Атасының емес, Отанының ұлдарына айналған жас сарбаздар бір жыл азаматтық борышын өткізген әскери бөліммен қоштасты. Мектепте қолына қалам алып үйреніп, бөлімге келіп қару ұстаған олар үшін бұл қызметтің жөні бөлек. Әуе қорғанысы күштеріне қарасты 30153 әскери бөлімінде өткен салтанатты шығарып салу рәсімінде олардың бойын бір сезім билеп, толқып тұрды. Барлығы 30 сарбаз.
Мерзімді әскери қызметтегі ең үздіктері де осы шығарып салу, жауынгерлік тумен қоштасу рәсімінде дараланды. Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер жыл бойы өздерінің әскери мамандықтарын игеріп, жауынгерлік даярлықта айтулы нәтижелерге қол жеткізді, іс-тәжірибе барысында бірнеше мәрте жоғары жауынгерлік машығын көрсетті. Қарулы Күштер сапында қызмет етіп, үлгілі әскери тәртіп пен жауынгерлік және дене даярлығында көрсеткендеріне грамоталармен, алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен табысталды. Олардың бесеуі өз өмірлерін осы саламен байланыстырып, келісімшарт қызметімен жұмысқа қалмақ ниетте. Әскери саланың қиыны мен қызығын қатар алып жүруді армандаған бұл жігіттер енді Ақтау гарнизонына қарасты осы әскери бөлімде қызмет етеді. Соңғы рет әскери сапта жүріп, соңғы рет әскери асханадан дәм татты. Оларға арнап, әскери бөлімнің әйелдер кеңесі мерекелік дастархан ұйымдастырды.