el24.kz АҚШ-тың беделді Washington Post газетінде Қазақстанның Маңғыстау облысының бірегей табиғаты мен көрікті жерлеріне арналған көлемді мақала жарық көрді.
Мақала авторы, америкалық журналист Дженнифер Мюллер Маңғыстаудың айға ұқсас ерекше пейзаждарын АҚШ-тағы әйгілі Монумент-Вэлли ұлттық паркімен салыстырып, өңір табиғатының қайталанбас сипатын жоғары бағалаған.
Журналистің жазуынша, Маңғыстау аумағы ерте замандарда Тетис мұхитының түбінде жатқан. Кейін жер қабаттарының қозғалысы мен Пангея құрлығының ыдырауы нәтижесінде су шегініп, мыңдаған жылдар бойы табиғи күштердің әсерінен алып геологиялық түзілімдер қалыптасқан.
«Біз тамашалаған алқапта қылыштай үшкір жартас-құздар, кең үстірттер мен иілген күмбездер бой көтеріп тұр. Бұл өңірдің ұзақ уақыт бойы қуаң әрі шөлді болғаны соншалық — миллиондаған жылдық тарихтың ізі әлі күнге дейін анық көрінеді», — деп жазады Дженнифер Мюллер.
Мақалада Маңғыстаудың табиғи нысандары — Бозжыра шатқалы, Жығылған мүйісі, Қызылқұм (Қызылкуп) алқабы және Торыштағы шар тәрізді тастар егжей-тегжейлі сипатталған. Автор бұл орындардың геологиялық тұрғыдан ғана емес, визуалды әсері жағынан да әлемдік деңгейдегі туристік нысандарға тең екенін атап өтеді.
Сондай-ақ журналист ұзақ уақыт бойы Маңғыстау өңірі халықаралық туристер назарынан тыс қалып келгенін жазады. Алайда соңғы жылдары бұл аймаққа деген қызығушылықтың арта бастағаны байқалады. Сапар барысында ол Ресей, Қытай және Италиядан келген туристермен кездескенін, ал америкалық саяхатшылар үшін Маңғыстау әлі де жаңадан ашылып жатқан бағыт екенін атап өткен.
Сарапшылардың пікірінше, Washington Post сияқты ықпалды басылымда жарық көрген бұл мақала Маңғыстау облысының халықаралық туристік имиджін нығайтып, өңірге шетелдік саяхатшылар ағынын арттыруға оң ықпал етуі мүмкін.
