Қайырлы кеш, Гүлбану ханым!  Қазақ эфирінің соны хабарының бірі - "Информбюроның"  жиырма жылдығы құтты болсын! Бағдарламаға келу тарихыңыздан бастасақ...
 
      Рахмет! 20 жылдан бері атауы да, бағыты да өзгермеген «Информбюрода» қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе. Бұл пафос емес, шыным. «Информбюроға» 2012 жылдың соңында келдім. Ол кезде Алматы қаласында тұратынмын. Жаңалықтарға журналист іздеп жатыр дегенді естіп, директоры Болат Мүрсәлімге жолықтым. Бөкең (Б.М) бірден штатқа алып, жаңа жылдан бастап «Информбюроның» тілшісі болып жұмысқа кірісіп кеттім. Бір жылдан кейін Астанаға командировкаға келіп кеттім. Артынша басшылық маған АСтанадағы редакцияға жетекші болуды ұсынды. Мен келісіп, осылайша елордаға көштім. Содан бері бес жылға уақыт таяды. 
-  "Бағдарынан адаспағанның аты асқақ".  Бұл - түрік халқының нақылы.  Бағдарламаның  басты бағдары не?
«Информбюроның» басты мақсаты-халыққа шынайы, өзекті ақпаратты жылдам әрі түсінікті етіп жеткізу. Сірескен Үкіметтегі, Парламенттегі жиындардан, баяндамалардан қарапайым көрерменге ұғынықты, түсінікті ақпарат беру. Жалпы, «Информбюроның» тілшілері халық жылап зарын айтып жатқанда қасынан табылуға тырысады. Мұңын тыңдап, қаз-қалпында жеткізуге барын салады. Қаншама үйсіз қаңғыған қазақтың баспана мәселесін, жалақы ала алмай жылаған жұмысшылардың, әділдік іздегендердің жанайқайын жоғарыға жеткізуге, шешіп беруге көмектесті. Басты бағыты да, мақсаты да осы. 
- Сіз үшін "Информбюро" телебағдарламасының өзге бағдарламалардан артықшылығы неде?
«Информбюро» өзге арналар айта алмаған, көрсете алмаған дүниені көрсетуге тырысады. Мәселені тереңінен көрсету жағын қарастырады. Біз кез-келген оқиғаға селқос қарамаймыз. Әрбір деталіне үңіліп, ұсақ-түйектеріне дейін мән беріп, жан-жақты зерттеп барып, көрерменге ұсынуға тырысамыз. Елде бір тосын оқиғалар, елді дүрліктірер жағдайлар болып жатса шұғыл шығарылымға шығып, жұртқа жедел жеткізуді ойлайды. 
-   Сіз үшін бұл бағдарламаның өміріңіздегі алатын орны қандай?
«Информбюро» -менің екінші үйім. Өйткені, жұмысымды жақсы көремін. Екі минуттық сюжетте елдің көкейіндегі, ойындағы дүниені айтып, оған жұрттың көңілі толып жатса мен үшін үлкен мәртебе. Сондықтан болар, жаңалыққа жасаған әр материалым менің балам сияқты.