el24.kz Өзбекстан Сенаты ажырасқаннан кейін ер азаматтарды бұрынғы әйелдерін баспанамен қамтамасыз етуге міндеттейтін заң жобасын қабылдады.
Заңға сәйкес, егер бұрынғы күйеуінің жеке тұрғын үйі болса, ол экс-жұбайына тұруға жарамды баспана ұсынуға міндетті. Ал егер ер адамның меншігінде жылжымайтын мүлік болмаса, ол бұрынғы әйеліне жалдамалы тұрғын үйдің ақысын төлеуі тиіс.
Аталған норма ажырасқан әйелдерді әлеуметтік тұрғыда қорғауға бағытталған. Заң шығарушылардың айтуынша, бұған дейін көптеген әйелдер некесі бұзылғаннан кейін баспанасыз қалып, әлеуметтік қиындықтарға тап болған. Жаңа заң осы мәселені жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты тағы бір маңызды өзгеріс енгізілді. Енді мұндай жағдайларда міндетті татуластыру немесе медиация рәсімі алынып тасталды. Бұл шешім жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды күшейтіп, ажырасу процесін жеңілдетуге бағытталған.
Өзбекстан билігі бұл бастаманы елдегі гендерлік теңдікті нығайту және әйелдердің әлеуметтік қауіпсіздігін арттыру жолындағы маңызды қадам ретінде бағалап отыр.
