Серік Сейітман

2-3 күннен бері телефоныма тыным жоқ. Бәрінің қоятыны бір сұрақ: «Радиода ауыс-түйіс бопты ғой, амансың ба?», - дейді. Енді біразы әлеуметтік желілерде сұрау салып жатқанға ұқсайды.
Үндемей-ақ кетейін деп едім, болмады. Көптің көңіліндегі сауалға аз-кем жауап берейін деп шештім. Аманмын, ағайын. Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын, дәлірегі 5 қаңтарда ұжымыммен қоштасып кеткенмін. Себебі Сіздер үшін маңызды емес деп ойлаймын. Маңызды болса, тарих тақтасы өз бетіне түртіп алар. Ең бастысы, білуге тиісті кісілер білді. Еңсем тік, жүзім жарық, азаматтық тұлғам қалпында.

Соңғы уақытта атқарған қызметім «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директорының орынбасары – Қазақ радиосының жетекшісі деген лауазым болатын. 20 күннен бері бос тұрған орныма және өзге де лауазымдарға 3 күн бұрын азаматтар тағайындалды. Басқасының адамдық болмысы мен журналистік қабілетін жіті танымайды екенмін, Нәзира Бердалы мен Қалқаман Сарин сынды қазақ әдебиетінің көшіне көрік беріп жүрген ақындардың қос радионың тізгінін ұстағаны мені қатты қуантты. Шығармашылығымен қатар, екеуінің журналистік қарымын бұған дейін де жоғары бағалайтынмын. Радиоға келіп, хабар жүргізген кездерінде тікелей басшысы ретінде оларға құрметім бұрынғыдан артпаса, кеміген кезі жоқ. Шын тілектестік ниетпен істеріне сәттілік тілеймін!

Сәл лирикалық шегініс жасайық. 
Алматының алып базарында көше сыпырып жүрген жерімнен ауылдас бауырым Орынбасар радио студиясына ертіп келіп, журналист ару Гүлнұр мен жайлы хабар жасап, содан «Шалқар» радиосының басшысы Аманжан ағаның көзіне түсіп қалып, үш ұйықтасам түсіме кірмеген қарашаңыраққа қызметке қабылданып кетіп едім. Бұйрық 2006 жылдың 9 қаңтарында шыққан болатын. Міне, содан бері дәл 12 жыл өтіпті. Бір мүшел. Қарапайым музыкалық жүргізушіліктен Бас директордың орынбасары лаузымына дейінгі қызметті атқарыппын. Шүкір деймін. Мұндай бақ екінің біріне бұйырмас.

Қарашаңырақтың қара баланы қалыптастырудағы рөлі күшті болды. Алаш алыптарынан бастап, Жұмабек Тәшенов, Өзбекәлі Жәнібеков, Камал Сейітжанов, Бейсенбай Кенжебаев сынды қазақтың қаранар қайраткерлері жайлы портреттік хабар жасау арқылы және Ел зиялыларымен тікелей сұхбаттасу арқылы өзім де кемелденуге тырыстым. 
Ғалым Доскен, Нұрлан Өнербай, Жұмабай Шаштайұлы, Аманжан Еңсебайұлы, Нұртілеу Иманғалиұлы, Жүрсін Ерман, Ғалым Жайлыбай, Көпен Әмірбек, Амангелді Кеңшілікұлы, Сайлаубай Тойлыбаев, Құлтөлеу Мұқаш, Нүсіпхан Қыстаубаев, Жанай Омаров, Ғалымжан Мелдеш, Төрехан Данияр, Нұржан Жалауқызы, Махат Садық, Ләззат Мейрамханқызы, Болатбек Төлепберген, Кемелбек Ойшыбаев, Досымбек Қонысбекұлы, Ерлан Қарин, Мәди Манатбек сынды басшылармен жұмыс істестім. Бұл кісілердің көпшілігінен көп нәрсе үйрендім, мол тәжірибе жинадым.
Дүйсенбек Қанатбаев, Сауық Жақанова, Шолпан Байғабылова, Тыныс Өтебаев, Темірхан Момбекұлы-Түркістан, Ғалым Есенсариев, Арыс Байжанбаев, Алмас Алматов, Молдабек Сағымбек, Тұрмағанбет Кенжебаев, Маралтай Райымбекұлы, Әлібек Шегебай, Қыдырбек Рысбек, Жанұзақ Мүсәпір, Әбдірәлі Бөлебай, Қошан Мұстафаұлы, Сәрсенғали Жүзбай секілді аға-әпкелердің ізіне еріп жүріп, өзімді шәкірт сезіндім.

Осы уақыт ішіндегі ең ыстық болып жүрегімде сақталатын 2014-2017 жылдар аралығында «Шалқар» ұлттық радиосының Бас редакторы болған кезім. Қазақтың қоңыр үнді ұлы Нұрлан аға Өнербаевтың дауысымен жасалған имидждік роликтер ісіміздің басы болып еді. 
«Жаншуақ», «Жерұйық», «Темірқазық» этноэнциклопедиясы, «Ән-ғұмыр», «Күй-ғұмыр», «Отанды сүю», «Сөз патшасы», «Тәуелсіздік шежіресі», «Өнегелі отбасы», «Шабыт» радиотеатры, «Отырар кітапханасы», «Таң жарық», «Қазақ хандығы» сынды сүйекті хабарлар аштық. Радиоойындарға «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Арқан тартыс» деген сынды ұлттық ойындарымыздың атын бердік. Сондай-ақ, «Дәстүр», «Бесігіңді түзе», «Күй-шежіре», «Наридірген», «Назқоңыр», «Әлқисса», «Біздің елдің жігіттері», «Бастаңғы» секілді ұлттық маңызды хабарларды қайта жаңғырттық. Сондай-ақ, Жүрсін ағадан үйренген тəжірибе бойынша, апта сайын ұжым болып хабарлардың көркемдік сапасын талдап-таразылап отыратынбыз. Соның нəтижесінде "Шалқарымыз" көш бастады. Мұның бәрі ізгі ниетті шығармашылық ұжым мен қалаптасқан ұжымдық сананың және азды-көпті басшылықтың қолдауы арқасында жүзеге асқан шаруалар еді.

Қарашаңырақ – қасиетті ұғым. Оның батасын алған пенденің жаман болғанын өз басым көрген емеспін. Қасиетті қарашаңырақтың қазаны бұдан былай да бұрқ-сарқ қайнап, елге тарту етер рухани тағамы берекелі де құнарлы болғай!

Фейсбуктегі парақшасынан