Маңғыстау ауданы аумағындағы Ман-Ата асуынан мал айдау жолының құрылысы басталды,-деп хабарлайды el24.kz тілшісі, қоғамдық коммуникация орталығы аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұзындығы 2 шақырым болатын жолдың құрылысын салу жұмысының мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы- мердігер «АЛАШ КОНСТРАКШН" ЖШС. Құрылыс жұмысын техникалық қадағалау «БатысМұнайҚұрылыс», авторлық қадағалау «ТМ ЖобаҚұрылыс» мекемесі еншісінде.
Аталған жобаны облыс, аудан әкімдеріне шаруа қожалық иелері бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Маусым сайын шаруа жайымен ойдан қырға, қырдан ойға көшу кезінде республикалық маңыздағы жолдан мал айдап өтуге тура келетін. Ал, бұл жағдайдың малға да, көлік қозғалысына да өзіндік кедергісі болып келді.
Айта кетейік, бұған дейін шаруалар ұсынысымен Бесбұлақ асуына жол салу жобасына мәслихаттың сессиясында жобалық - сметалық құжаттама жасақтауға қаржы бөлінетін болды.