Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Жастар қанаты белсенділері слеті өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Жастар қанаты мүшелері, аудан және Байқоңыр қаласы, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқитын түрлі этнос жастары, облыстық Жас Отан жастар қанатының мүшелері, Жастар ресурстық орталығының мамандары, жастар ұйымдарының басшылары мен белсенді мүшелері, БАҚ өкілдері, барлығы 70 адам қатысты.
Слеттің мақсаты мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын кең көлемде насихаттау, жастардың қоғамдағы орнын айқындау, жастардың арасында белсенді орта құру, азаматтық принциптер мен өзіндік көзқарасты қалыптастыру, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтап, бірлігі жарасқан отансүйгіш жастардың санын арттыру, ҚХА жанындағы Жастар қанатының құрамын толықтыру болып табылады.
Жастар слеті басталмас бұрын дарынды жастардың туындыларынан әзірленген көрме өтті.
Облыстық ҚХА жанындағы Жастар қанаты төрағасының орынбасары Альфия Шайхутдинова модератор болды.
Слеттің алғы сөзін облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов алып, жастарды қоғамдық саяси тұрақтылықты сақтауға, бірлік пен бірегейлікті нығайтуға шақырды. Сондай-ақ, достықты, бірлікті нығайтуға бағытталған қоғамдық жұмыстарда, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен өткізілген мәдени шараларда айрықша белсенділік танытқан жастарды марапаттады.
Слет барысында жастарға «Көшбасшылық қасиет, Ораторлық шеберлік» тақырыбында облыстық дәрежедегі тренер Ардақ Аукенов тренинг жүргізді. Тренинг аясында түрлі форматтағы оқыту жұмыстары, командалық және жекелей интелектуалды ойындар өтті. Соңында қатысушылардың барлығы сертификат иеленді.
Жастар тарапынан «Қоғамдық келісім» КММ Қазалы ауданы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Светлана Крюгер, кәсіптік-техникалық білім беру бағыты жайында Сырдария аудандық аграрлы-техникалық колледжінің студенті Евгения Кочерещенко, Елбасының білім саласына деген қамқорлығы жайында №2 Мұрагер мектебінің 10 сынып оқушысы пәндік олимпиадалардың жеңімпазы Евгений Демиденко, Астана, Тәуелсіздік тақырыбы төңірегінде Республикалық «Өнеріміз саған Қазақстан» фестивалінің лауреаты Руслан Рызманов ой қозғап, «Атамекен» әнінен үзінді орындады. Сонымен бірге, Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы облыстық жастар қанаты белсенділері слетінің Үндеуі оқылды.
Шара соңында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Бегалықызы тұңғыш рет өткен облыстық жастар слеті жұмысының маңыздылығына тоқталып, қорытындылады.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі