Қазақстанда БЖЗҚ қаржысын офтальмологияға пайдалану өтінімдері уақытша тоқтатылды

 

 el24.kz Қазақстанда біржолғы зейнетақы төлемін (БЖЗҚ) пайдалану арқылы офтальмологиялық қызмет ақысын төлеуге өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды. Бұл туралы ақпарат «Отбасы банк» ресми хабарламасына негізделген.

Банк мәліметінше, өтінім қабылдаудың тоқтатылуына Денсаулық сақтау министрлігінің БЖЗҚ қаражатын емделуге пайдалану ережелеріне енгізген өзгерістері себеп болған. Жаңартылған талаптарға сәйкес, енді зейнетақы жинағын стоматология және офтальмология қызметтері үшін қолдануға рұқсат берілмейді.

Соған қарамастан, бүгінге дейін жіберілген барлық өтінімдер күшінде қалады және белгіленген тәртіппен қаралады.

Офтальмология бағыты бойынша қолда бар мәліметтер

Қазіргі уақытта «Отбасы банк» жүйесінде офтальмологиялық қызметтерге қатысты:

  • 15 808 өтінім тіркелген;

  • Жалпы сома — 13,3 млрд теңге;

  • Соның ішінде:

    • 5 131 өтінім (4,6 млрд теңге) тексеру кезеңінде;

    • 10 677 өтінім (8,7 млрд теңге) бойынша клиенттерден қосымша құжаттар сұратылған.

Банк өкілдері стоматологияға өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін офтальмология бағытына сұраныс күрт артқанын айтады.

15 қыркүйекке дейін айына орташа 174 өтінім мақұлданса, шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 7 есеге өсіп, 1 264 өтінімге дейін жеткен.

Күмәнді жағдайлар анықталды

Банк бірнеше күмәнді деректерді де тіркеген. Әртүрлі клиенттер бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасағанымен:

  • Құжаттарда клиниканың әртүрлі қалалардағы әртүрлі мекенжайларда орналасқаны көрсетілген;

  • Тексеру барысында аталған мекенжайлардың ешқайсысында ондай клиниканың мүлде жоқ екені анықталған.

Банк мұндай күмәнді схемаларға қатысты қосымша тексерулер жүргізіп жатыр.

БЖЗҚ қаражатын пайдалануға болатын қызметтер тізімі қысқарған жоқ

Стоматология мен офтальмология уақытша тоқтатылғанымен, азаматтар зейнетақының қолжетімді бөлігі арқылы әлі де бірқатар маңызды әрі күрделі ем түрлерін төлей алады. Олардың қатарында:

  • орфандық (сирек) ауруларды емдеу;

  • реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары;

  • радионуклидті және радио-йод терапия;

  • радиохирургиялық ем;

  • протондық терапия.

Бұл бағыттар бойынша бағдарлама өз жұмысын жалғастыруда және мыңдаған азаматқа денсаулыққа қатысты маңызды мәселелерін шешуге мүмкіндік беріп отыр.

Сатыбалды әулетінің бұрынғы активі – “Байсат” базары қайтадан саудаға шықты

 

    el24.kz Алматыдағы ең ірі көтерме-бөлшек сауда орындарының бірі саналатын «Байсат» базары қайтадан сатылымға шығарылды. Бұл нысан бұған дейін Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға тиесілі компаниялардың иелігінде болған және мемлекетке қайтарылған активтердің қатарында. «Байсат» базарының сатылымға шығарылуы E-Qazyna электронды аукционы арқылы жүзеге асатыны хабарланды.

Базардың бастапқы бағасы – 28,6 млрд теңге. Сауда-саттыққа қатысқысы келетіндер 2,8 млрд теңге көлемінде кепілдік жарна енгізуі тиіс.

Алайда 18 қарашада өткен алғашқы аукционда бұл нысанға бірде-бір өтінім түспеген. Бұған дейін де дәл осы нысан бірнеше рет саудаға қойылып, инвесторлар тарапынан қызығушылық болмаған еді. Қайтарылған активтерді басқару компаниясы алдағы уақытта активті қайта сату үшін жаңа сауда күнін белгілейтінін мәлімдеді.

«Байсат» базарының мемлекет иелігіне қайтарылуы Қайрат Сатыбалдыға және оның бақылауындағы компанияларға қатысты істің аясында жүзеге асқан. Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2024 жылы базардың мүлігіне қатысты кейбір мәмілелерді заңсыз деп танып, нысан мемлекетке өтті. Сот шешімімен бұрынғы меншік иелері – Сатыбалды әулетіне тиесілі компаниялар мен үлестер толық немесе жартылай мемлекеттік қорға қайтарылған.

Қазіргі сатылымға қойылған лоттың құжаттарына сәйкес, базардың жарғылық капиталы шамамен 26,3 млрд теңге деп көрсетілген. Нысанның соңғы есептік деректерінде 2,7 млрд теңге кіріс және 1,2 млрд теңге таза пайда көрсетілген, бұл оның бизнес ретінде табысты екендігін аңғартады. Соған қарамастан, алғашқы аукционның қызығушылық тудырмауы инвесторлардың бағалауына, нарық жағдайына немесе тәуекелдерге байланысты болуы мүмкін.

Мемлекет бұл активті сатудан түсетін қаражатты Арнайы мемлекеттік қорға аудармақ. Бұл қор әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталған. Сол себепті «Байсат» базарының сатылуы тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы бар оқиғаға айналып отыр. Қоғам үшін тиімділігі – бұрын сыбайлас жемқорлықпен байланысты активтерді қайта айналымға енгізу, сол арқылы бюджет кірісін арттырып, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру мүмкіндігі.

Қорыта айтқанда, «Байсат» базарының сатылымы – соңғы жылдары жүргізіліп жатқан заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару процесінің жалғасы. Инвесторлар қызығушылық танытқан жағдайда, бұл нысан мемлекет қазынасына қомақты қаржы әкелуі мүмкін. Ал әзірге базардың болашағы келесі аукционның нәтижесіне байланысты.

Іздеудегі адамдарды анықтайтын домофондар Қарағандыда қолданыла бастады

 

  el24.kz Қарағанды облысында цифрландыру бағытында жаңа жоба іске қосылды. Көпқабатты үйлердің кіреберістеріне іздеуде жүрген адамдарды автоматты түрде анықтай алатын «ақылды» домофондар орнатылуда. Жүйе күдікті азаматтарды камера арқылы танып, ақпаратты бірден полицияға жеткізеді.

Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің айтуынша, жаңа технология қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

«Домофондарды арнайы деректер базасына қосамыз. Егер іздеуде жүрген адам камераның алдынан өтсе, жүйе оны автоматты түрде танып, құқық қорғау органдарына сигнал жібереді», – деді Ильницкий.

Жоба өңірдегі цифрландыру бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша шамамен 4 мың бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. «Ақылды» домофондар осы жалпы бақылау жүйесімен біріктіріліп, нақты уақыт режимінде ақпарат алмасады.

Мамандардың айтуынша, бұл жүйе:

  • қылмыстық істер бойынша іздеуде жүрген адамдарды анықтау;

  • қауіпсіздік деңгейін арттыру;

  • көпқабатты үйлер тұрғындарының қорғалуын күшейту;

  • құқық қорғау органдарының жұмысын жеделдету мақсатында енгізілуде.

Жаңа домофондар орнатылған үйлердің саны кезең-кезеңмен артады деп күтілуде.

Маңғыстауда лауазымды полицейлерге қатысты шу: Ақтауға арнайы комиссия келді

 

   el24.kz  Маңғыстау облысында бірқатар лауазымды полицейлерге қатысты “қылмыстық топ құрды” деген айып төңірегінде тараған ақпарат қоғамда үлкен резонанс туғызды. Осыған байланысты Ақтауға арнайы комиссия келіп, тексеріс жұмыстары басталды.

Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл жағдай бойынша департамент басшысы Сағындық Аяғанов өзі бастама көтеріп, Ішкі істер министрлігіне және тиісті мемлекеттік органдарға интернетте таралған ақпараттың анықтығын тексеруді сұрап ресми өтініш жолдаған.

“Департамент басшысы қоғам алдында ашықтықты қамтамасыз ету үшін тексеру жұмыстарына мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерін тартуды ұсынды”, — деп хабарлады Маңғыстау ПД өкілі.

Қазіргі уақытта ІІМ тарапынан арнайы топ өңірге келіп, материалдарды зерттеуге кірісті. Тексеріс нәтижесі бойынша қосымша ақпарат ресми түрде жарияланатыны айтылды.

Маңғыстау Полиция департаменті қоғамды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырып, толық әрі нақты мәліметтер тек тексерістен кейін ұсынылатынын жеткізді.

Қазақстанда қысқы шиналары жоқ көліктерге айыппұл салынады

 

 el24.kz 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда автокөліктерді қысқы шиналарсыз басқаруға тыйым салынады. Қысқы шиналар көліктің барлық доңғалағына орнатылуы тиіс, ал протектор биіктігі 4 мм-ден кем болмауы қажет.

Бұл шара көліктің тежелуін тұрақтандыруға және тайғақ жолда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 5-бөліміне сәйкес, егер автокөлік 1 желтоқсан мен 1 наурыз аралығында қысқы шиналарсыз жүргізілсе, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, бұл шамамен 19 660 теңге. Ал егер ескерту еленбесе, айыппұл көлемі 20 АЕК-ке жетуі мүмкін, яғни 78 640 теңге.

Мамандар жүргізушілерді қысқы шиналарды уақытында ауыстыруға шақырады. Қысқы шиналардың болмауы тек заңға қайшы емес, сонымен бірге жолдағы апат қаупін де арттырады. Қосымша қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы автокөліктерді басқару кезінде тайғақтан немесе басқа төтенше жағдайлардан қорғауға болады.

Қарағанды облысында инкассатор көлігі апатқа ұшырап, жүргізуші көз жұмды

 

    el24.kz Қарағанды облысында инкассатор көлігі қатысқан ауыр жол апаты орын алып, бір адам қаза тапты. Оқиғаға қатысты ресми ақпаратты облыстық Полиция департаменті таратты.

Ведомство мәліметінше, жол апаты 2 желтоқсанда сағат 16:40-та Қарқаралы – Қарағайлы тасжолында болған. Алдын ала деректер бойынша, Toyota Camry маркалы көліктің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, қарсы бағыттағы Lada Largus көлігімен соқтығысқан. Соққы салдарынан инкассатор көлігі өртеніп кеткен.

Өртті сөндіру кезінде көліктің ішінен жүргізушінің денесі табылды. Ол алған жарақаттардан оқиға орнында көз жұмған.

Апат кезінде тағы екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер олардың жағдайын бақылауда ұстап отыр.

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап, қоғамдық талқылауға себеп болды.

Қазіргі уақытта апаттың нақты себебі анықталуда. Полиция жолдың жағдайы, көліктердің жылдамдығы және техникалық ақаулардың болуы секілді жайттарды зерттеп жатыр. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Лимон – қандай ауруға шалдықсаңыз да көмектесетін жеміс түрі. Өйткені оның құрамында дәрумендер, пайдалы элементтер көптеп кездеседі. Тамағыңыз, ішіңіз, тіпті бауырыңыз ауырса да бірден лимонды еске алыңыз. Қазір біз сіздердің назарларыңызға лимонмен емдеуге болатын 7 ауру түрін ұсынамыз. 

 Тамақ ауруы (ангина)

Тамағыңыз қатты ауырған кезде лимонның жартысын алып, қабығымен бірге жеңіз. Ащы, бірақ өте пайдалы. Сонымен қатар лимон шырынымен де тамағыңызды шайсаңыз болады. Ол үшін: Лимонның үштен бір бөлігін алып, сумен араластырып, тамағыңызды сағат сайын шайып тұрыңыз немесе күніне 3 рет тамағыңызға жағыңыз. 



 Бронх қабынуы (бронхит)

Егер бронх қабынуына дейін жетсе, онда 50 грамм үккіштен өткізілген ақжелкек пен 2-3 цитрустік жемістің шырынынынан сусын жасаңыз. Кейін соны шай қасықпен күніне бірнеше мәрте тұтынып көріңіз. Алайда артынан ештеңе ішпегеніңіз дұрыс. Сарымсақпен араласқан лимон сізге денсаулығыңызға күшті әсер етеді. Оны дайындау үшін сіз 5 лимон мен 4 сарымсақ бөлігіне 1 литр қайнаған су құйып, қақпағын қатты жауып, 5 тәулік мұздай, қараңғы жерде ұстауыңыз керек. Дайын болған соң күніне 3 рет тамақтан 20 минут бұрын шай қасықпен ішіңіз. 

 Жүрегіңіз айныса. 

Жүрегіңіз айнып, майлы тамақ жегеннен кейін құсқыңыз келсе, жарты лимонның шырыны мен жарты шай қасық ас содасын араластырып, ішсеңіз, ауруыңыз бірден басылады. 

Тұмау

Тұмау кезінде дәрілік шөптермен және лимонмен шай ішіңіз. Әсіресе жалбыз, қырмызы, шатыраш, қырықбуын, бақажапырақ секілді шөптермен ішкеніңіз жақсы. Мұндай қоспалар ағзаңыздағы кальций мөлшерін көбейтеді. Ал кальций қызуыңыз көтерілгенде керемет көмектеседі. 

Жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруы (атеросклероз) 

Бір ас қасық қарағай қылқанына бір стақан қайнаған су құйып, 30-60 минут суығанын күтіңіз. Дайын тұнбаны сүзгіден өткізіп, қабығы ашылған және ұнтақталған жарты лимонмен араластырып, күніне 3 рет тамаққа дейін тұтыныңыз. Емделу курсы – 15-20 күн. 

 Бауырдың қабынуы (гепатит)

Мұндай ауруға шалдықсаңыз, лимон суын немесе шырынын күн сайын міндетті түрде тұтынуыңыз керек. Ол лимонның қабығын аршып, екіге бөліп, үстіне қайнаған су құйып, 12 сағатқа қалдырыңыз. Дайын болған соң бір стақаннан аш қарынға ішуді ұмытпаңыз. 

 Артериялық қысымның төмендеуі (гипотония). 

Артериялық қан қысымыңыз жиі төмендесе, 5-6 лимонды еттартқаштан өткізіңіз. Дайын болған лимон езбесіне 100 грамм шағыр гүлінің жапырақтарын қосыңыз. Бұл дәрілік өсімдікті барлық дәріханадан табуға болады. Ботқаға бір литр қайнаған салқын су құйып, 36 сағат тоңазытқышқа салып, ашытыңыз. Содан кейін жарты килограмм бал қосып, барлығын жақсылап араластырып, қайтадан 25 сағатқа тоңазытқышқа қойыңыз. Тұнбаны тамақ ішуіңізге жарты сағат қалғанда күніне 4 реттен ішіңіз. Осылай 3 апта қайталасаңыз, ауруыңыздан біржола айығасыз. 

Лимон жоғарыда айтылған ауру түрлерінің алдын алуға көмектеседі. «Ауру айтып келмейді», - дегендей, бұл жемісті қай жерде жүрсеңіз де, өзіңізбен бірге алып жүруге тырысыңыз. Ем болсын!