(Әңгіме)
ЖЕТКЕР ЖҮСІП
Жаңбырбай жан ұшыра зулап келеді.Әншейінде ит тұмсығы батпайтын шеңгелді сайдың қақ ортасымен қақырата басып келеді,сояудай -соядай жиде тікенектері оның көйлек шалбарын емес, денесіндегі терілерін жұлып қалып жатқандай.Отқа оранған адамды атпен қуып ұстай алмай-тын.
Ал,мына жылан жұтқан, Жаңбырбайды дәл қазір тік ұшақпен қуып ұстау мүмкін емес.Бағыты ауылдағы медпункт, ойбайлап ұшып келеді. Оқиға былай болды.
Шөпші жігіттер Жаңбырбай, Дастан, Бекжандардың міндеті шабындық басындағы жинаулы шөп күделерін трактор тіркемесіне тиеп орталыққа жіберіп тұрады. Ол осындай белді де, білекті үш жігіт түсіріп,трактор тіркемесін босатып кері жібереді.Ол қайта ораламын дегенше бұларға да, оларға да уақыт жеткілікті.Аттың басын әңгімеге жібереді дейсің. Не бір саясат,не бір тарих, шежіре,қызу пікір талас осыларда.Өткенде Дастан «Кутузовтың көзін шығарған кім?» деп өзеурегенде ,Бекжан «Ол әскери жаттығу кезінде қарсыласының қылышы көзіне тиіп кеткеннен асқынған » деп міз бақпай отырып алды.Әңгімеге орашолақ Жаңбырбай ғана ;
-Ит біліппе?-деп күң еткен. Ал Дастан мен Бекжанның бүгінгі әңгімесі ауылдан шыққаннан жыландар туралы өрбіді.
- Менің атам баяғыда кіре тартып, Самархан жаққа барыпты.Сонда бір топ қазақ кесек басып нәпақа тауып жүргенде жылан жұтып қойған бір өзбекті көріпті-дейді Бекжан.
-Соқ өтірікті! Оны қалай біліпті?-деп Жаңбырбай араласты әңгімеге .
-Ол солардың аспазы болған.Азық түлікке жіберсе,жарты тамақты жоқ қылып келе берген. Сосын оны аңдуға бір адамды жібереді. Сөйтсе базардан шыққан әлгі аспазшы,бір шама уақыт жүрген соң,ауыл сыртындағы ескі қорымның ішіне кіріп алып,кесекшілерге әкеле жатқан тамақтың жартысын соғып алады екен.Оның «жесін»көрген аңдушы жағасын ұстап отырып,атамдарға айтып береді.Кешкісін бәрі жиналып,оны «тергегенде»байғұс аспазшы:
-Мен жуырда ұйықтап жатып жылан жұтып қойған едім, сонан бері тамаққа тоймайтын болдым. Мені кеше гөріңдер-деп еңіреп қоя беріпті.
-«Жылан жұтқан».»Жылан ғашық.» »Жылан жерік » дегендер өмірде көп қой-деп Дастан да бұл тақырыптан хабары мол екендігін бір байқатып тастады.
-Жылан жерігі несі тағы да?
-Өй не естіген жоқсың ба? Ана Бірлікте тұратын Кеңестің әйелі алғашқы ұлында жыланның етіне жерік болған ғой.Тастай құрдасы мотоциклмен барып, Көксайдағы ескі қыстаудан жылан әкеп беріпті.
-Жегенін көріппе?
-Ой жоқ. Бірақ кейін күйеуі күлдіктен тасталған құйрық терісін байқап қалыпты.
-Кәпір!Ищ-ай! Орталыққа кеткен трактор кешікті. Дастан мен Бекжан жылан жайлы әлі соғып отыр.Шөп үйіндісіне жайғасқан үшеудің біреуі «Жыланның жүрмейтін жері бар ма, осы шөптің ішінде де сумаңдауы мүмкін ғой » деген қорқынышпен барып көзі ілініп кетті. Ауыздары талды ма, сәлден соң ана екеуі де қор ете кетті. -Ойбай,мен жылан жұттым!-деген дауыс жапан даланы жаңғыртып жіберді. -Кет әрмен!-деді шошып кеткен Дастан.
-Жындысың ба, қайдағы бәлені шығарып?-деді көзі жыпылықтай Бекжан.
-Ойбай ішім бүріп барады. Жеп барады. Жанұшырған Жаңбырбай жерге аунап жатыр. Екі жігіт не істерін білмей, оны ұстай алмай әлек.Дастанға аузынан ақ көбік ағып жатқан Жаңбырбайдың бір езуінен жыланның құйрығы жылп еткендей көрінді.
-Ойбай, рас деді ол Бекжанға жыламсырай қарап. Сол сол-ақ екен орнынан атып тұрған Жаңбырбай ауылға қарай оқтай ұшты. Екі досы да жан ұшырып оны қуып келеді. Қуып не істесін? Жылан жұтып қойған Жаңбырбайдан қалып қойса, әлгі шөптің арасында құжынап жүрген жылан бұларды қуып жетіп, аузына кіріп алатындай еді. Сол үрей тұла бойын жұлмалап,жұлып алып қалып жатқан жиде тікенектерін елетпей, жан ұшыртып келеді. Медпункт меңгерушісі тұла бойы тікенектен сау тамтығы жоқ Жаңбырбайды көріп шошып кетті. Ол аздай тілім-тілім болып, тағы екеуі жетті артынан.
-Жылан жұттым,ойбай! Жаңбырбай жерге отыра кетті.
-Не дейді?
-Иә,-деді екеуі. Аспирин мен аналгиннен басқа дәрісі жоқ ауылдағы медпункттің меңгерушісі ,Жаңбырбайдың ішіндегі жыланды қайдан, қалай анықтасын? Қайтқан автолапкіге мінгізіп, облыс орталығына жіберді.Ондағы дәрігерлер қанша жерден тексергенімен жыланды таба алмады. Рентген көрсетпеді. Жаңбырбайды ауылға қайтарды.Ол келіп бүк түсіп үйде жатып алды.Ішкі құрылысын бірдеңе жеп барады.Жүдегенде шөлмектей болды.Оның бұл жатысынан шошынған ауылдастары «Ақша бермегесін дәрігер қарамады » деген қорытынды шығарды.Ойлана -ойлана келе олар «Тәшкенде бір кәтта профессор бар, соған апару керек » деп ақыл айтты.Амал жоқ, бауырынан аяғанды ит жесін. Апасы бір өгізін сатып, Жаңбырбайды Тәшкенге алып келді.
Қасқа бас профессор не болды, не қойды, бәрін-бәрін,бүге-шігесіне дейін тәппіштеп сұрап алды.Сосын жыламсырап отырған ,Жаңбырекеңнің тамырын ұстап отырып « Иә, жылан жұтыпсың» деді. Бірақ бұл сөзге ол қорқып кеткен жоқ, қайта қуанышпен қарағандай болды. Өйткені ауылда ешқандай дәрігерге айтып, сөзін өткізе алмаған ақыреті, ішін жегідей жеген жыланнан да ауыр болмады ма? Сәл ұйықтап кеткен мұны тәшкендік емші оятты. Сұқ саусағымен үстелді көрсетті. Селк ете қалды.Жылан, өлген жылан!
-Міне, енді ешқандай қорқыныш жоқ,бәрі артта қалды-деп жымиды профессор. Жаңбырбай ауылға келіп, біздің дәрігерлердің түк білмейтіндігін айтты.Құлан таза болған ол құр атқа мінгендей қайтадан ет алды. Анасының «Аман жаны қалды» деп көзіне жас іркілді.Бірақ шөп басындағы жылан туралы қорқынышты көп әңгімелерден кейін, өз-өзін жылан жұтып қойғандығына сендіруге мәжбүр болғандығын Жаңбырбай қайдан білсін? Қу профессор оны «Жылан жұтқан жоқсың» деп қайтарып жібергенімен пұшайман күй кешетінін ,Жаңбырбайдың жан дүниесі тыныштала қоймайтынын түсінді. Сөйтті де оған ұйықтайтын дәрі екті. Өлі жыланды әкелді. Көрсетті, оны сендірді.Міне өз мамандығының нағыз иесі, нағыз профессоры деп осы кісіні айт!