Ақтауда 25-қазан Республика күніне орай мотошеру ұйымдастырылды, деп хабарлайды el24.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға 10-нан астам мотоцикл жүргізушісі қатысты. Мотошеру Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен және «Маңғыстау жергілікті бастамалар орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілді.
Мотоцикл жүргізушілері көк байрақты желбіретіп, 1 сағат көлемінде қаланы аралады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған.
-Мотошерудің мақсаты - ұлттық мерекемізді ұлықтау, мемлекеттік туымызды насихаттау. Мотоцикл жүргізушілері «Ақбота» саябағынан бастап 18-шағын аудан және теңіз жағалауына дейін көк байрақты желбіретті. Қала тұрғындары мен қонақтарын 25-қазан Республика күнімен құттықтаймын!, - деді «Маңғыстау жергілікті бастамалар орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова.