(Қаза болған кеншілер рухына арналады)

-Әкем қайда, анашым?
-Жұмысында
Нәзік діріл байқалды тынысында.
Жұлқып-жұлқып жүрегін анасының,
Бір ақиқат кетті еріп тіл ұшында.


Содан кейін анасы тіл қатпады,
қанша уақыт көз жасын құрғатқалы.
Кезіп кетті үй ішін кешегідей,
Үнсіздіктің қалыпты ырғақтары.

-Сенің елің, жарығым – кеннің елі,
Сенің әкең сонда, - деп сендіреді.
Көндігеді бала да, қос жанары
Есік жаққа бәрібір телміреді.

Күнде үйінің қарайды бөлмелерін,
Бөлмелері айтады келмегенін.
Неткен ұзақ сапар бұл... Шыныменен
тым тереңде шығар-ау «кен» дегенің.

Әке, бәлкім, жол іздеп адастың ба?
Әлде, басқа мекенге жол аштың ба?
Әкем қайда, анашым, шыныңды айтшы,
Әкең сенің жұмыста, жер астында.

Ертең, балам, ертең дер анасы тек,
Ертеңге үміт артпауға шарасы жоқ.
Аймалайды шашынан ағайын-жұрт,
«Айналайын, кеншінің баласы» деп.

Сезді сонда жүрегі алғаш мұңды,
Күндер бірақ жылжуын жалғастырды.
Шыңнан әрі ұшуды бала арманы,
Шыңырауға түсуге алмастырды.

Жасыра алмай сыныпта сағынышын,
Бір аңсардың жалыны қарып ішін:
-Кенші болам, - деп жазды дәптеріне.
Әкесінің қасына бару үшін...
Табу үшін...

Дәулет Жадырасын