Мейірхан Топанбай: Ассалаумағалейкум, аға! Фейсбук желісі сізге несімен ұнайды? Фейсбуктің алаңына қай уақытта келдіңіз?
Мықтыбек Оразтайұлы: Уағалейкумассалам! Фейсбукке 2013 жылы жазда ойламаған жерден тіркелдім. Ә дегенде оншалық тартқан жоқ, "кәдімгі қаптап жатқан көп сайттардың бірі шығар" деп елемедім.
Бірақ келе-келе кәдімгідей ұнап қалды да, Шыға алмай қалдым. Сол 2013 жылдың күзінен бастап белсенді түрде отыратын болдым.
Фейсбук көп нәрсесімен ұнайды. Бұл жақта достарым көп, әрі оның көбімен кейін реалда да араласа бастадым. Одан бөлек, фейсбуктегі жазбалармен қазір телеарналар да, баспасөз де санаса бастады, тәп-тәуір дүниелер осы жерде жазылып, газет беттеріне шығып та жүр, оның несі жаман? Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктердің түзелуіне фейсбуктегі жамағаттың әсері бар екенін ескерсек, ол да бұл желінің плюсі, артықшылығы.
Мейірхан Топанбай: Əлеуметтік желінің пайдасы мен зиянын бір кісідей біліп қалған жансыз. Əлеуметтік желіні тез игеру үшін адамға қанша уақыт керек жəне қолданушылардың желіге тəуелділіктен қалай сақтануына болады?
Мықтыбек Оразтайұлы: Әлеуметтік желіні тез игеру үшін артық білімнің де, қабілеттің де қажеті жоқ, онсыз да қазір кез-келген фейсбукші бұл жақтың қыр-сырын жатқа біледі деп ойлаймын. Бәрі де қызығушылықтың арқасы шығар деп ойлаймын. Мұншалық қызықты болмаса, адамдарды сүйреп те әкеле алмайсың ғой. Бірақ тәуелділік деген қиын. Оның емін өзім де таппай жүрмін)) Дегенмен соншалық шошынудың керегі жоқ шығар, өйткені қазір замана солай, интернетсіз өмірді елестетудің өзі қиын. Бұдан 20 жыл бұрын адамдар "Болды, енді теледидар көрмеймін, көзімді сақтаймын" деп те уәде беріп жататын, бірақ теледидар көруден бас тартқан ешкім де жоқ. Бұл да сол сияқты қазіргі кезеңнің керекті дүниесі ғой. Желіге тәуелділіктен қорықпау керек, тек тірлігің тоқтап қалмай, жүріп тұрса болды емес пе?
Мейірхан Топанбай: Фейсбукте сіздің оң жамбасыңызға келетін жиі қозғайтын тақырып қайсы?
Мықтыбек Оразтайұлы: Менің оң жамбасыма келетін тақырып аз, арнайы жоғары білімім жоқ, саясатты көп қозғамаймын, әйтеуір, күнделікті қоғамда болып жатқан жәйттерге үн қосып отыратыным болмаса, басқалай жарытқан түгім жоқ. Футбол тақырыбы көбірек ұнайды, сосын ауыл жайлы жазғанды дұрыс көремін (ортам сол ғой енді)
Мейірхан Топанбай: Фейсбукке жұмсаған уақытыңыз үшін өкінген кезіңіз болды ма?
Мықтыбек Оразтайұлы: Фейсбукке жұмсаған уақытым үшін кейде таңертең ерте тұра алмай қалған кезде болмаса, жалпы өкінген емеспін. Өйткені, мұнда жақсы адамдар көп!
Мейірхан Топанбай: Фейсбуктегі ерекше жазбаларыңыз арқылы фейсбук желісінде сізді жұрт танып қалды. Жазбаңыз арқылы шешімін тапқан мәселер бар ма?
Мықтыбек Оразтайұлы: "Танып алды" деу артық шығар, өйткені, мені таныған адам сізді де таниды, оны да таниды, бірақ достарым жеткілікті. Ал, енді сұраққа келсек, жұрт қай нәрсеге үн қосса, мен әрдайым көпшілік жағында жүрдім, "жер сатылмасын" дедім, "мына әліпби қабылданбасын" дедім, кей мәселелер жартылай болса да шешіліп жатыр, ал жеке басымдағы мәселені қозғап, пост жазған емеспін.
Мейірхан Топанбай: Аға, Көп жылдық тəжірбиеңізге сүйенсек, фейсбуетегі фейктерді тез тани аласыз ба?
Мықтыбек Оразтайұлы: Кейбіреулерін стилінен біліп қоямын, кейбіреулері байқаусызда телефон номерін ақпаратына жариялап, сонысынан білдіріп қояды, бірақ фейктерді тану мүмкін емес. Өйткені, қазір бәрі пысық боп кетті ғой, қымтануды, жасырынуды меңгеріп алды. Ә дегенде ,адамдар осы ФБ-да да аңқаулау еді, ол кезде көп фейктер өздерін-өздері білдіріп қояды, қазір олай емес.
Мейірхан Топанбай: Фейсбуктегі Мықтыбек Оразтайұлы мырзамен өмірдегі Мықтыбек аға ұқсай ма?
Мықтыбек Оразтайұлы: Оны енді өмірде жолыққан достарым айтпаса, өз-өзіме баға бере алмайды екенмін. Жалпы кейбір "Құдайдан қайтқан" әртістер болмаса, адам желіде де өмірдегі болмысынан алыс кете алмайды деп ойлаймын. ФБ-дағы достарымның көбі өмірде де, ФБ-да да бірдей, айырмаларын көргенім жоқ.
Мейірхан Топанбай: Соңғы сауал, сіздің фейсбуктегі басты ұстанымыңыз? Мықтыбек Оразтайұлы Менде фейсбуктегі ұстаным деген болған емес, бірақ соңғы кездерде жанжалы көп постарға жақындамай жүрмін, себебі, біреуге жазықсыз тілің тиіп кетуі мүмкін, біреуді жазықсыз қаралап жіберуің мүмкін, содан сақтанамын. Өз постымда да жанжал, келіспеушіліктер көбейіп кетсе, дереу өшіріп тастаймын. Өйткені ФБ-да соңғы уақытта пайдасы жоқ, даулы пікірталастар көбейіп кетті. Ондайдан алыс болуға тырысып жүрмін.
Мейірхан Топанбай: Аға, рахмет! Фейбуктегі жазбаларыңыз көптің көңілінен шыға берсін!
Мықтыбек Оразтайұлы: Рақмет Мейірхан! Сайттарыңыздың ісі алға баса берсін!
"el24.kz" жалын дирекциясы