Қапшағай қаласының «Арна» индустриалды аймғында орналасқан «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-ның азық-түлік шығаратын зауыты биылғы жылғы маусым айының соңында ашылады. Экспортқа бағытталған кәсіпорын алғашқы дайын өнімін 1-ші желісі іске қосылатын сәуір айында шығарады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың «Маревен Фуд Холдингс» холдингінің өкілдерімен кездесуі барысында белгілі болды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында инвесторлар жобаның жүзеге асырылу барысы, жергілікті атқарушы органмен бірлесіп шешуге тиіс бірқатар мәселелер туралы баяндады.

«Маревен Фуд Холдингс» холдингінің атқарушы директоры Мишель Чангтың айтуынша, қазіргі кезде зауыттың өндірістік және инженерлік кешені дайын, ішкі инженерлік коммуникациясы толығымен жүргізілген. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, қоймада сақтаулы. 1-ші тестік желісі сәуір айында іске қосылып, алғашқы өнімдері шығарылады. Зауыт нарыққа кәсіпорын іске толық қосылғаннан кейін шықпақ. Зауыттың маусым айының соңында ашылады деп жоспарланған.

Кездесуде айтылғандай, 2018 жылға 24 млрд. теңге болатын сатылым көлемі белгіленіп отыр. Зауыт тез пісетін кеспе, сорпа дәмдеуіштері, макарондар – жалпы саны 15 түрлі өнім шығаратын болады. Дайын өнімнің 70 %-і Азияның 5 еліне, Монғолия мен Қытайға шығарылмақшы. Өндіріс барысында 5 өнім - ұн, тұз, картон және басқа да қазақстандық өнімдер қолданылады. Кәсіпорын 500 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамттды, оның 90%-ін жергілікті тұрғындар құрамақшы.

Инвесторлар зауытқа кіре беріске дейін жол төсеу, темір жолға шығатын мүмкіндік жасау қажеттіліктерін айтты. Облыс әкімі Амандық Баталов бұл мәселелерді шешуді бақылауына алатынын жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовтың айтуынша, қиыршық тас-құм төселетін жолдың құрылысы наурызда аяқталса, ауа райының қолайлылығына қарай сәуір-мамыр айларында асфальт төселетін болады. Темір жол мәселесі де жыл соңына дейін шешімін таппақ. Зауыт Қапшағай қаласындағы газ желісіне қосылады.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі А. Баталов:

- Біздің облыстың аумағында осындай ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылып жатқанына қуаныштымын. Бұл кәсіпорын өз кезегінде облыстың азық-түлік өндірісіне өзінің үлкен үлесін қосатын болады. Ең бастысы, зауыт 500 тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтиды. Оған қоса өнім өзіміздің отандық ұннан дайындалып, дайын өнім «Қазақстанда жасалған» деген белгімен экспортқа шығарылатын болады, - деді.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.