Жеткер Жүсіп

"Сезіммен" алысып,"Ақ шағалаға" сыр айтып,"Қасқабас қасқалдаққа" мұң шағып,"Тарт алдыға арман кемем" деген өлеңінде "Жалғанды жалған десем,қашпай ма арман менен?!" деп өзі айтпақшы  ауруға бой алдырмай әлі -ақ бәрін жеңіп ортамызға оралады деген сеніммен,Жеткер Жүсіптің бірнеше өлеңдерін жариялап отырмыз.

Кім ұққан ғашық жайын,
О менің, асыл Айым?
Зарығып кездескенде,
Кеудеңе асылайын

Сағынған сезімдерім,
Таусылған төзімдерім.
Ұйқымды түнге ұрлатып,
Уайым сұрқымды алып,
Сені ойлап көз ілмедім,
Кімге айтып,кімге барам,

Жанымның күйзелгенін?
Жүректің езілгенін.
Жанардан тамшы болып,
Моншақтар үзілгенін?!
Өмірді көркем еткен,
Үмітті желкен еткем.

Ерітіп еркелеткен,
Ып-ыстық сезімдерден.
Мен сонда сені іздедім.....
Шырмалып,тұсалдым ба,
Ай ару, ұшар шыңда.

Арманым болмас еді-ау,
Тұншықсам құшағыңда.
Қызыл шоқ,өрттен кеуде,
Алаулап сен деп күнде.

Дүние таңғажайып,
Шаңырақ шуақ шашқан.
Қайғы мұң тұра қашқан.
Мінезім аласұрған,

Сабырға құлақ асқан.
Жадырап сен келгенде!
Аяулы асыл Айым,
Арбалған асау күшті,

Қай жерге жасырайын?!
Жанымды жалын еткен,
Жүрекке нәрін еккен
Аңсадым сені көптен

Сыбырлап сезім көктен
Сағыныш нұрын төккен!
Алысқан ағындармен
Ақ айдын шалқып берсін,

Көлдер де өлі көптен.
Жібісін ерін кепкен,
Не деген керемет ең-

Өмір неткен!
Тағдырымды,
Өзіңмен көңілді еткен!!!!

 

АҚ ШАҒАЛА

Бақ құсы бұйырмапты басқа маған,

Сол шығар,артық көрем басқалардан?!

Жанымды қоярға жер таппағанда-
Сырымды бөлісетін аяулы ақ шағалам?!

Теңіздің төбесінде қанатың талмай ұшып,
Үзілген үмітімді,сенімге жалғаймысың?
Сені іздеп жағалауға тағы келдім-
Барсың ба,аманбысың арман құсым?!

Өзіңмен көңіл-күйім жаңғырады,
Білмеймін нені аңсап сағынады?!
Буырқанған шағымда жүрек теңіз-
Жанымды әкеп,менің де жарға ұрады.

Қарсы жүзем,қайтадан ағыстарға,
Киелі жағалауым,тек менен алыстама.
Мен жерде,сен көктесің ақ шағалам,
Мендегі ақ арманды,алып ұш алыстарға...

 

ҚАСҚАБАС ҚАСҚАЛДАҚ

Жаз бітті,күз салды баспалдақ,
Әндетіп құс қайтты аспандап.
Шүрегей алдымен кетті ұшып,

Қалды тек көлінде қасқалдақ.
Қасқалдақ қасқабас қапқара,
Өз көлің өзіңе болмады баспана.
Шүрегей,шалшықшы сасық құс,
Жаз бойы көліңе аунады масқара!

Қасиетті қарабауырым-ау,қасқабас
Мұнан былай көліңді бермеші басқаға.
Ол сенің баспанаң,бас қалаң,астанаң
Той бітті,таусылды мәз жаздың өлеңі,
Қамысты паналап,қыстайсың сен енді.

Жаныңда жоқ сенің арамдық,жамандық
Қыраулы күндерден аязды түндерден
Қара бауырым қасқалдақ аман шық,аман шық.
Ешкімді шығармашы төріңе,ие бол көліңе...

 

Алға тарт арман кемем

Жалғанды жалған десем,
Қашпай ма арман менен?!
Дес бермей дауылдарға,
Жүз алға арман кемем!

Қайраңға қайырлама,
Желкенің жығылмасын
Алдыңда айсберг
Тұмсығың ұрылмасын

Бағдаршам бағым болып,
Ақ тілек орындалсын!
Арманым саған сенем,
Сезімді баурап терең

Жанымды жаулап өлең
Өзіңмен алыстарға
Армандап самғап келем.
Бағым бар бұйырмаған

Тағдырым шиырланған
Жоғалтқан бақытымды
Өзіңмен іздеп келем
Шабытым сый сыйлаған

Өлеңді қишы маған
Қалғанын алдан көрем
Аман бол,арман кемем!
Жалғанды жалған десем,

Әдірә қалмайды ма?
Арманды арман десем,
Әлде ол алдайды ма?
Жүректе есер өлең,
Көремін пешенеден
Алға тарт арман кемем...