Маңғыстаудың маржанын шетелдіктер қалай сипаттады?
Маңғыстау өңіріндегі табиғи көркем жерлердің бірі – Бозжыра шатқалы. Бұл киелі мекен тек Қазақстан халқын ғана емес, әлем саяхатшыларының да назарын өзіне аударуда.
Жақында еліміздің батысына сапарлаған француз туристері Бозжыраның қайталанбас көрінісіне тәнті болып, оны «басқа планетаның пейзажына ұқсайды» деп бағалады.
Ғасырлар қойнауынан жеткен ғажайып
Бозжыра — ежелгі Тетис мұхитының орнында қалыптасқан, табиғаттың өзі сомдаған ғаламат көрініс. Устюрт үстіртінің баурайында орын тепкен бұл шатқалдың жер бедері ерекше: тік жартастар мен айға ұқсас беткейлер, «қасқыр тісі» аталып кеткен биіктігі 200 метрден асатын қос мұнара – бәрі де адамды ертегі әлеміне жетелейді. Француз саяхатшылары мұндай табиғи ғажайыпты бұрын-соңды еш жерде көрмегендерін айтып, әсерлерімен бөліскен,-деп хабарлайды el24.kz тілшісі.
Табиғатты аялау – басты ұстаным
2020 жылы Бозжырада қонақ үй салу бастамасы қоғамда қызу талқыланып, қоғам белсенділері мен экологтар жобаның экожүйеге зиян келтіретінін ескерткен болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың үнін ескеріп, бұл жобаны қайта қарауды тапсырды. Осыдан кейін шатқалды сақтау шаралары күшейтіліп, оның бірегейлігі мен тазалығын сақтау негізгі басымдыққа айналды.
Туризмге ашылған кең өріс
Қазіргі таңда Бозжыра — Қазақстан туризмінің брендіне айналып келеді. Мұнда келушілер жол талғамайтын көлікпен жетіп, жергілікті гидтердің көмегімен шатқалдың әр тасын, әр қырын танып-біле алады. Сонымен қатар, киіз үйде түнеп, ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақ мәдениетімен етене танысуға мүмкіндік бар.
Әлемге әйгілі мекенге айналуда
Бозжыраның сұлулығы шетелдік басылымдар мен блогерлердің, саяхатшылардың назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Француз қонақтарының айтқандай, мұндағы көрініс тек фотоға түсіруге ғана емес, рухани тынығуға, табиғатпен үндесуге арналған ерекше мекен.
Бозжыра — бұл Қазақстан табиғатының бренді. Оны сақтау – әрқайсымыздың борышымыз.