«Керемет!» деп ойлаушы еді ел мені,
Елге қайта оралғаным ұят-ты.
Кешегі өмір кереметін бермеді,
Бүгінгі өмір өзгешелеу сияқты.
Кешегі күн кетті алысқа бөгелмей,
Қайығына мініп алып қайғының.
«Сен де мендей жалғызбысың?» дегендей,
Тереземнен телміреді Ай бүгін.
Бұлдыр-бұлдыр, бұлдыр-бұлдыр бұлыңғыр,
Нәпсім менен иманымның арасы.
Құлдыраңдап қырға шыққан құлын-жыр,
Құбылаңа қарашы!
Өмір осы – ақ-қарасы алысқан,
Сөйлем сынды нүктесі бар соңында.
Бір арманым бұлдырайды алыстан,
Бір арманым - алаяқтың қолында.
Сынақ өмір сырғып-сырғып өтерсің,
Көзімдегі көл түбінде үміт бар.
Жаяу қусам жеткізеді ме екенсің,
Ауыл жаққа қайтқан ару - бұлттар.
Жаратқанның жалғасуда сынағы,
Ұяңдықтың бәрі қалды ұямда.
Кетіп қалғым келеді де тұрады,
Ит арқасы қиянға.
Жарқын күнді жүргеніммен ұмытпай,
Мына заман - алаяқтың заманы.
Түнереді күздігүнгі бұлттай,
Тас қаланың тасмейірлеу адамы.
Таза сақтап «өлең» дейтін тұмарды,
Тіршілігім үшін тынбай күрескем.
Ізгі ойымның бәрін жоққа шығарды,
Ірі ағалар ібіліске ілескен.
Сағым жолда сайрап жатыр іздерім,
Мағынасыз ғұмыр берді маған мұң.
Жарым түнде жанарымды іздедім,
Жаулығымен анамның.
Бір қайғыма бір қайғы кеп жамалып,
Мазасыздау күй кешемін үнемі.
Қазығұрттың басындағы қара бұлт,
Жүрегіме түнеді ...
Келелі ойлар жүрегіме жиналды,
Келер күннен күтіп жүрген несіпті.
Аллаһ үйі сенен таптым иманды,
...Кеше бірақ тонап кетті мешітті.
Бәңгі ақынның басындағы хәл мынау:
Жақсы үміттер ақталмады жат елде.
Өлең-досты өкпелетіп алдым-ау,
Пәтерлерден көшіп жүріп пәтерге.
Көзді жұмсам, көкжиектен көрерім,
Шыңыраудан шығыр тартқан терең ой.
Өгейленіп кеттің әбден өлеңім,
Құшақтайын. Келе ғой ...
Асан Үсіпов
2011 жыл