Фото Ulysmedia.kz тен алынды
el24.kz Танымал әнші Абай Бегейдің қызы Гүлеркем Бегей әлеуметтік желі арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырды деген күдікпен тағы да жұрт назарына ілікті.
Бұл жолғы ұтыс ойыны Instagram желісінде өткен. Ұтысқа қымбат сөмкелер, смартфондар мен косметикалық жиынтықтар тігілген,-деп хабарлайды el24.kz тілшісі.
Алайда желі қолданушылары арасында бұл лотереяның заңды негізде жүргізілгеніне күмән көп. Себебі, бұған дейін де дәл осындай әрекеті үшін Гүлеркемге ескерту жасалған болатын. Ол кезде құқық қорғау органдары ресми тергеу жүргізбеген, тек түсіндірумен шектелген еді. Ал бұл жолы жағдай қайталанып отыр.
«Гив» заңмен реттелуі тиіс
Заңгерлер бұл жағдайға алаңдаулы. Қазақстан Республикасының «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңы бойынша, лотерея – арнайы лицензиямен ғана өткізілуі тиіс қызмет. Рұқсатсыз ұйымдастырылған кез келген ұтыс ойыны заңсыз болып саналады және әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Гүлеркем Бегейдің лотереясы барысында қатысушылардан тіркелу үшін жарна жиналғаны туралы ақпараттар тарауда. Егер бұл деректер расталса, бұл істің тек онлайн ойын емес, тікелей қаржылық алаяқтық ретінде бағалануы да мүмкін.
Жеңімпаздар бар ма? Сыйлықтар кімге бұйырды?
Гүлеркем ұйымдастырған ұтыс ойынының нәтижелері де желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Кейбірі ұтыс жеңімпаздары туралы нақты ақпарат жарияланбағанын алға тартуда. Бұған дейін де дәл осындай форматта өткен «гивтен» кейін жеңімпаздар сыйлықтарын ала алмағанын айтып,шағым түсіргендер болған.
Соңғы сөз
Онлайн кеңістікте заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырушылар көбейіп барады. Көп жағдайда олар танымалдылық пен ықпалын пайдаланып, халық сеніміне кіріп,табыс көзін заңсыз жолмен табуға тырысады. Мұндай әрекеттерге тосқауыл қою үшін құзырлы органдар тарапынан нақты әрі әділ бақылау қажет.