Бүгін Талдықорған қаласындағы «Жастар» мәдени-демалыс саябағында жетісулықтар Тәуелсіздік мерекесін атап өтті. Саябақта спортшылардың жетістіктерінің көрмесі қойылып, келушілер назарына ұсынылды. Шара Б. Римова атындағы драма театры әртістерінің «Тәуелсіздік елдік пен ерліктің іргетасы» атты мерекелік театрландырылған көрінісімен басталды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиналған көпшілікті ұлық мерекемен құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов:
- Құрметті қауым! Сіздерді Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей: «Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт!». Осыдан 26 жыл бұрын еліміз Қазақстан деген атпен әлемге танылды. Азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың арманы орындалып, азаттық алдық. Тұңғыш Президентіміздің сындарлы саясатының нәтижесінде сыртқы саясатта өз орны бар ел атандық. Дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отырмыз. Бұл бағытта Жетісу жұрты да өзінің лайықты үлесін қосып келеді, - дей келе мереке қарсаңында облыстың бірқатар азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсырылғанын, жетістіктердің бәрі де Елбасының көшбасшылығы мен елдің берекелі өмірінің нәтижесі екенін атап өтті.
Өз кезегінде белгілі спортшы, Олимпиада чемпионы, кәсіпкер, кеше ғана Астана қаласында Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Жақсылық Үшкемпіров жетісулықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жастарды елжанды, намысты, білімді әрі мықты болуға үндеді.
Шара соңы Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздарының әні мен биіне ұласты.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.