Ізгілік - сүюден басталар,
Сүйемін орманды, көлімді.
"Сұм жалған" десе де басқалар,
Мен жақсы көремін өмірді.
Секілді ғасырлар елесі,
Шыңында жататын қар мәңгі.
Қалған соң Нұх мінген кемесі,
Мен жақсы көремін тауларды.
Көбігі күміспен зерленген,
Тіршілік қайнары негізгі.
Хазірет Мусаға жол берген,
Мен жақсы көремін теңізді.
Құрыққа түскенде құрақ бұлт,
Шарасыз шарлатқан даламды.
Сүлеймен мінген соң пырақ қып,
Мен жақсы көремін самалды.
Көрсетіп ақ пенен қараны,
Сыйлайтын түн менен елге күн.
Тиген соң Мұхаммед табаны,
Мен жақсы көремін жер бетін.
Сүйсініп қараймын сәуірге,
Қаңтардың білемін қадірін.
Мен жақсы көремін бәрін де,
Жаратқан болғасын Тәңірім.
Алтынбек ИБРАГИМ
Айтыскер - ақын