Құрық ауылынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан «Маңғыстау жері» елді-мекенінің тұрғыны Патима Күлниязова үйінің ауласына жеміс-жидектер мен көкөніс өнімдерін егіп, аудандық «Жасыл аула» жобасына қатысқалы отыр,- деп хабарлайды el24.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Патима Күлниязованың бағында алма, алмұрт, інжір, қарақат, өрік, шабдалы, шие, ақтал, қаратал, бұрыш, тұт, құс шиесі, құлпынай, жүзім, қызанақ, қияр өз өнімін берген. Бұдан бөлек, жапондық сұрыптағы сакура, роза гүлдері, жұпаргүл жайқалып тұр. Ол ауласындағы жасыл-желекті отбасымен бірге күтіп-баптап отыр. Енді еңбегінің жемісін байқауда көрмек.
Айта кетейік, «Жасыл аула» көркейту-көгалдандыру байқауы жыл сайын ұйымдастырылады.
- Байқау мақсаты - ауданның экологиялық жағдайын жақсарту. Қазіргі таңда байқауға ақпараттар мен жасыл аула фотосуреттерін қабылдау жүргізілуде. Барша тұрғынды конкурсқа қатысып, елді-мекеннің көркеюіне үлес қосуға шақырамыз,- деді Қарақия аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асан Чукин.