Халық қалаулысының айтуынша, заңмен шектеу қойылғанына қарамастан, атақ пен марапат сататындар да, оны сатып алатындар да азаймай отыр.
Оның мәліметінше, «Қазақстанның құрметті азаматы», «Ұлт ұстазы», «Еңбек сіңірген қызметкер» секілді беделді атақтар ашық немесе жасырын түрде 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейін сатылып келген.
Бұл келеңсіз үрдіс білім беру саласына да еніп кеткен. Депутаттың сөзінше, мектептерде «Ғасыр ұстазы», «Алаш ұстазы» сияқты атақтар ақшаға үлестіріліп, соның салдарынан мұғалімдер марапат саны үшін бір-бірімен жарыса бастаған. Мұның өзі білім саласындағы шынайы еңбек пен кәсіби беделге көлеңке түсіреді.
Мақсат Толықбай бұл бизнестің ауқымы тіпті салтанатты деңгейге жеткенін де атап өтті. Оның айтуынша, ұйымдастырушылар үлкен залдарды жалға алып, қызыл кілем төсеп, кәсіпкерлер мен мұғалімдерді сахнаға шығарып, салтанатты түрде марапаттайды. Кейбір марапат иелері қандай атақ алғанын өздері де түсінбей, әлеуметтік желі мен мессенджерлерде бір-бірін құттықтаумен шектеледі.
— Біздің пысықайлар әбден дәндеп алған. Тіпті үлкен залдарды жалға алып, салтанатты рәсім ұйымдастырады. Кәсіпкерден бастап мұғалімге дейін марапатталып жатыр. Не атақ алып жатқанын өздері де білмейді, — деді депутат.
Осыған байланысты Мақсат Толықбай мемлекеттік және қоғамдық наградалардың бірыңғай тіркелімін енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, мұндай қадам марапаттардың заңдылығын қамтамасыз етіп, атақтың абыройын сақтауға мүмкіндік береді.
