el24.kz  Құлдықта болған Құндыз бен Назгүлге қатысты іс бойынша қоғамда резонанс тудырған жаңа бейнематериалдар тарады. Белгілі тележүргізуші Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында балалардың асыраушысы Зүлфия Төленованың қатысуымен түсірілген жағаұстатарлық видеоларды жариялады.

Жарияланған бейнежазбаларда асыраушының балаларға күш көрсетіп жатқан сәттері, сондай-ақ мас күйінде болған кадрлары көрінеді. Бұл материалдар қоғам арасында қызу талқылауға себеп болды.

Журналисттің мәліметінше, 2025 жылдың 29 желтоқсанында Зүлфия Төленоваға қатысты ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Арызданушылар — оның асыранды балалары. Балалардың айтуынша, асыраушысы алкогольдік ішімдік ішіп, олардың мазасын алып, бірнеше рет қол көтерген.

Аталған дерек бойынша қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құзырлы органдар істің барлық мән-жайын жан-жақты тексеріп, әрбір әрекетке заң аясында құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Бұл іс Жамбыл облысының полиция департаментінің бақылауында екені хабарланды. Қоғам өкілдері мен құқық қорғау органдары тергеудің әділ әрі ашық жүргізілуіне үміт білдіріп отыр.