Гүнай Текин
Аудармамды Аббасов Мұстафаға арнаймын.
Аббасов Мұстафа - өзінің саналы ғұмырын жүйке ауруларын емдеуге арнаған жан. Түлкібас аудандық емханада ширек ғасырға жуық уақыт қызмет атқарып келеді.
«Жақсы дәрігер – сенім падишаһы» Р.Гамзатов
Жақсы дәрігер - туғаның, Жақсымен көресің өмір думанын. Бұл - күнделігімдегі алғашқы жазбам. Менің дәрігерім-әкем сияқты. Бағыма тілекші. Жанымның жарасын жанарымнан оқып, көңілімнің алаң хәлін жүзіме қарап ұғады. Адамдық әліппесін әрекетімен түйсінтіп, әр кездескен шағымда үмітіме күміс қоңырау тағады. Жалғанда дертті жанның үмітіне қорған болғаннан асқан бақ жоқ. Ал, сол үмітті кім қорғамақ?! Үміт үнемі бапталар бақша гүлдерінен аумайды емес пе?! Олай болса, үміт гүлдерін бір сәт болсын қараусыз қалдыруға болмайды ғой! Бұл деген-мехнаты мол жұмыс. Оған екінің бірі шыдамдылық таныта алмасы бесенеден белгілі.
Сондықтан, жомарт көңіл жандар ғана дәрігер болмақ. Солар ғана дертті жанның үмітіне қорған болмақ. Менің дәрігерім - жомарт жүрек пен арда ақылдың иесі. Жайма шуақ жаздай жылы шырайынан-ақ дертіңе шипа табасың! Жалғанда адам баласының басты бақыты-алшаң басып жер ананың төсінде еркін жүре алуы. Мен бұл бақытқа кеш жеткен жандардың бірімін. Менің әрбір қадамым – тәңірден толассыз тілеген тілек пен дұғалардың нәтижесі, әрі мендік сәби жүрекке сенім отын ата-анам мен бір жаққан дәрігерімнің еселі еңбегінің жемісі. Өзгенің жігерін жану үшін - өмірді терең тану керек. Менің дәрігерім - өмірді Жүніс Емредей таныған жан. Кісілігі - күн көзіндей жүрек жылытып, адамдығы – адалдықтың алтын тағын еске салады.
Тәубе! Әрбір адымым үшін әлі де күресемін. Сенім оты көкейімде лаулап тұр. Сіздей абзал жанмен жолықтырған тағдырыма мәңгілік разымын, дәрігер!
Аударған:«Шарапат» шығармашыл жастар байқауының бас жүлде иегері Мейірхан Мейрамбекұлы