Түлкінің айласы

 

     Аспан айналып жерге түсердей ыстық.Бұл кезде дала қосындағы жер кепеге тығылады дихан біткен. Салқын түспей қыбыр етпейді бір жан.Әдетте осы уақытты  пайдаланып егіс алқабындағы жармаға кеп, бір түлкі күнде су ішеді,шомылады.Және дәл уақытында,кешікпейтінін  айтсаңызшы!

     Түлкі демекші оның құлпыратын кезі қарға аунағанда ғой,жарықтық. «Қарға аунаған түлкідей құлпырасың» дейтін  сөз  сонан  қалған.Ал көктем,жаз кезінде олардың  жүні ала құла,сабалақ-сабалақ.Дегенмен қоңы жақсы болса терісі  сыр бермейтіні де кездесіп жатады.

    Соныменен жұрттың  ыстықтан  жым-жырт  болатын  сәтін  пайдаланып жармадан су ішуге келетін түлкіні аңдыдым. Не істер екен деп. Егіс алқабының  оң түстік жағындағы қалың  шабылдан тұмсығы сорайып ол да шыға келді.Аяғын санап басып,жан жағына сақтана қарап, мен  жатқан қостың  алдынан өтті.  Сөйтіп су тола жармаға қарай бет алды.Мен  де бір шама уақыттан соң сыбдыр қақтырмай ық  жағын ала  бере  ізіне түстім.Әккіс  неме арықтан  төмен түсіп  көрінбей кетті. Жымын білдірмей мен де қалыңды тасалып жеттім.

     О,тоба!Түлкінің тек  басы ғана көрінеді.Тұла бойын түгел батырған суға.Аузында бір уыс доп домалақ жүн тістеп алған! Бір кездее ол әлгі жүнді судың ағысына жібере салды. Сөйтті де сілкініп - сілкініп судан шықты да келген жағына қарай  жөңкіп кете барды.

    Солай бірнеше аңдығаннан кейін білдім.Бүргелейді екен түлкі.Бар денесін суға батырған кезде,бүрге біткен ана тістеген бір уыс жүнге үймелейді екен.Әбден болды-ау дегенде оны жіберіп қалады да судан шыға келеді,сілкініп...


 

 

БОРСЫҚ

 

      Сырда борсық көп. Ізі кішкене баланың ізі секілді. Пісімшіліктің кезінде ең бірінші піскен әңгелектен ең бірінші «ауыз тиетін» де сол,түнде.Бірақ ана шибөрі сияқты оңбаған  емес  шашпай  төкпей  бүлдірмей «мәдениетті» түрде жеп  кетеді! Қатты  піскен түйнекті бір жерден  ғана тырнағымен тесіп,ішін үңгіп жейді де төңкерңп кетеді.Тіпте білмей қаласың. «О, алақай міне піскен қауын!» деп балалар оны пәлектен үзіп көтеріп кеп қалғанда іші бос, борсық үңгіп жеп кеткендігін бір-ақ көресің...

    Сол бір көктемде екі борсық көктөбеге қоныстанды. Қол босаған кезде барып,байқатпай көріп қоямын, қызықтап. Іші жер сүзіп жүргені ұрғашы болуы мүмкін.Ал, еркегі ін қазып, тыныштық  таппайтыны  болар деп шамаладым. Өйткені тым шаруақор көрдім.

Қызық екеуіне үш  ін қазыпты.Біріншісі үлкендеу, екіншісі шағын үшіншісі тым үлкен. Кейін білдім. Бірінші інге еркегі  түнімен жүріп шөптің тамырын жинайды да күндіз дем алады екен .Шағыны « асханасы» .Бар шөптің тамырын сол інге жинастырған, кәдімгідей қалап тұрып.Үшінші тым үлкен інде  ұрғашысы жалғыз өзі аунап қунап жатады, керіліп...Болашақ балаларымен асыр салатын «залы» іспетті.

   Бір шамау уақыттан соң  ұрғашысы үш балпанақ туды.Балпаң -балпаң асыр сап ойнайды кеп .Бұл олар сақтықты күшейтеді.Тысыр  етсе  жымжылас  інге кіріп  шықпай қояды. Сондықтан тек оларды дүрбі арқылы алыстан қызықтаймын.Сүп сүйкімді балаларымен анасы асыр салып ойнағаны қандай тамаша! Мойнына асылып, еркелегенде мейріміне тәнті боласың .Ет бауырың елжіреп кетеді, хайуанның махаббат сүйіспеншілігіне таңданып.

Ал, «әкесі» оларға түнімен азық теріп келеді. Сан мың шөптің тамырын.Сондықтан борсықтың етін майын  терісін баға жетпес ем ретінде біледі.Ол інге тек артымен  теріс  жататын болғандықтан оны «харамға» шығарған  деген  әңгіме бар.

Жә, томпаң -томпаң мына балпанақтарды-ай, алысып -жұлысып ойнап жүр.Анда -санда ұйықтап жатқан «әкесін» де бір жұлқылап кетеді. Ал,анасы болса да солардың қасында қай  кезде де. Тағы бір қызығы олардың әжетханасы індерінен алыстау. Бір шұқыр қазылған,қалыңның ішінен. Соған барып  дәрет сындырады, бәрі де. Ана кішкентайларын да алғашқы уақытта солай  үйретеді  ерітіп  апарып. Табиғат ананың тылсым қызықтарына тоймайсың қарап тұрып.Он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла шексіз ғой,шексіз,,,,,


 

 

АҚ ҚҰЛЫННЫҢ АЖАЛЫ

 

Көктем туып, көк шыққан шақ. Сол жылы дихандар «Бидай көл»` жаққа егін салды. Таңның атысы, күннің батысы, егінші үшін қарбалас кезең Көктемнің бір күні болса да жылға  азық  .Құлаштай  кетпен  сілтеген диханның қимылын  қосқа  қара болсын деп ерітіп келген ұлы Нұрланның даусы бөлді.

-Көке, анаң қара! Баласы төбе тұсты нұсқап тұр. Қараса жусан жапқан төбенің етегінде  жаңа туған аппақ  құлынды жалап бір бие тұр. Әлде, түнде туды ма.жарықтық? Жүзіктің көзінен өтердей сүп –сүйкімді .Ақ құлын аяғын әнтек-әнтек басады да шатқаяқтап барып, жата кетеді. Қайта тұрады, қайта құлайды. Қызық......

   ...Сонан құлынын ерткен боз бие сол құм төбені бірер күн  мекен етті. Жануар жылқыдан өткен  мүсінді  тұяқты бар ма?! Жанары мөп-мөлдір, тұңғиығынан  көк  аспан  көрінеді. Әкелі-балалы  екеудің бұл сұлулық « көрмесіне » айналды. Таңертең  тұрысымен бір сәт жанына жақындау барып қызықтайды,екеуі.

   ...Бір түні шырт ұйқыда жатқан диханды шұрқыраған  дауыс  оятты. Ішегін тартқан Сырдың жынды желі, өзінше өзеуреп тұр екен. Әрі бері тың тыңдаған оның құлағына әрі қарай ештеңе шалына қоймады. Күндізгі  күйбең тіріліктен қалжыраған ол, ұлының ашық қалған көрпесін қымтап, жастыққа басын қайта қойды.

 Ертеңгісін ерте тұрған дихан  дауыстың тегін  еместігіне көзі жетті. Анадай жерде ақ  құлын  қанға  бөгіп  жатыр. Ілгері  басқан  аяғы  құрғыры  кері кетіп, қасына әзер келді. Көк бие жоқ. Маңайдың бәрі  топырлаған жым Баттасқан із. Құм төбенің астан кестеңі шыққан. Бейбақ бие түнімен құлынын  торуылдаған  жыртқыштармен  аяусыз  арпалысқан.Оның көрінісі құм бетінде сайрап жатыр. Жер тарпыған ойдым-ойдым тұяқ іздері  Ойқастан опырылған жусан түбірлерінің жүн жүні шығып жатыр.

Не болғанда да өжет биенің таң алдында қалғып кеткен қас қағым сәтін дөп басқан қанды ауыздар....Қапысын тауып, ақ құлынның ажалына жетіпті, қорқаулар...

...Жүрегі қан жылаған дихан, әлем тапырық күй кешті. Көзі жасаурап, екі иығы  жүнжіп, қос жаққа қарады.Сөйтсе  ұлы да сыртқа шығып, бұл көрініске қарап қапты,аңтарылып. Көйлегінің жеңімен көз жасын сүртіп, өксіктен ықылық атып тұр екен,ол да.Жанына барған  көкесін құшақтап өкіріп жіберді....

...Кейін олар  көрші ауылдың дихандарынан есітті. Бір боз биені пойыз басып кетіпті.

Қос түбіндегі сол құм төбе осы оқиғадан соң әкелі-балалы диханға бір түрлі суық көрінді. Жаз өтіп болмады.Оның ақшағыл құмдары күрең тартып, жусанды баурайы сұрқайланып, сұрықсыз көрінді.

Мойылдай   көзі  жәудіреген  ақ құлын,оны  еркелетіп,емірене  жалаған  боз бие жоқ...өйткені .

              

Жеткер Жүсіп