Қазақтың тұңғыш скрипкашысы, ырғыздық Әлім Алмат (шын аты-жөні Ғалымжан Әбсәламов) биыл қаңтарда 100 жасқа толды. Стамбулда тұратын қарияға жолығып, облыс әкімі Б. Сапарбаев беріп жіберген сый-сияпаттарды және «Үш таған» журналының бірнеше нөмірлерін қолына ұстаттым. Тағдырдың тәлкегімен саналы өмірі жат жерде өтіп, енді қартайғанда маған туған жердің топырағы бұйырмас деген ойға көндіккен қария елден келген сәлем-сауқатты көкірегіне басып,көпке дейін үнсіз отырып қалды.
Туған елдің сәлемі
Қазақтың тұңғыш скрипкашысы, 100 жасқа келген абыз қариямен кездесуге барғанда, есікті күтушісі ашып, төрге бөлмеге оздырды. Өзі көрші бөлмеге барып, атаға біздің келгенімізді айтты. Жартылай ашық есіктен көріп отырдым, күтушісі жетектемек болып еді. Ата «өзім барамын» дегендей қолын қағып жіберді. Орнынан тұрып, таяғына сүйеніп, ілбіп жылжыса да, бізге қарай бұрылды. Шыдай алмай, қасына жетіп бардым. Сәлемімді алып, қолымның сыртынан сүйді. Екеуміз төрдегі диванға жайғастық. Қолымнан айрылмаған күйі, бетіме ұзақ тесіле қарады. Ел-жұрттың амандығын сұрады. Келген мақсатымды айтып, арнайы алып келген сый -сияпатымды ұсындым. Балаша қуанғаны жүзінен көрініп тұрды. Сәлем-сауқаттарды кеудесіне басып, сыртынан сыйпалап отырып қалды. Толқығаны сондай, көпке дейін тіл қата алмады. Өрекпіген жүрегін басты ма, әйтеуір біруақытта журналды парақтап, әр бетіне үңілді.
-Журналыңды оқып шығуға көзім жетпес. Бірақ, басыма жастап жатамын. Елден келген хабар ғой,- деп алғысын жаудырды.
Сурет
Қазақтың тұңғыш скрипкашысы, 100 жасар Әлім Алматпен (Ғалымжан Әбсәламов) бірге
Өнерінің арқасында жаны қалды
Түріктер мен музыка сүйер әлем жұртына Әлім Алмат деген есімімен танымал скрипкашы- ырғыздық Ғалымжан Әбсаламов 1917 жылы Ырғызда дүниеге келген. Оның скрипкашы мамандығын таңдауына Темірбек Жүргенов ықпал етіпті.белгілі қоғам қайраткері Әлімнің нағашысы екен. Әлім Алматтың (Ғалымжан Әбсәламов) сөйтіп, «Темір нарком» атанған Темірбек Жүргеновтің музыка мектебінің скрипка сыныбында оқиды. Одан
соң, Ташкентте 2 жыл, Алматыда 63 жыл өнерін шыңдайды. Жас скрипкашы 1936 жылы алғаш рет ұйымдастырылған Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігіне де қатысқан. 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Бір айдан соң Ғалымжан Әбсаламов өзі секілді мыңдаған совет жауынгерімен бірге Брест қамалында немістердің тұтқынына түседі. Қамауда сүзек ауруын жұқтырып, 13 күн бойы ес-түссіз жатыпты. Оны енді есін жимаса, вагоннан лақтырып кетпекші де болған екен. Құдай сақтап, “апалап” сандырақтап жатқан қазақты тұтқындағы украиналық дәрігер емдеп, аяғына тұрғызады.
Қара жұмысқа болған соң, әрі оның скрипка таратын өнерін байқаған неміс офицері өзіне жалшылыққа алады. Осылайша, өнері –жанының арашасы болады. Сол өнердің құдіретін бағалайтын офицер оның Берлин консерваториясына түсуіне қол ұшын берген. Кейін ол Венадағы, Париждегі музыкалық оқу орындарынан дәріс алады. 1948 жылы Францияға, 50-ші жылдардың басында Түркияға қоныс аударып, сол жақта біржолата тұрақтап қалған. Бұл туралы Мария Шоқай естеліктерінде былай деп жазып қалдырған екен: «Бір жылдан кейін, 1947 жылы, Германиядан скрипкашы Әлім Алмат келді. Ол скрипкада шебер ойнайтын. Оған консерватория бітіргені жөнінде диплом қажет еді. Соғысқа дейін ол Мәскеу консерваториясында оқыған. Соғыстың кесірінен оқуын бітіре алмапты. Мен оны Париждегі Рахманинов атындағы орыс консерваториясына жаздырдым».
- Соғыс аяқталғаннан кейін оның алдында екі түрлі таңдау тұр еді. Бірі - Отанына оралу, екіншісі – өнерімен танылған жат жерде әрі қарай шығармашылықпен айналысу. Ол екіншісін таңдады. Өйткені ол кезде Сталин: “Жау қолында тұтқында қалғандар болған жағдайға кінәлі емес. Елге қайтыңдар. Бостандық аласыңдар!” десе де, мына жақтан америкалықтар “Совет Одағына оралсаңдар, сотталасыңдар” деп қорқытып жатты. Отанына оралған жағдайда оны “cатқын”деп құқық қорғау органдары қудалауы, не ату жазасына кесуі әбден мүмкін еді,-дейді немере інісі Роман Рахиұлы.
Суретте:
Қазақтың тұңғыш скрипкашысы Әлім Алматов (Ғалымжан Әбсаламов)
*** Тұтқынға түскен кеңес солдаттарының, әсіресе, 1941 жылғы күз айындағылардың саны өте көп адамды қамтыды. 1990 жылғы КСРО Қорғаныс министрлігі деректері бойынша, 3 млн. 900 мыңнан астам адам кеңес солдатының неміс тұтқыны болғаны жөнінде мәлімет беріледі. Жалпы, соғыс жылдары француз тарихшысы Н.Верттің ақпараты бойынша, 6 млн.-ға жуық Кеңес Одағының тұрғындары тұтқындық қасіреттің дәмін басынан өткерген. Дәл осындай санды МҚК
мәліметі негізінде ізденуші, дипломат Б. Садықова да келтіреді. Бұл адам жанын түршіктіретіндей сан.
Ғалымжан Әбсаламов қалай Әлім Алматов болды?
Ғалымжан Әбсаламов Мұстафа Шоқайдың жары Мария Яковлевнаның кеңесімен түбі бір түркі еліне жол тартады. Сөйтіп, Ғалымжан Әбсаламов емес, Әлім Алмат болып кетеді. Өйткені түріктер Ғалымжан дегенді айта алмай, Әлім деп кеткен екен. Ал тегі ретінде атасының атын өзі алады. Кейін ноғай қызына үйленіп, балалы болғанда, өзінің әкесі Төремұраттың аты өлмесін деп, баласын Төре деп атайды. Кейін немересіне сол аттың Мұрат деген жалғасын береді. Осылайша аты арқылы ұрпақтың арасын жалғастырғандай болыпты. Бұның барлығы жат жерде сүйегі қалады, енді туған жердің топырағы бұйырмайтын болды деген, ешкімге айтпайтын, айтпаған, бірақ жүрек түбінде сақтап, өмір бойы жанына тыныштық бермеген мұң мен шерді білдіреді.
***Кеңес заманындағы дүрбелеңдерде Әлімнің арғы атасы Алмат сардар 1928 жылы алдымен кәмпескеге іліккен. (Сол тұста ел-жұрты: «Алмат әулетінің малы ортақ еді ғой» деп жылапты.) Одан соң — 1932-33 жылдардағы ашаршылық… Сосын 1937-нің ызғары соқты… Ұрпақтары да қуғын-сүргінге ұшырады. Бүгінде олар Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы облыстарында, Ресейде, Өзбекстанда Түркияда жүр.
1945 жылы Кеңес үкіметі кей жерде уәдемен, ал кейде күштеп бұрынғы лагерь тұтқындарын үйге қайта оралуға мәжбүрледі. Бірақ, ел басшылығының атынан берілген уәде тағы да өтірік болып шықты. Елге оралғандар қуғындалды, сотталды. Әлім Алмат та ( Ғалымжан Әбсаламов) елге қайтып оралу туралы көп толғанды. Бірақ туған даласын, туған Отанын, елін сағынса да, шет жерде қала беруді ұйғарады. Кейіннен хабар-ошарсыз кеткен ырғыздық скрипкашының аман-есен екендігі, қазіргі есімі алпысыншы жылдардың соңында ғана белгілі болады.
Қолынан келгенше көмектесіп тұрған Мария Шоқай Әлім Алматпен жиі хабарласып тұрыпты. Ол достарының көмегімен сүйген жарының басына ескерткіш орнатқанда, Әлім Алмат бел ортасында жүріпті. Мария Яковлевна Горина-Шоқай 1969 жылдың 15 сәуірінде Франция шіркеуінің пансионатында қайтыс болғанда, Халықаралық «Қызыл Крест» ұйымы Мария Шоқайдың өлімі туралы жеделхатты Ә. Алматқа жіберген екен.
Іштегі шерді кімге айтсын...
25 жылдан астам уақыт бойы Стамбулдың симфониялық оркестрінде скрипкашы болып,әлемге аты шыққан Ғалымжанды ертеректе, 70-ші
жылдары болса керек, туған ағасы қазақтың тұңғыш киноператоры Файзолла Әбсаламов іздеп барады. Тек 1992 жылы әлем қазақтарының І дүниежүзілік құрылтайы болып, атақты скрипкашыға елге жол түседі. Осылайша жарты ғасырдан соң ғана туған жеріне келе алады. Құрылтайдан соң Әлім Алмат Ырғызға арнайы соғады. Немере інісі Рахи Махановтың үйінде ағайын-туысымен қауышады.
Суретте:
Әлім Алматовтың отбасы.
Содан бері Түркияға, Стамбулға барған ақтөбеліктердің ішінде атақты скрипкашыға сәлем беруді ұмытпайтындар бар. Әлім ата оған қуанбаса, ренжімейді. Бізге де балаша қуанды. Өзін қалай тауып келгенімізді сұрады. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасында қызмет ететін атаның немере інісі Роман Рахиұлы «100 жасаған атаңның батасын алып қайт» деп, атаның баласы Төренің ұялы телефонын берген болатын. Алматы облысынан Стамбулда оқып жатқан Динара Қыдырмаева деген қыздың көмегімен, сол Төремен сөйлесіп, хабарласа отырып, мекен-жайын білдік, баратын уақытымызды белгіледік. Сөйтіп, шетте жүрсе де, Түркияға келген қазақтарға жол көрсетуден қашпайтын қарапайым қыздың көмегімен Стамбулдың бір шетінде ата тұратын үлкен үйді тауып бардым. Әлім ата Динараның да қолынан қысып, алғысын білдірді. Күтушісіне қазаққа тән қонақжайлығымен «шәй қойдың ба, қонақтарға шәй бер» деп тапсыруды да ұмытпады. 100 жасқа толған мерейтойында түскен суреттерді көрсетіп, «сенің журналыңнан мен туралы жазғаның шыққанша боламын ба, жоқ па, бір Аллаға аян. Тек оны балама, Төреге салып жіберерсің» деп нықтап тапсырды.
— Жүзге келген менде не ес бар дейсің, көп нәрсені ұмыттым, қарағым. Қазір айтайын деп отырғанымды, қазір ұмытып қаламын. Мына мен жайлы жазылғандарды оқып, болмаса сол Ақтөбедегі немере інім Романннан сұрап, журналыңа керекті алып, өзің толықтырып жазарсың, -деді. Кетерде қимағандай, бірдеңе айтқысы келгендей, қолымды жібермей ұстап, көп отырды. Аузымды ашсам, жылап жіберермін деді ме, тіл қатпады. Соны байқады ма, күтушісі:
—Шаршадыңыз, ата. Бұларға да қайту керек,-деп еді, тағы да қолымнан сүйді.
Атамен қош айтысып, есікке қарай беттедік. Артыма бұрылып, көз тастап едім, атай диванда шөккен күйі, қолын бұлғап отыр екен. Жүрегім шым ете қалды. Атаның ішіндегі енді орындалмас шер өзіме берілгендей, денем ауырлап кетті. Жастау кезінде атағы шығып, танымал болған соң көп нәрсеге мән бермеген болар. Әлде қуғын-сүргіннен қорқып қалған басы
туысқандарыма зияным тиіп кетер деп, жақ ашпай, іштен тынып жүруі де әбден мүмкін ғой. Бір ғасыр жасап, базары тарқаған шақта осыған дейін қанша тұрмысың жақсы болып, қанша атақты танымал болсаң да, шет жердегі бүкіл өмірдің туған жердегі бір күнге жетпесі жайлы ойламайтын сәті жоқ болар. Ең қиыны, сүйегіңнің туған жерден тысқары қалатындығын сезінудің ауыртпалығы жүрегінде жара болып сыздап тұрған шығар-ау. Бірақ... Бірақ ол туралы және Ырғыздың жусанды даласының жұпар иісін бір иіскеп, топырағына аунасам шіркін деген шерін ол кімге айтсын... Айтпайды да...
Бақыт Жаншаева, Ақтөбе-Стамбул-Ақтөбе