Бүгін Мағжан Жұмабаев атындағы АОӘҒ кітапхансында облыстық «Арқа ажары» газетінің 100 жылдығына орай «Тіршіліктің» ғасырлық ғұмыры» атты ашық сұхбат кеші өтті.

  Кеште Арқа ажары газетінің директоры Жабал Ерғалиұлының бастауымен редакция ұжымы қатысты. Ұлттық рухты оятуға, жастарды ғылым мен тәрбиеге, ізгілік пен парасаттылыққа шақыру мақсатында ұлттың рухани қажеттілігін өтеуге қызмет етіп отырған ұжыммен қаламыздың қалың жастары кездесуге келді.

 

  Жабал Ерғалиұлы 1917 жылы «Тіршіліктен» бастау алған «Арқа ажарының» тағлымға толы тарихына тоқталып, журналистика саласының қыр-сырын айтып, қызметкерлерінің әр қайсысын көпшілікке таныстырып өтті. Сонымен қатар Жабал Ерғалиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына жан-жақты тоқталып, егжей-тегжейлі талдау жасады. Бүгінгі еліміздің маңызды мәселелерінің бірі – латын әліпбиіне көшу. Жабал Ерғалиұлы латын әліпбиі турасында да оң пікірде екенін жеткізді.

 

  Газеттің бас редактор Қайырбай Төреғожа бастап, қалған журналистер мен бөлім меңгерушілері қостап, газет жөнінде өз ойларын, оқырмандарға деген тілектерін бұл жолы жазып емес, көзбе-көз отырып, аузша жеткізді. Ал, газеттің белді журналисі Ұлмекен Шәменова оқырмандарға әдемі өлеңін оқып берді.

 

  Әріптестерінің қуанышын бөлісіп, 100 жылдық мерейтойымен құттықтай келген қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев «Арқа ажары» газетінің ұжымына игі тілегін айтып, еңбектеріне жеміс тіледі. Кеш барысында газеттің тарихы, ғасыр бойы басқарған басшылары жайлы ақпараттар мен бас редакторларының жазған ұтымды мақалалары топтастырылған кітап көрмесін «Көпшілік іс-шаралар және қоғаммен байланыс бөлімінің» қызметкері Айнаш Ерубаева таныстырды. Кешке қатысқан Қазақ гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері «Арқа ажары» газетінің ұжымын мерейтоймен құттықтап, басшылары Ғалым Оразалиннің атынан сыйлықтарын табыс етті.

 

  Ал, кітапхана директорының міндетін атқарушы Галина Савенкова газет ұжымына алғысын айтып, еңбектеріне толағай табыс тілеп, жылы лебізін белдірді. Директордың орынбасары Мерген Тоқсанбай өз кезегінде осы газет қабырғасында журналистік қабілетін жетілдіріп, жазу стилін қалыптастырғанын айтып, осы саладағы ұстаздарына бас иетінін білдірді.