Мейрамбек Әміртай
Баласымын шопанның атқа мінген,
Бірақ шорқақ емеспін хатқа мүлдем.
Мен шынайы тырысам түсінуге,
Тіршілікті, тіріні бақта жүрген.
Жер үстінде жүргесін еңбек етем,
Ел үшін деп буылған белде бекем.
Қалам болып түбі адам, бұл өмірге,
Адам болып ақыры келген екем.
Торабында жолдардың тосқауыл мың,
Адасқанда, қамшыдай ос дауыл күн.
Жүрегіммен аялап жүрегіммен,
Бəрін жақсы көремін дос-бауырдың
Кінəласың
Д.Олжағалиға
Дəке, менің бар еді пенделігім,
Шет жағасын білесің сенде мұның.
Мен сүйгелі сол қызды есім ауды,
Сыймай жүрмін. Сыйымды ем елге бұрын!
Оянды өмір кеудемде, оянды үміт,
(Үрей қашты санадан қоян бүлік!)
Бір жарыста жүргендей таласамын,
Қызғанышқа қоямын бой алдырып.
Биікте едім,
Ірі едім.
(Құсап қалдым,)
Елемегем ешбірін құшақтардың.
Өзім сүйген алдында сезімімнің,
Ақылымды ат тепті. Ұсақталдым!
Емшек жоқ қой балаға жыламаса,
Сезім , сезім бола ма сынамаса?!
Өкпелесе, өкпелеп жүре берсін,
Кінəласын жүректі, кінəласа!
.
Түсінбей-ақ өтейікші
Келмеп еді жыр жазғымда, жырлағым,
Сен ұйқымды сұлулықпен ұрладың.
Қайта өлеңге бүгін міне ден қойдым,
Жеткізуім үшін жүрек сырларын.
Арпалысып жүргенімде күндермен,
Көктем мені тағы алдай ма бұл келген?
Қайтсем екен жүрегімді Құдай-ау,
Елден бұрын ғашық болып үлгерген?!
Жаңбыр әлі көз алдымда сол сәттік,
Мұң-қайғы да емес және ол шаттық.
Бір жүректі бөліп кетер жол жатты,
Бөлді және hәм екіге, сорлатты..
Енді біздің тоғысатын нүктеміз
Бар ма жаным? (Демегейсің күтпеңіз!)
Енді біздер кезікпесек , бұл жайлы,
Түсінбей-ақ өтейікші түкте қыз!