Үйсімбаева Қарлығаш Қайратқызы, инстаграм желісінің тұрақты қолданушысы:
«Инстаграм - өміріміздегі көп мәселелерді шешуге себепкер»
- Қайырлы күн, Қарлығаш ханым. Қазіргі қоғамда ешкім өз өмірін әлеуметтік желісіз елестете алмайды. Ал, сіз өмірде инстаграмнан басқа қандай әлеуметтік желілермен доссыз?
- Инстаграм желісінен басқа в контакте, фейсбук желілерін пайдаланамын. Соның ішінде ең көп қолданатын желілер - инстаграм және фейсбук.
- Жөн. Десе де, сіз үшін инстаграм әлеуметтік желісінің ерекшелігі неде?
- Мен үшін инстаграм желісінің ерекшелігі де, маңыздылығы да өте зор. Себебі қазіргі заман талабына сай өте ыңғайлы және ақпарат алатын негізгі құрал болып табылады. Іздеген достарыңды, тіпті күнделікті өмірге керек, өмірде күнделікті тұтынатын заттарыңды да базар, дүкендерді араламай-ақ, үйде отырып тапсырыспен алуыңа болады.Тіпті осы желі арқылы қаншама жастар танысып, табысып, шаңырақ көтеруде. Сондай-ақ инстаграм желісі қазіргі кезде табыс көзіне де айналуда. Түрлі жарнамалар жасап, кәсіп көзіне айналдырудың негізі десе де болады.
- Жалпы әлеуметтік желінің тиімді тұсы мен тиімсіз тұсы?
- Таяқтың екі ұшы болады демекші, әлеуметтік желінің де екі жағы бар. Тиімді тұстарымен қатар тиімсіз тұстары да жетіп артылады. Жоғарғы жақта тиімді жақтарын айта кеттім, енді тиімсіз жақтарын айта кетсем, біріншіден, бұл желілер XXI ғасырдың дертіне айналып бара жатыр. Жастарымыздың көп уақыты осы әлемде өтуде. Адам психологиясына кері әсер беретін қорқынышты суреттер, видеолар, таусылмайтын дау - дамай, ұрыс - керістер осы қазанда қайнап жатыр. Оны көрген жас ұрпақ, әрине, теріс тәрбие алары анық. Анайы түрде түсірілген видеолар, ашық - шашық киінген қыздардың суреті, түрлі қылмыстық әрекеттер - жас ұрпақтың санасын улайтыны белгілі. Екіншіден, өзім ұстаз болғандықтан көп байқаймын, оқушылар осы желілер пайда болғалы сабақ оқуды мүлдем қойып бара жатыр. Өйткені олар үшін қызықтың бәрі осында. Білімге деген құштарлықтары төмендеуде. Үшіншіден, күні - түні телміріп телефонда немесе компьютерде отырғандықтан, денсаулыққа өз зиянын да тигізуде.
- Инстаграмдағы Қарлығашты жұрт біледі. Ал, өмірдегі Қарлығаш кім?
- Өмірдегі Қарлығаш кәдімгі адам (жымиды), қарапайым қазақтың қызы. Маған негізі, барлығы желіден көріп өркөкірек, менменшіл, қаланың тәрбиесін көрген және жасымның тым үлкен көрінетіндігін айтып жатады. Ал, шынайы өмірде көріп «тым жас, қарапайым екенсің» деп таңырқасып жатады. Өмірде қарапайым ұстазбын, жас журналистпін. Анда - мұнда көрініп қалатын актерлік шеберлігім де бар. Кинода рөлдерді сомдауға ұсыныстар түсіп жатады. Түсіп те жүрмін. Бірақ бұл қабілетімді дүйім жұртқа жая бермеймін. Болашақта осы өнерімді шыңдау жоспарда бар. Бос уақытымда шығармашылықпен айналысамын. Үй шаруасымен өте аз айналысамын. Себебі, уақыттың тығыздығы. Ас үйде тамақ пісіру мен үшін өте сирек құбылыс (күлді). Тамақ пісірсем, бірден инстаграм желісіне жүктеп, мақтанып қоятын әдетім бар. Қыз баласы болған соң үй тазалығы бірінші міндетім, демалыс күндері үй тазалау басты жұмысым.
- Инстаграм желісіндегі жиі сіз оқитын парақшалар?
- Интстаграм желісінде көп уақыт отырамын деп айта аламын. Көбінесе адамның басынан өткен тағдыры, өткен өмірі туралы оқығанды, сол жандармен сырласқанды жаным сүйеді. Керек кезінде кеңес беріп те отырамын. Сонымен қатар шоу бизнес әлемі мен үшін өте қызық. Әсіресе өнер адамдарының жай-күйі, тұрмысын тамашалағанды ұнатамын.Сондай- ақ пайдалы деректерді көп оқимын. Ішінде кәдеге жарайтыны болып жатса, өз парақшама сақтап қойып жатамын. Болашақта дәл осындай пайдалы парақшалар көптеп ашылса, нұр үстіне нұр болар еді.
- Инстаграм оқырмандарын арттыру үшін жаңа тіркелуші не істеуі керек?
- Қазіргі кезде инста әлемде тіркелушілер саны кімдерде көп? Әрине, танымал адамдарда, әншілерде, әртістерде. Пайдалы, көпшілікке керекті кеңес немесе бір жыр - дастан жазбаса да, әйтеуір, тіркелушілері көп. Өйткені, олардың өмірі, тұрмыс - тіршілігі халыққа қызық. Ал, мен бұл тұста айтар едім, танымал болмай-ақ инстаграмдағы тіркелуші санын көбейтуге болады. Қалай? Қызық - қызық әңгімелер, тұрмысқа қажетті кеңес немесе жай ғана күнделікті тағам рецептерімен бөлісіп отырсаң, тіркелуші саны артатыны белгілі.
- Инстаграмдағы оқырмандарыңызға айтар тілегіңіз?
- Көпшіліктің назарында жүрген соң, маған осы желіде жағымды пікірмен қатар жағымсыз пікірлер де көп айтылады. Ол әрине, заңды нәрсе. Бірақ шеттен тыс шығып кететін тұстары да бар. Тіпті мен туралы жалған ақпараттар да тарап жатыр екен. Осы орайда айта кетерім - әркім өз басына жауап беріп, өз тәрбиесімен айналысса екен деймін. Ешкім ешкімнің алдында жауап беруге құқылы емес. Алладан жасырмағанды адамнан жасыра алмайсың.Тек шынайылықты жаным сүйеді. Жасандылық әрдайым өз бейнесін көрсетері хақ. Инста достарыма айтарым - достығымыз арта берсін. Әр отбасында бақ - береке, бақ - дәулет орнай берсін.
- Сұхбатыңызға рақмет! Өмірде де, желіде де абзал адам атына лайықты болып жүре беріңіз.
"el24.kz" жалын дирекциясы