Ғалым  Шәбдезім, фейсбук желісінің қолданушысы:

Мейірхан Топанбай: - Ассалаумағалейкум, Ғалым аға! Сізді фейсбуктегі ойлы сөздің ұстасы деп біледі жұрт. Фейсбук əлеміне келу тарихыңызды айтсаңыз...
Ғалым Шәбдезім: - Кеш жарық Мəке. Қазақ Хандығына 550 жыл деп шулағанда, Ақпантай Əлиасқарұлы Байғұт, Асан Тұрабаев ағалармен дəм-тұз араласып, біраз Текті Қазақ халқы туралы бірталай мəліметтерге қанық едім. 550 жыл емес Қазақ халқына 5 мың жылдан асқанын білгеннен соң, Фб əлеміне жетелеп келді.


Мейірхан Топанбай: -"Данышпан көп жерде, сөз иесін таппас" деген кəріс нақылы бар. Фейсбукте ақылға, əдемі сөзге бай кісілер өте көп. Сіз көненің көзін көрген жаққұт дүниелерді жиі жариялайсыз. Сондағы мақсатыңыз не?
Ғалым Шәбдезім: - Мақсат біреу ғана, Ел өсиетін білсін деймін.
"Өсиет өссе өркенің ұзарады,
Өлгенің тіріледі, өлкең кеңейеді...

Мейірхан Топанбай:  - Сөз ауылынан алыс жан емессіз. Әлеуметтік желіден сөз ұғар адамдар табу қиын емес пе? Бүгінгі сөз құны нешік?
Ғалым Шәбдезім: - Мен жариялап жүрген мəліметтерді Əлиасқар қария: Əй, қайдам мыңнан бірі ұғар,- деп Ақпантайға айтып кеткен 1978 жылы. Дұрыс айтасыз қазір сөз ұғар, сөзге тұрар адамдар саны азайып барады. Құны енді, Ханның сөзін Құл да айтар, құл сөзінің құны жоқ, - дегендей ғой. Мысың басып, орнымен айтсаң əлі де ұғар құлақтар бар.

Мейірхан Топанбай: - Аға, жаһандану заманында əлеуметтік желілер қазақ халқының рухани байлығын насихаттауға себепкер бола ала ма? Дəл бүгін біздер  сол рухани байлықты насихаттаудың жолын білмей жатқан жоқпыз ба?
Ғалым Шәбдезім: - Ол туралы Мейірхан айта алмаймын, қазір желідегі жел сөздердің ұпайы басым.

Мейірхан Топанбай: - Сөз -рух. Сөз- болмыс. Қазақ сөзін жас ұрпақтың бойына қалай сіңіре аламыз?
Ғалым Шәбдезім: - Қазіргі қоғамда өтірік болмыс басып кеткен. Осыдан құтылудың амалы, аға буын, орта буын өз жасына қарай сөйлеп, орынсыз кінəлай бермей жастарды, ақылын дер кезінде сөздің рухымен айтып отырса, Қазақтың қанында қасиет əлі жоғалған жоқ, орнына келтіруге болады. Ол үшін телеарналарды тазалау керек.

Мейірхан Топанбай: - Фейсбуктегі Ғалым ағаны жақсы білеміз. Шынайы өмірдегі жайыңыз жайлы білсек. Не кəсіп қыласыз?
Ғалым Шәбдезім: - Шынайы өмірде отбасында атамын. Немерелімін. Тағдырдың маңдайыма жазғаны басшы қызметтерде болу болды. Ең қиын қызмет əрине адал жолды ұстасаң. Əр сөзім мен шешімдеріммен арпалысып жүремін, қателікке бой алдырмасам деп. Оның үстіне жастарды қатты аяймын. Оларды біз тəрбиелемесек қайдан алады тəрбиені, мына былыққан қоғамда, былықпай жүрудің өзі бір бақыт.

Мейірхан Топанбай: - Əр нəрседен бір нəрсені үйрену – өмір заңы. Әрбір нәрседен де  жадымызға бір нəрсені түйетініміз де рас.  Фейсбуктен сіз не үйрендіңіз?
Ғалым Шәбдезім:  Фб-тан көптеген достар таптым. Ел іші - өнер кеніші дейтін желі. Үйренем десең 24 сағат желі құзіретіңде. Бірақ, адамның көзіне қарап сөйлеп үйренгендіктен ешуақытта сөз қуып, ұрыс іздемеймін.

Мейірхан Топанбай: - Соңғы сауал, фейсбуктегі сізге ұнайтын жəне ұнамайтын нəрселер қайсы?
Ғалым Шәбдезім: - Тап басып айту қиын, бірақ дін мəселесі шаршатып жібереді. Ұнайтын, үлгі алатын, үйренетін нəрселер көп, соларға көп мəн беремін. Өмірде өсекке жанымды алшақ ұстаймын. Қай саланы басқарсам да бірінші жиналысты сол мəселеден бастаймын. Себебі, жұмыс жүрмеуінің басы да аяғы да сол. Ешкім туралы мəлімет сұрамаймын, өзім танып білмей.

Мейірхан Топанбай: - Ғалым аға, өлмес өнегелі дүниелерді оқырманға ұсынып аман жүріңіз! "El24.KZ" сайтының ұжымы атынан сізге бүгінгі сұхбат үшін алғыс айтамыз.

Ғалым Шәбдезім: - Көп рахмет Мейірхан. Сайттарыңыз Қазақ Елінің құндылығы мен ертеңі болашағына қызмет ете берсін. Сəттілік тілеймін.


"el24.kz" жалын дирекциясы