фото видеодан скриншот жасап алынған

el24.kz Қызылорда облысы, Шиелі ауданында ақылға сыймайтын оқиға орын алды. Жергілікті мектепте мұғалім болып істейтін, намазхан ретінде танылған ер адам өз әйелін балтамен ұрып, саусақтарын шауып тастаған.

Бұл жөніндегі ақпарат әлеуметтік желілерде таралып,қоғамды дүрліктірді,-деп жазады el24.kz тілшісі.

Жәбірленуші ауыр халде аудандық ауруханаға жеткізіліп, жедел түрде операция жасалған. Дәрігерлер оның өміріне қауіп жоқ екенін айтқанымен, психологиялық және физикалық жарақаты терең.

Қылмыстық іс қозғалды

Оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша іс қозғалды. Құқық қорғау органдары күдіктіні қамауға алды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Полиция тарапынан оқиғаның барлық мән-жайы тексерілуде.

Мектептегі қауіпсіздік – үлкен сұрақ астында

Күдіктінің мұғалім екені белгілі болған соң, ата-аналар мен қоғам белсенділері білім беру саласындағы кадр саясатына алаңдаушылық білдіруде. «Баланың бойына ізгілік пен сабырлықты сіңіруі тиіс адам өзі отбасына қауіп төндірсе, бұл – тұтас жүйеге сын» дейді ата-аналар.

Дінге күйе жағуға болмайды

Желіде тараған «намаз оқитын адам қалайша осындай жауыздыққа барады?» деген пікірлерге дін мамандары жауап беруде. «Ислам – мейірім мен кешірім діні. Мұндай қылмысты дінмен байланыстыру дұрыс емес. Бұл – адамның ішкі күйі мен тәрбиесінің мәселесі» дейді теологтар.

Редакция ескертуі:
Біз бұл оқиғаға қатысты тексерілген, ресми деректерге ғана сүйенеміз. Қосымша мәліметтер мен тергеу нәтижелері белгілі болған сайын жаңалық толықтырылып отырады.