Бүгінгі күні Алматы облысында 610 балабақша мен 412 шағын орталық жұмыс істесе, соның 70 %-і жекеменшіктің үлесінде. Балаларды қамту көрсеткіші - 95 %. Биылғы жылы бұл көрсеткішті 98 %-ке жетеді. Бұл туралы бүгін облыс тұрғындарының алдында есеп берген облыс әкімі Амандық Баталов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

А. Баталов атап өткендей, цифрландыру шеңберінде бірінші жартыжылдықта балаларды кезекке қоюдың электронды қызметі енгізіледі.

Сол сияқты облыста мемлекет қолдауының арқасында апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселелері шешімін таппақ. Мәселен, өткен жылы білім саласының 47 нысанының құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына 25,8 млрд. теңге қарастырылған. Соның ішінде 33 мектеп іске қосылды. Оның 28-і үш ауысымда оқытатын мектептің және біреуі Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы апатты мектептің  орнына салынды.

Өңір мектептері компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етілген, кең жолақты интернет желісіне 91 %-і қосылған, мектептердің 97,5 %-інде цифрлы білім беру ресурстары қолжетімді. Жаңа оқу жылында облыстың 8 мектебі жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытудың пилоттық жобасын бастамақ.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.