Ауылымда «Бәкубәй айтты...» деген әзілі аралас ұтымды сөздер ел аузында. Бәкубай, белгілі драматург-жазушы Шахмет Құсайыновтың туған жиен ағасы.
Бәкубәйдің айтқан жатыпатар, жертесер әзіл-қалжыңын, шымшыма айтқыр сөздерін ел аузынан жинақтағанмын. Шынында ауылдастар Бәкубәйдің айтқан әзілдеріне жұбанатын. «Сөйлеп қалған ауыз жыбырлағанын қоймайды» дегендей, қалжың қағытпалары ауылдастарының мұң-мұқтажымен астасып жататын. Ол айналасына күлкі сыйлап, өзгені жадыратып, өзі де жадырап жүретін. Ел тірлігінің көлеңкелі жағын айта білу де кез келгеннің қолынан келе бермейді ғой. Ал кеттім...
1
Атығай Бәкубәй керей рулары мекен еткен ауылға қонаққа келеді. Бәкеңнің ділмәрлығына қанық ауыл адамдары оны сөзбен сүріндірейік деп, оған қарсы ауылдың «айтқыр» адамын дайындап қояды.
Бәкубәй қаннен-қаперсіз үйге кіре бергені сол еді «айтқыры» әй-шәй жоқ Бәкеңе дүрсе қоя берсе керек:
- Әй, Бәкубәй, Атығайда бір таз бар деуші еді, соның кім екенін білесің бе? - десе керек. Сонда Бәкубәй «айтқырдың» жанында отырған таз адамға көзі түсіп:
- Таздың жайын таз білер. Атығайдың тазын қасыңда отырған керейдің тазынан білерсің, - деген кезде «айтқыр» ауызын аша алмай қалыпты.
Олардың сөз тартысын тыңдап отырған таз адам «айтқырына» ашуланып ««Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар» деген, сөйлегенде ойланып сөйлемейсің бе. Атығай Бәкубайды сөзден сүріндірем деп, керей тазының басын жардың» деп ашуланып оны үйден қуып шыққан көрінеді.
2
Бірде келін түсірген үй Бәкубәйді шәй ішсін деп шақырады. Қысқа юбка киген келін Бәкеңе қарсы талтайып отырып шәй құяды. Шәй құйған келіннің бұл ерсі қылығын жақтырмаған ол: «Келін абыройыңның байғазысы міне, - деп кесеге ақша тастап, - енді дұрыс отырып шәйіңді құйшы», - деген екен.
2
Баласына көшпекші болып Бәкубәй кеңшар директорына барып көлік сұрайды. Сонда директор «Сен ақымақ шал екенсің, көктемгі егістік уақытында адам көше ме екен» депті.
Сонда Бәкубай тұрып «Сен де бір әулие жан екенсің, жас кезімде бір тәуіп ақылың жетпіске келгенде толады деп еді, қазір менің жасым 69-да ғой» деген екен.
3
Соғыс кезінде ұжымшарда қатал басқарма болды. Ол кісінің жаман әдеті, қыдырып жүріп әр үйден шай ішу болған екен. Бәкубәй ол кезде ұжымшардың сиырын бағады. Бастық оған «Сен сиырды дұрыс бақпайсың», - деп күнде ұрсады. Ол оның жөнсіз ұрысуын қойдыру үшін, аңдып жүріп, бұқаны басқарма шай ішіп отырған үйдің қорасына кіргізіп жіберіп, терезеге келіп айғай салыпты «Уау, үйде кім бар, қораңа кіріп кеткен бұқамды шығарып жіберіңдер. Атаңның аузын пәлен етейін, басқарма құсап көрінген үйге кіріп шықпай қояды», - деген екен. Содан кейін басқарма оған ұрсуын да, әр үйге барып шай ішуін де қойып кетіпті.
4
Ауылға келген уәкілге басшылық мініске байтал берген екен. Ол бірде асханаға түстікке келіп, астындағы атын отқа тұсап қоя береді. Түстіктен кейін далаға шықса, байталының тұсауы шешіліп кетіп, ұстатпайды. Уәкілдің байталмен жүргенін мін көрген Бәкубай: «Әй, қарғам-ай, енді байталыңды айғыр болып кісінеп жүріп ұстамасаң ұстатпас», - деген екен.
5
Ұжымшар төрағасы Бәкубайға «келген уәкілге жатар орын тауып бер» деп қолқа салыпты. Бәкубәй төрағаның сөзін жерге тастамай уәкілге:
- Бас жейтін үйге ме, әлде тіл жейтін үйге түскің келе ме?, - депті.
- Басты күнде жеп жүрмін ғой, тіл жейтін үйге түсір, - дейді уәкіл.
- Ендеше, үйге жүр, - деп Бәкең оны үйіне алып келіпті.
Уәкіл, ділмәр Бәкубайдың тіл үйірген әңгімесін тыңдаумен таң атып қалғанын байқап:
- Ау, ақсақал, тіл қайда? - деп аң-таң болса керек. Сонда Бәкубәй:
- Әй, қарғам-ай, келгеннен бері тіл жеп отырған жоқсың ба, - деген екен.
5
Бәкубәй қойды өргізіп келе жатса, бір қошқардың табынға ілесе алмай ақсап келе жатқанын көрген кеңшар директоры оның жанынан өтіп бара жатып машинасын тоқтатып: «Ақсақал-ау, мына қошқар неге ақсап келе жатыр?», - деп сұрайды. Сонда Бәкең: «Қазір біліп келейін», - деп қошқардың жанына барып қайтып келіп: «шырағым директор, бұл қошқар бір кезде осы қойлардың директоры едім, ендігі жағдайым мынау. Директор директормен сырлас болушы еді, өзі келіп жағдайымды неге білмейді деп ұрсып тастады», - деген екен. Сонда «Әй, саған дауа болмас», - деп директор ары қарай жүріп кетіпті.
6
Бәкубай қонаққа шақырған Шахмет Құсайыновтың жетінші қабатындағы пәтеріне шаршап-шалдығып жетіп: «Әй, Шахмет-ай, сені неге өте ақылды деп жүрсем, сен Ғайса пайғамбармен көрші тұрады екенсің ғой», - деген екен.
7
Бірде көрші ауылға қонаққа барған Бәкубәй мылжың адаммен табақтас болып, ол адам ана-мынаны айтып аузы жабылмаса керек. Оның мылжыңынан әбден мезі болған Бәкең: «бабаларымыз, жүйелеп көп сөйлесең шешен боларсың, жүйесіз көп сөйлесең мылжың боларсың деп бекер айтпаған екен», - депті.
8
Бірде Бәкубәй бас құда болып кіл кемпірлерді бастап құдалыққа барса керек. Құдасы үйіндегі қонақтарымен мақтанып: «Мынау отырған директор, әрірек отырған зоотехник, жанында отырғаны ветврач», - деп таныстырады. Сонда сөздің бет алысын байқаған Бәкубәй: «Иә, менімен келген кемпірлер де тегін емес. Жанымда отырған кемпір директорды, анау отырған кемпір мұғалімді, қарсы алдыңда отырған кемпір ауылнайды тапқан», - десе керек
9
Бәкубәй Алматыға барғанда үкімет басында қызмет атқарып отырған ауылдасының үйіне кіру үшін милицияның тексерістерінен өтіп ауылдасының үйіне кеш қарая кіріпті. Оны қуана қарсы алған жерлесіне: «Сені ел басқарып жүр десем, сен абақтыда отыр екенсің ғой», - десе керек.
10
Бәкубай ағасымен бір үйде тұрады. Мал дегеннен екі қошқары болады. Ағасы бір жаққа жолаушылап кеткен кезде, Бәкең біреуін сойып алады. Ағасы Бәкубайға ұрысып отырғанда үстеріне аудандық кеңестің төрағасы кіреді. Ол кісі ағалы –інілі екеуінің қабағын танып «неменеге ренжіп отырсыңдар?» - дейді. Сонда Бәкең «Осы үйде төрт қошқар бар еді, соның біреуі өліп, соған қазалы болып отырмыз», - деген екен.
11
Бәкубай жұмыстан шаршап келіп, үйінде телевизор көріп демалып жатса, сыртта шыққан дауыстарға елеңдеп не болып жатыр екен деп кемпірін жұмсапты. Сүйтсе, көршісінің сиыры өліп қалса керек. Содан Бәкубай «қой ұят болар барып келейін», - деп көршісінің үйіне кетіпті. Біраздан соң үйіне келген одан кемпірі қайта-қайта:
- Ауырып өліп пе, неден өліпті, - деп сұрап қоймайды.
Содан кемпіріне ашуланған Бәкубәй:
- Ауырып өлмей енді асылып өлді деймісің! - деген екен.
12
Бір күні Бәкубай жол жүріп бір үйге қонаға түскен екен. Үй иесі оған сылдыр тамақ құйып береді. Ол құйған тамақты әрі сапырып, бері сапырып отырып алса керек.
Оған шыдамаған үй иесі: «тамақ алсаңызшы, неге тамақ алмай отырсыз?» - дейді.
Сонда Бәкубәй: «Тамағымның ішінен бір етті көріп едім соны ұстай алмай отырмын», - деген екен.
13
Бір күні Аяш пен Бәкубәй ат-шанамен жол жүріп келе жатады. Жол бойы Аяш әңгімені бірінен соң бірін қоздатып, жанындағы Бәкеңе сөз бермей қояды. Сонда Бәкубәй:
– Әй, Аяш, сенде үтір мен нүкте болмай ма, енді мен сөйлейін, аузым тоңып барады! – деген екен.
14
Уақ-Заря колхозы орыс-қазақ қоныстанған ауыл болатын. Орыс араласқан соң көкөніс егіледі. Сол жылы көкөніс мол шықса керек.
Балалар көкөніс сұрап жылай берген соң, түнде жұртқа көрінбей, әкеліп бере қояйын деп бақшаға келіпті.
Қапты көкөніске толтырып кете беремін дегенде қапелімде бір салт аттының келіп қалғанын көреді. Бәкең қапты тастай салып, етпетінен жата кетіпті. Салт атты колхоздың төрағасы екен.
– Уа, кімсің?
– Бәкубәймін.
- Не қылып жатырсың?
– Өліп жатырмын.
– – Тұрсайшы.
– – Өлген кісі тұра ма?!
Оның қылжақбас екенін білетін басқарма үнсіз кетіп қалыпты.
15
Таң атқанша үйінде карта ойналып жатқанына шыдамы таусылған Бәкубәйдің бәйбішесі:
- Шалым, үйде карта ойнағанды қашан қоясың? – депті. Сонда Бәкең:
- Әй, қатын, айқайлама, енді бұл біздің үй емес, - деген екен.
16
Бәкубәйдің кемпірі бақилық болғаннан кейін ол науқастанып қалыпты. Ағайындарының апармаған дәрігері қалмапты. Бір күні оны бір емшіге көрсетіпті. Емші Бәкеңді тексеріп көріп, ағайындарына:
- Ақсақалдың ауруы жалғыздықтан екен, сендер бұл кісіні жазылсын десеңдер, бір кемпір тауып беріңдер, - депті. Мұны естіген ағайындары тәуіпке «Біздің бір шалды бағуға шамамыз келеді», - деп шамданыпты.
Сонда Бәкең: «Ағайындар, бұл емші өте мықты тәуіп пе деймін, осының айтқанын бір сынап көрмейсіңдер ме!», - деген екен.
17
Бәкең орта жасқа жеткенде бәйгеге шабамын деп атқа қонды. Оның бұл ісін құп көрмей құрдастары: «Құрдас, бәйгені жастарға берсейші қайтесің» дегендерін тыңдамай жарысқа түсіп, аттан құлап, ес-түсінен айырылып, оны ауруханаға апарады. Емделіп, үйіне келген соң, көңілін сұрап келген құрдастары:
– Иә, қалайсың? Дәрігерлер не деді?
– Миың жоқ екен, әйтпесе, қатты шайқалатын еді, деп айтты, - деген екен.
18
Құрдасы Бәкеңнің сөзге тапқырлығын байқамақ болып:
— Бәке, мынау бір сом мен бір тиын. Осының қайсысы көп, соны айтшы?
Бәкубай құрдасының сынағанын сезіп:
— Әрине, бір тиын көп, — депті. Құрдасы таңғалып:
— Неге бір тиынды көп дейсің? Себебін айтшы?
— Себебі, бір сом дегенде алты әріп, ал бір тиын дегенде жеті әріп бар. Өзің айтшы алты көп пе, жеті көп пе,- деп сөз тауып кетіпті.
Ерсін Ерғалиев