Қазақстандық белгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың біріне қатысты кейбір мәліметтер анықталды.

ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметі күдіктілердің бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлім еткен болатын. Күдікті, 1994 жылы Жамбыл облысында туған Нұралы Қиясов өзінің жасаған қылмысын мойындады.

Анықталғандай, Меркі ауылында туған 24 жастағы Нұралы Қиясовты 2017 жылы құқық қорғау органдары үш рет жауапқа тартқан. 

Атап айтқанда, өткен жылдың қаңтарында ол мас күйінде автокөлік басқарғаны үшін ұсталып, судья Рахат Разақовтың төрағалығымен Меркі соты оны үш жылға жүргізуші куәлігінен айырған: «Қиясов Нұралы Дәулетбекұлы 2017 жылғы 14 қаңтар күні таңертең сағат 07:38-де Жамбыл облысының Меркі ауылында «Мазда 626» маркалы машинаны мас күйінде жүргізген. 31 қаңтарда Меркі аудандық сотының қаулысымен үш жыл мерзімге жүргізуші құқығынан айырылған», - делінген ҚР Жоғарғы сотының «Сот кабинеті» сайтында.

Бұл ретте, оның сот отырысына қатыспағаны және келмеуінің себебін түсіндірмегені атап өтілген.

Наурыз айында Меркі аудандық сотының судьясы Абай Дәуренбековтің төрағалығымен тағы бір сот отырысы өтті. Ұрлыққа қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылаулары бір ай бойы жүрді. Сотталушыға машина аккумуляторы мен магнитофонын қолды етті деген екі ұрлық дерегі бойынша айып тағылды: «2017 жылғы 17 ақпан күні түнгі сағат 02:30 шамасында Д. Қиясов Меркіде ауылдасы А. Байназаровпен бірге көшеде келе жатқан. «Ауди-80» автомашинасын көріп, ешкім жоқта автомобильдің алдыңғы терезесін сындырып, 14 мың теңге тұратын DVD-плеерді, 2 мың теңге тұратын магнитофонды алған. 

Содан кейін автомашинаның капотын ашып, 8 мың теңге тұратын аккумуляторын ұрлаған. Жалпы материалдық залал 24 мың теңгені құрады. 

Бұдан соң ол ауылдасымен бірге оқиға орнынан ізін суытқан», - делінген іс материалдарында. Бірақ сотта тараптар келтірілген зиянды өтеу туралы келісімге келіп, жәбірленушілер ұрыны кешіргендіктен, сот оны бостандығынан айырмай, әкімшілік жазамен шектелген.

2017 жылы Нұралы Қиясов шағын несие ұйымына қарызы бойынша үшінші рет сот талқылауына тартылған. Қиясов 144 мың теңгеден астам сома берешек болған. 

16 қазанда Меркі аудандық сотының судьясы Еркін Кенбаев «KMF (КМФ)» Шағын несие ұйымы» ЖШС-нің Н.Д. Қиясовқа қатысты несиесінің, мемлекеттік баждың, сот шығындарын төлеу туралы талап арызын қарап», «... осы талап арыз бойынша азаматтық іс қозғау туралы» шешім шығарған. Ал 2018 жылдың 8 қаңтарында іс архивке жіберілген.