Бүгін №198 Ж.Нұрманов атындағы орта мектепте облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Халықаралық ана тілі күні аясында «Тіл – рухани қазына» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Үш тілде өткен шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы, этномәдени бірлестік мүшелері, түрлі этнос өкілдерінен құралған жоғары оқу орындарының студенттері мен қала мектептерінің оқушылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Айта кететіні, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен этнос оқушыларына мемлекеттік тілді оқытып, қоғамның рухани негізі болып табылатын ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында 2015 жылдан бастап «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы ұйымдастырылып келеді. Осы жоба аясында маңызы жоғары, өскелең ұрпақ үшін берері мол іс-шаралар өткізіліп келеді.
Кеш барысында алғы сөзді «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Асылбек Жұмабаев, №198 Ж.Нұрманов атындағы орта мектептің директоры Анжела Садықбекова, «Русская община Казахстана» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының жетекшісі Владимир Толоконников тілдерді дамыту – еліміздің мемлекеттік саясатының ең маңызды бағыттарының бірі екендігін ортаға салды.
Әдеби-музыкалық кеш барысында славян, татар, өзбек, корей, ағылшын, еврей, түрік және өзге де этностар өз ана тілдерінде ән шырқап, би билеп, қойылым қойды.
Шара соңында белсенділік танытып, өз өнерлерін ортаға салған мектеп ұжымдары марапатталып, мазмұнды кешті «Атамекен» әнімен қорытындылады.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі