el24.kz Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов алкоголь өнімдерінің қолжетімділігін барынша шектеу елдегі қылмыс деңгейін төмендетуге ықпал етеді деп санайды. Оның айтуынша, «Халық партиясы» фракциясы Үкіметке алкоголь сатылатын нақты орындарды ғана белгілеуді, ал басқа барлық жерде спирттік ішімдіктердің сатылымына толық тыйым салуды ұсынып отыр.
Депутаттың ұсынысына сәйкес, кешкі сағат 20:00-ден кейін дүкендерде алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сатуға тыйым салу, ал сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында ішімдік сатуды шектеу көзделген. Сонымен қатар, онлайн-сауда арқылы алкоголь өнімдерін өткізуге де толық тыйым салу қажет деп есептейді.
Магеррам Магеррамовтың айтуынша, бұл шаралар қоғамдағы зорлық-зомбылық пен ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ол ішкі істер министрлігінің ресми деректеріне сүйене отырып, елімізде әрбір екінші кісі өлтіру және әрбір үшінші зорлық-зомбылық фактісі мас күйде жасалатынын атап өтті.
Айта кетейік, бұл мәселені бұған дейін ішкі істер министрі Ержан Сәденов те көтерген болатын. Ол алкоголь өнімдерін қарапайым дүкендерден алып тастап, тек арнайы сауда орындарында ғана сатуды ұсынған еді.
Қазіргі таңда депутаттардың бастамасы талқылау сатысында. Алдағы уақытта алкоголь айналымына қатысты талаптар заңнамалық деңгейде қатаңдатылуы мүмкін.
