Медет Даулетов "Қалаулым" жобасының қатысушысы
Қайырлы күн, Медет мырза! Сұхбатымызды қысқаша өмірбаяныңызды айтып өтуден бастасақ...
Қайырлы күн! Сұрақтарыңызға көп раxмет.Медет Өмірxанұлы Даулетов, 1992 жылы шілде айының 9-шы жұлдызында, Алматы облысы, Өтеген батыр кентінде дүниеге келдім. Ата-анам қарапайым адамдар. Әкем әскери, анам мейірбике. Алты ағайындымыз. Жалпы білім беретін орта мектепті тәмәмдаған соң, Алматы Энергетика және Байланыс Университетіне түсіп, 2014 жылы "Электрэнергетикасы" мамандығы бойынша диплом алып шықтым. Мамандық бойынша жұмыс істеп, жеке кәсіпкерлікке көшудемін.
"Қалаулым" жобасына қалай келдіңіз?
«Қалаулым» жобасына үміткер ретінде өтініш толтырып, Дина есімді қатысушыға келдім. Дос болып қаламыз деп шештік... Біраз уақыт өте, маған Қалаулым редакторларынан шақыру келді, бұл жолы қатысушы болу жайында, мен келістім.
Жалынды жас жігіт ретінде жүрегіңіздің жартысына қоятын талабыңыз қандай?
Болашақ жарым, жоғары білімі бар, адамгершілігі мол, сыйлай білетін, өз күтіміне мұқият, қазақи тәрбие мен заманауи талаптарды қоса алып жүрсе деймін. Алайда, барғылы бір Жаратушының қалауымен. Біз жай ғана болжаймыз
Əзілқой жігіт тəріздісіз. Өмірде қандай жансыз?
Жақсы әзіл, мен үшін адам бойындағы үлкен көрсеткіш. Шындықты астарлап, күлдіріп жеткізе білетін адамдарды қатты сыйлаймын. Өзім де өмірде көп әзілдесемін. Күлмей өткен бір күнім де болмапты. Сенің қар жауған қабағың, өзге түгіл өзіңе де керек емес. Бірақ ол қасиет, салмақты бола алмаймын деген сөз емес. Керек кезінде үрей туғызардай кейіп таныта аламын.
"Махаббат- құдіретті күш".Бұл - Мəулананың сөзі. Сіздің ұғымыңыздағы махаббат қандай?
Маxаббат мен үшін де, керемет күш болып есептеледі. Себебі, жүрегіне маxаббат ұялаған адам, кез-келген қиындыққа дайын және сүйгені үшін тау мен тасты қиналмай қопаратын сияқты. Өкініштісі, қазіргі таңда көп жастар маxаббат энергиясын, отбасын құрудың негізі ретінде емес, кинодан көріп алған мыжу әңгіме, өз-ара ұрыс керіске жұмсап, қадірін кетіруде. Соңында бір-біріне жат ,кейде тіпті жау адам болып кетеді.
Ғашық болу мен махаббаттың айырмасы қандай деп ойлайсыз? Ғашық болу мен үшін бір мезеттік құбылыс және ол қалай тез келсе, солай тез кетуі мүмкін. Ал маxаббат - қимастық, бауыр басу, сыйластық пен сүйіспеншілік сынды керемет сезімдерге негізделгендіктен, өмір бойы адамға серік болады деп ойлаймын.
Абыройлы тұлға деп таныр нағыз ер азамат қандай болуы керек? Абыройы асқақ, ел танитын азамат ең бастысы еңбекқор, білімді, оратор, мотиватор, кішіпейіл, өз елін өзінен артық сүйетін азамат болуы тиіс деп ойлаймын.
Қазақ жігіті ретінде, бүгінгі қазақ қызының болмысынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?
Елу жылда ел жаңа. Қазіргі таңда, қыздарымыз әрине еліктеуге жақын. Ең бірінші сын қаракөздеріміздің киіну стиліне келіп тиеді. Қыздарымыз кішкене жабықтау киінсе деймін. Зиянды әдеттерден алыс болса деймін. Әлеуметтік желідегі "лайк" үшін әуретті жерлерін көрсетпесе деймін. Бірақ заман өзгеруіменен бұл талаптарды қазіргі қазақ ұлына да қоюға тура кеп тұр... Мойындайтын бір дүние, қыздарымыз өте белсенді. Барлық бизнес форумдарда, барлық білім алу орталықтарында қыздар басым көпшілікте. Білімді әйел, болашақта Қазақстанды алға жетелейтін ұрпақ тәрбиелейді. Негізгі қасиеттер жайлы 2-сұрақта жауап беріп кеттім.
Медет мырза, эфир сыртындағы кəсібіңіз қандай?
Эфир сыртында жеке кәсібім бар. Алып-сатумен айналысатын ЖШС-м бар. Сонымен қатар басқа салаларда да өзімді көрсетудемін, яғни әрқашан ізденісте.
Əлеуметтік желіні жиі қолданасыз ба?
Әлеуметтік желіні және жалпы ғаламтор мүмкіндіктерін өте жиі қолданатын адамдар қатарынанмын.
Əлеуметтік желінің пайдасы мен зияны қандай деп ойлайсыз? Әлеуметтік желінің зияны мен пайдасы - ол ақпараттың өте жылдам таралуы және оның барлығына ортақ болуы. Осы тұрғыда, оқырмандары көп сайттар менен инстаграм парақшаларының модераторлары мұқият болса деймін.
Өзіңізді үш ауыз сөзбен сыйпаттай аласыз ба?
Осы сұраққа жауап беру арқашан да мен үшін бір түрлі. Көрейік енді ,ашық мінезді, жақсы дос, қиялшыл азамат.
Адам бойындағы ең асыл қасиет қайсы?
Адам бойындағы ең асыл қасиет - имандылық.
"Қалаулым" жобасында болған бір қызықты оқиғаңыз болса... Қалаулым жобасындағы әр өткен күнім бірнеше қызықты оқиғасыз өтпеген. Мысалы, маған келген үміткер қыздан "Сүйіп жасайтын тағамыңыз қандай?" деп сұрағанымда, тікелей эфирге, "Роллтон" деп жауап берген кезде, таң қалдым! Сосын, қалжың ғой немесе дұрыс естімей қалдым деп ойлап, тағы сұрағанымда, тағы солай жауап бергенде не айтарымды білмей қалдым...
Сіздің өміріңіздегі "Қалаулым" жобасының орны қандай? Өмірімде, осындай жобоның болғандығы үшін, тағдырыма мың алғыс. "Қалаулым" жобасы мен үшін үлкен мектеп және бағасы жоқ тәжірибе болды. Қыз баласына өмірде қоя бермейтін сұрақтарды қойып және жауап алдым. Бір қарағанда қойдан жуас адамның артында жан түршіктірер өмірі болғандығын көрдім. Кейбір кейіпкерлер мен қатысушылардың өткен өмірі шынымен де, шытырман оқиғалы. Сол себепті, бұл жобаның менің өмірімде алған орны орасан.
Оқырмандарға айтар тілегіңіз бар болса...
Оқырмандарға тілерім, өмірден өз жолыңызды тауып сүйгендеріңізге қосылып, өз өміріңізді әрқашан бірінші ретке қойыңыз. Барлық жақсылық пен бақыт.