саған кіретін күні жақын қалды», – дейді;
 
4. Бұл айда жындардың біразы шынжырланып, басқа айларда істейтін нәрселерін істей алмайды.
 
5. Ал соңғы түні болғанда олардың (мұсылмандардың) күнәлары кешіріледі». Сахабалар: «Уа, Расулалла!
 
Ол түн Қадір түні ме?» – деп сұрағанда, Ол (с.а.у.): «Жоқ, жұмысшы да ісін толық бітірген соң өзінің сыйын алмаушы ма еді? Сол сияқты» – деген». 

qamshy.kz