Ұлттық академиялық кітапханада Өнертанушы-журналист Назерке Жұмабайдың «МЕН» ЖӘНЕ «БІЗ» егіз кітабының (twinbook) тұсаукесері өтті.
Кітапта Астана Жастар театры мен театрдың көркемдік жетекшісі, бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылық әлемі мен Жастар театры туралы баяндалады. Егіз кітаптың (twinbook) «МЕН» деп аталатын І бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылық әлемінің қыр-сыры жан-жақты әңгіме етіледі.
Өнер иесінің, актерлік пен ұстаздық жолынан бөлек, әсіресе, режиссура саласындағы өзіндік қолтаңбасы, яғни театр әлеміндегі соны сүрлеуі – шығармашылық «Мені» тереңнен талданып, бейнелі тілмен көркем сараптама жасалады. Ал «БІЗ» деп аталатын ІІ бөлімде биыл тарихына 10 жыл толтырып отырған елорданың төл перзенті – Астана қаласы Жастар театрының құрылу мен қалыптасу жолы кеңінен баяндалады. Жастар театрының соңғы 10 жыл көлемінде қазақ театр өнерінің дамуы мен жалпы шығармашылық деңгейіне қосқан үлесі театр репертуарындағы спектакльдерге арнайы сараптама жасала отырып, баға беріледі. Нақты дәйектер негізінде талданып, таразыланды. Кітап өнер оқу орындарының студенттері мен ұстаздарына, жалпы театрсүйер көпшілік оқырманға арналған.