el24.kz Шымкент қаласының орталық бөлігінде аса ауыр қылмыс тіркелді. Көшеде кездейсоқ жолыққан ер адам бөтен әйелге суық қарумен шабуыл жасап, салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.

Алдын ала мәліметке сәйкес, 41 жастағы әйел алған ауыр жарақаттарынан тіл тартпай кеткен. Қылмыс жасады деген күдікпен бұрын да сотты болған азамат ұсталды.

Күдіктінің алғашқы түсініктемесінде марқұмның түр-әлпеті ұнамағанын алға тартқаны хабарланды.

Оқиға орнынан қашуға әрекеттенген күдікті полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Осыған байланысты тәртіп сақшылары оны ұстау барысында қызметтік қару қолдануға мәжбүр болған. Нәтижесінде күдікті жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді.

Қазіргі уақытта ол ауруханада полицияның күзетінде жатыр. Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Арман Бейсенбаев жағдайға қатысты пікір білдірді:

— Күдікті медициналық мекемеге жеткізілді және полицияның тұрақты күзетінде. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деді ол.

Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайтынын мәлімдеді.