{jcomments on} 26 қазан күні «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының мәжіліс залында 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын іске асыру нәтижелері туралы партиялық тыңдау өтті.
Күн тәртібінде мемлекеттік бағдарлама аясында облыста атқарылған іс-шаралар, мемлекеттік және жеке меншік медицина мекемелеріне МӘМС жүйесін енгізу жұмыстары мен мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың дұрыс тамақтануы туралы мәселелер қаралды.
Партиялық тыңдауға облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттың депутаттары, Сайлауалды бағдарламаның «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша партиялық куратор комиссиясының мүшелері, облыстық мекеме, департамент басшылары, аудандық, қалалық аурухана басшылары, БПҰ төрағалары, аумақтық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, медицина саласының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, «Жас Отан» ЖҚ мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыс мемлекеттік саясаттың басты бағыты қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайту саласында бірлесіп күш жұмылдыруды үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Алматы облысының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының арасындағы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы серіктестік жөніндегі меморандумға қою рәсімінен басталды.
«Алматы облысында тұрғындар денсаулығы негізгі көрсеткіштерінің оңды динамикасы байқалып отыр: туберкулезбен сырқаттанушылық 100 мың адамға есептегенде 56,5-тен 48,9-ға дейін, қатерлі ісік ауруларынан өлім 100 мың адамға шаққанда 66,75-тен 59,49-ға дейін, жазатайым жағдайлардан, улану және жарақаттанудан 100 мың адамға есептегенде 77,12-ден 76,07-ге дейін төмендеді.
Жергілікті бюджет қаржысы есебінен облыстың медицина қызметкерлерін оқытуға 150,0 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді, бүгінгі күні құрамында 6 адам бар (неонаталды хирург, неонаталды анестезиолог-реаниматолог және неонаталды медбике) команда Израиль клиникаларында оқытылды. Облыстық перинаталдық орталықтың базасында Литвалық әріптестер гибрид зертхана ұйымдастырып, 30 маман оқудан өтті», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев.
«2017-2018 оқу жылында облыстағы 748 жалпы білім беретін мектептердің (интернаттық мекемелер санын қоспағанда 564-де, яғни 74,6% ыстық тамақтандыру ұйымдастырылып, онда 338 977 оқушы қамтылуда. Оның ішінде әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасынан шыққан 27533 оқушы 100% тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Асханасы жоқ 89 мектепте буфеттік тамақтандыру ұйымдастырылған.
Келесі оқу жылында жаңа ғимарат салу, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде тамақтандыруды ұйымдастыратын мектептер санын арттыру жоспарланып отыр», - деп хабарлады облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Тастандықызы.
Отырысты қорытындылай келе «Денсаулық» бағыты бойынша партиялық комиссия мүшелері бірнеше ұсынымдар беріп, олардың орындалуына қатаң қадағалау жасалынатынын ескертті.
Анықтама үшін: «Денсаулық» бағдарламасы шеңберінде 2020 жылға қарай Қазақстан Республикасы халқы өмір сүруінің күтілетін ұзақтығын 73 жасқа дейін арттыру; аналар өлім-жітімін – үш есе, нәрестелердің өлім-жітімін – екі есе, халықтың жалпы өлім-жітімін – 2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда 30% -ға; туберкулезден өлімге ұшырауды 100 мың адамға шаққанда 3,8 адамға дейін төмендету тапсырылған.