Бақтыгүл Ауданова
Танысқан күннен бастап Алтайды сырттай иемденіп алған Гүлжан енді оны маңайындағы мың қыздан қызғанайын деді. Есіл дерті оқу емес, Алтай. Оны бірге оқитын курстастарынан да, құрбыларынан да қызғанады. Сабақ жайына қалды.
Сабақ үстінде де Алтайда ойлап отырады. Қоңырау соғыла сала есікке жүгіреді. Қыз-жігіттердің ішінен Алтайды іздейді. Оны көрсе жүрегі өрікпіп, қуанышы алаулап кетеді. Ал егер Алтайдың әлдебір қызбен сөйлескенін, не бірге тұрғанын көрсе жүзі сұрланып шыға келеді.
Алтай да Айжан мен Гүлжанға іш тартып, қарындастарындай қамқорлық көрсетеді. Содан ба үлкен курстың жігіттері бұларды қатты сыйлайды.
Оқудың алғашқы айы әп-сәтте-ақ өтіп кетті. Жан-жағымен, құрбыларымен танысып, үйреніскен апалы-сіңілі екеуі жатақхананың өміріне де үйрене бастады.
«Студенттік өмір қызық» дейтіндерге таң қалды Айжан. Несі қызық? Қайта қиын сияқты ғой. Одан да мектебім жақсы екен деп ойлайтын Айжан. Жаңа ортаға енді ғана бойы үйреніп келеді. Оның үстіне бұларды жас санай ма үлкен курстың жігіттері де қырындап қояды. Тек Алтайдан ғана аяқ тартатын сияқты. Әйтпесе...
Гүлжан екеуі таңғы тоғыздан кеткеннен түсте кездеседі. Қайсысы сабақтан ерте келсе сол тамақ дайындап қояды. Осындайда Айжанның есіне анасы түседі. Бұлар мектептен келгенде ыстық тамағын дайындап қоятын. Киімдерін жуып, үтіктеп беретін. Енді бәрі өздеріне қалған. Түске дейін сабақ, түстен кейін кітапхана. Оның үстіне үйін, ата-анасын, екі бауырын сағынады. Сабақтан қиналған сәттерінде ауылға тартып кеткісі келеді де тұрады.
Осылай жүргенде бірде кешкісін бөлмелерінің есігін Алтай қақты. Есікті ашқан Гүлжан таңданысын жасыра алмады.
–О, Алтай, кел, кір,-деді қуанып.
– Қалай жағдай, - деп қол созып Айжан да жылы шырай білдірді.
– Қалайсыңдар, не істеп жатырсыңдар?..
–Сабақ оқып отырған,-деді Гүлжан. –Мен шай қойып жіберейін,-деді сонан соң.
–Жоқ, рахмет. Әуре болмай-ақ қой. Тамақтанып келе жатырмын.
–Жәй жүрсің бе? –деп сұрады Гүлжан шыдамай.
–Жәй, өзім. Сендердің жағдайларыңды білейін деп.
Онсыз да әңгімеге жоқ Айжан Алтаймен ортақ әңгіме таба алмай кітабынан көз алмай отыр.
–Оқу қалай, қиналып жатқан жоқсыңдар ма?
–Жоға үйреніп қалдық.
–Айтпақшы ертең ауылдарыңа барасыңдар ма?
–Иә, барамыз.
–Мен де әпкемнің үйіне барып қайтпақпын.
–Жақсы болды ғой, - деді Гүлжан қуанып.
Алтай кітаптан көз алмай отырған Айжанға қарап қояды. Ұзын-ұзын кірпіктерін қағып-қағып кітаптан көз алмай тоыр. Оқып отыр ма, жоқ па белгісіз.
Айжан жігіттер айтқандай шынымен сұлу. Алтайдың жүрегіне күн сайын жақындап барады. Бірінші курсқа түскен қыздарды бір сүзгіден өткізетін үлкен курстағы жігіттердің әдеті емес пе. Айжанға да олардың көзі түскен. Алтай «қарындасым» деген соң ғана олар үндемей жүр.
Алтайдың өзі Айжанды ұнатып қалған сияқты. Осы кезге дейін шын ұнатып қалудың не екенін білмеген. Қайта қыздардың өзі бұған сезімін білдіріп қойып жүретін. Бұл болса ондайды сезгенде сол қыздан аулақ жүретін. Сөйтіп жүріп екі жылын өткізіпті. Қыздарға қырғидай тиетін бірге оқитын жігіттерге қызығатын. Енді міне, ойда жоқта мына қыз есін алып барады.
–Неге үндемей қалдың? Әңгіме айтссаңшы, - деді Гүлжан ойланып қалған Алтайға.
–Әңгімені сендер айтыңдар. Қалай студанттік өмір қызық па екен?
–Бізге әзірге қиын болып жүр. Сендерге рахат қой, биыл бітіресіңдер. Ал, біз әлі үш жыл оқимыз.
–Бізде оқуға алғаш түскен кезде солай дейтінбіз. Үш жыл да көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді. Қайта студенттік өмірді қызықты етіп өткізген жөн.
– Айтпақшы, сендер жігіттерді айтамын, өздерің тамақ істейсіңдер ме? – деп сұрады Гүлжан таңданысын жасырмай.
–Кейде өзіміз жасаймыз, азық-түлік болса, - деді күліп Алтай.
–Болмаса қайтесіңдер?
Алтай Гүлжанның пысықтығына таң қалды. Әрі сөзшең, әңгімешіл екен.
–Азық-түлік болмаса, жақсы араласатын қыздарға қонаққа барамыз. Кейде қыздар өздері тамаққа шақырады. Кейде... Алтай күлді. Айжанның жанары өзіне бұрылғанын сезді.
–Не кейде?.
–Кейде қыздардың қазанын ұрлаймыз.
Үшеу де күлді. Айжан күлсе тіпті әдемі болып кетеді екен. Үшеуі тағы біраз әңгімелесіп отырды.
–Жарайды, ертең түсте бірге қайтамыз, - деп Алтай қоштасып, қайтуға ыңғайланды.
–Келіп тұр, үйді көрдің, - деді Гүлжан қоштасарда.
–Жақсы Айжан, - деді Айжанға арнайы бұрыла көз тастап.
–Жақсы, -деді Айжан да күлімсіреп, орнынан қозғалмаған күйі.
Алтай есіктен сыртқа беттеді. Гүлжан есікті «сарт» еткізіп іштен іліп алды. Гүлжанның қуанышында шек жоқ. Алтай есік сыртында біраз тұрды. Терең дем алып, дәлізге бет алды.
Ертеңіне түсте Айжан сабақтан келгенде Гүлжан жиналып отыр екен. –Үф!, Келдің бе әйтеуір? –деді Гүлжан көп күткенін білдіріп. –Алтай екі рет келіп кетті, бізді күтіп жүр.
– Сендерге сабақ болмады ма? – деп сұрады Айжан сіңлісінен.
– Үш пар болды.
Осы кезде есік қағып Алтай кіріп келді.
– Қане, кеттік пе? – деді кіре сала.
– Сендер кете беріңдер. Бізге түстен кейін куратор жиналыс жасайтын болыпты.
–Не?! – Гүлжанның ашуы бұрқ етті.
–Мені күтпей-ақ қойыңдар, - деді Айжан жай ғана. –Мен жиналыстан кейін барамын.
–Мақұл, -деді Гүлжан.
–Жоқ, бірге қайтамыз. Біз күте тұрамыз, - Алтай Гүлжанға қарады. Гүлжан амалсыз көнді.
–Онда мен тамақ жасайын, -деп Гүлжан ас қамына кірісті.
–Мен көмектесейін, -деді Айжан қарап тұруға ұялып. Гүлжан қуанып кетті. Екеуі бірлесіп тамақ істеді. Тамақ дәмді шығыпты. Тек макароны езіліп кетіпті. Үшеуі тамақтанып алды.
–Таң қаламын, - деді Алтай тамақ үстінде де әңгімешіл қалпы. Екі қызда Алтайға жалт қарады. –Қыздар пісірген тамақ неге тәтті болады. Біз жігіттерде барымызды салып тамақ пісіреміз ғой, бірақ, сонда да түк дәмді болмайды. Ал, қазанға қыздардың қолы тисе болды тамақ дәмді болып шыға келеді.
–Сендер тамақты мейірлене істемейсіңдер де,- деді Гүлжан Алтайға қарап.
–Мейірленгені қалай?- деді Алтай.
–Сендер апыл-ғұпыл дайындай саласыңдар.
–Иә, дұрыс айтасың. Бізге тезірек піссе болды ғой, - деді Алтай күліп.
Айжан келгенше Алтай мен Гүлжан күтіп отырды. Екеуі біраз әңгіменің басын қайырды. Үшеуі ауылға бірге барды.
Кешкісін Әлия Шараның үйін тамаққа шақырды. Алтайды қыздарына қорған болып жүрсін деген ой еді бұнікі. Айжан әдеттегідей бірқалыпты. Гүлжан болса қуанышты еді. Күннен күнге Алтайға жақындай түскеніне қуанып жүр.
Алтай да Айжанға шын ғашық болды. Енді уақытты босқа өткізуге болмайды. Әпкесі Шара да Айжанның мақтауын асырды. Енді Алтай Айжанға қалай сезімін жеткізудің жолын таппай қиналды. Айжан Гүлжан секілді ашық-жарқын емес. Көп сөйлемейді де.
Алтай жатақханадада бұлардың бөлмесіне көп келетін болып жүр. Мұны өзге жігіттер де байқап қалған.
–Қарындасым деп жүріп Айжанды өзің айналдырып жүргеннен саумысың, - десті жігіттер. Алтай алғашында үндемей құтылатын. –Мен оны бұрыннан танитынмын, бұрыннан ұнатамын, - деді Алтай.
–Бәсе, екі жылдан бері неге қызбен жүрмейді деп таң қалып жүрсек,-деп жігіттер жамырай жөнелді.
–Маладес! Мынауский қызды таңдапсың,- деп бас бармағын шошайтқан Серғазы «солай ғой, ә» дегендей жігіттерге қараған.
–Жолың болыпты, - деді біреуі. Асылхан ғана үнсіз қалды. Оның да Айжанға ғашық болып жүргенін бұлар біледі. Бірақ, Асылхан қай қызға ғашық болмады. Айжанның да басын қатырып үлгерер еді, бірақ, Алтай «Ол менің қарындасым» деп, о баста-ақ тыйым салып қойғанды.
–Бөлмеде отыра бергендерің жарамайды. Бір мезгіл серуендеп, көңіл сергіту керек. Жүріңдер саябаққа барайық,- деді бір келгенінде Алтай. –Барсақ барайық, - деп келісе кетті Гүлжан қуанып. Айжан барғысы келмесе де амалсыз келісім берді. Алтай досы екеуі алдын ала келісіп қойып еді. Төртеуі саябаққа келді. Үлкен қалалардағы секілді керемет болмаса да, осы саябақтың барына шүкір. Мұнда әткеншектер болмаса да, ағаш көп. Қалың көлеңке. Талай-талай жылдан бері, талай-талай ғашықтардың сырының куәсі болған кәрі ағаштардың жапырағы желмен бірге тербеліп тұр.
–Кеш қандай керемет, - деді Гүлжан сезімге беріліп.
–Иә, тамаша ғой ә, қарындас, - Алтай досым деп таныстарған Уәлихан Гүлжанның жанынан қалмай келеді. Саябақтың тар аяқжолына түскенде Алтай Айжанмен қатарласа қалды. Гүлжан іштей қызғанып кетті, ештеңе білдіргісі келмеді.
–Қыздар балмұздақ жейсіңдер ме? – деді Уәлихан дүңгіршектің қасынан өтіп бара жатқан тұста.
–Сен алып берсең, жейміз, - деді Алтай қыздардан алдын жауап қатып.
Уәлихан екі балмұздақ пен екі тал темекі ала келді. Екі қызға екі балмұздақты ұстатты да, бір тал темекіні Алтайға ұсынып:
–Міне, саған қаймақты балмұздақ,- деді күліп.
Екеуі де темекіні еріндеріне қыстырып, тұтатты.
–Сен темекі тартасың ба?-деп сұрады Гүлжан.
Айжан да Гүлжан да Алтайдан мұны күтпепті.
–Өмір үйретті ғой,-деп күлді Алтай.
–Нешінші сыныптан бастап тартасың?
–Он бірден бастап үйрендік қой.
–Ту-у, темекі тартатын жігіттер мүлде ұнамайды,-деді Гүлжан еркелене.
–Саған ше?-деді Алтай Айжанға. Айжан «маған да» деп қуақылана жымиды.
–Онда шекпегенім болсын,-деп Алтай ерніндегі темекіні жолжиектің шетіне лақтыра салды.
–Қайран иесін таппай қор болған темекі,-деп Уәлихан әлі де сөне қоймаған темекіні көтеріп алды. –Шекпесең маған бермейсің ба ей!-деді сосын Алтайға қарап.
–Бір тал темекіден қалдың ба?-деді Алтай досына қарай күле.
–Канешна! Бес теңге ғой. Осы бір тал темекіні іздеп, әркімнен сұрап, қайыршы боп кететінімізді ұмыттың ба?!
–Қыздардың алдында авторитетті түсірмесей.
Әзіл әңгімемен бірталай уақытқа дейін жүрді.
–Жатақхана жабылып қалмай тұрып қайтайық,- деді Айжан асығып.
–Жабылса терезеден кіреміз. Одеялмен жігіттер тартып алады.
–Қой-е...
–Қоятыны жоқ.
Төртеуі күле-күле жатақханаға енген. Есік әлдеқашан жабылып қалыпты.
–Шынымен терезеден кіреміз бе?-деді Айжан мен Гүлжан жарыса. Екеуінің сөзі де, даусы да бірдей шықты.
–Ия. Басқа амал жоқ,-деді Алтай күліп.
–Осы сендер егіз емессіңдер ме?-деп сұрады Уәлихан даусы ұқсас шыққан екеуінен.
–Егізбіз, тек Айжан бір жыл алдын туылып қойған,-деді күліп Гүлжан. Бұл сөзге бәрі күлді.
–Ал, кәне, одеялмен шығасыңдар ма, ақ жаймамен ба?- деп қалжыңдады Алтай.
Екі қыздың көздері шарасынан шыға жаздады. Алтай кезекші апайдың терезесін қақты.
–Бұл кім ей?!-деген дауыс анық естілді.
–Біз ғой апай,-деді Алтай мен Уәлихан жарыса.
Терезеден сығалаған апай бұларды таныды. Әлден соң кілттің сылдыры мен тырп-тырп басып келе жатқан аяқ даусы естілді.
–Қаңғыбастар, қайда жүрсіңдер. Кіргізбей қояйын ба?-деді кезекші апай ұрысқандай болып.
–Кешіріңіз апай,-деді төртеуі де жарыса.
–Бір жолға кешіремін, келесі жолы қайталанбайтын болсын. –Үнемі осылай дегенмен өз анаң секілді мейірбан осы апайды жатақханадағы студенттердің бәрі жақсы көреді. Әйтпесе, есік ашқанына ақша талап ететіндері де бар. Немесе жер жеберіңе жетіп, ертеңіне кураторыңның құлағына жеткізетіндері де бар. Төртеуі аяқ дыбыстарын білдірмейін дегенмен тып-тыныш түнгі тыныштықта дәліз тапырақтап кетті.
Айжан мен Гүлжан бөлмелеріне келіп дереу шай қоюға кірісті.
–Ту, қарным ашып кетті ғой,-деді Гүлжан күліп. Кафеге болмаса асханаға апарса қайтеді. Ең құрығанда бір-бір шоколад әперсе де ішіміз майланып қалар еді.
«Иә» дегендей екеуі де бас шұлғып күлді. Нан салғыштың ішіне салған жарты нанға банканың түбінде қалған тосапты жағып жеп азық қылды. Ыстық шәй тоңып қалған денелерін жылытайын деді. Екеуін де ұйқы басып, маужырай бастады.
–Картоп қуырып жейміз бе?- деді Гүлжан қанағаттанбай.
–Менің ұйқым келіп тұр, өзің жей бер.
–Қойшы онда мен де жемеймін.
–Сабақ та оқымадық,- деді Айжан ертеңгі күнді уайымдап.
–Бір мәнісі болар,- деп Гүлжан есіней бастады.
Дегенмен, екеуі де ұйқы құшағына бірден еніп кете алмады. Екеуі де іштей ойланып жатыр. Сырттан түскен сәуле бөлме ішін алакөлеңке түске бояп алыпты.
–Не ойлап жатырсың, - деді Гүлжан, төбеге қарап жатқан Айжанға қарап басын жастықтан көтеріп.
–Ештеңе,-деді Айжан бәсең үнмен.
Дегенмен ойында Алтайдың жүргені рас еді. Оны Гүлжанның да ұнататынын сезетін сияқты. Тек дәл солай ма сол жағын дөп басып біле алмай қорқады. Сіңлісінен сұрауға дәті жетпеді.
Осы бір жігіттің жүрегіне күннен-күнге жақындап бара жатқанын өзі де біледі. Оны ойламайын десе де ойында жүреді. Айжан өз сезімін тұншықтыруға бекінді. «Оқуым керек» деп ойлады іштей. Орнынан атып тұрды да жарықты жақты.
–Не болды?-деді Гүлжан жарыққа үйрене алмай көзін сығырайтып.
–Сабақ оқимын.
–Қойшы-ей, жатшы, ұйықтайық.
Айжан дәптерлерін ақтарып оқуға кірісті.
–Алтай жақсы жігіт, ә?-деді әлден соң Гүлжан жастықтан бас көтермеген қалпы.
–Сені ұйықтап қалған шығар десем, Алтайды ойлап жатырсың ба?
–Иә.
Айжанның мына сөзден жүрегі дір ете қалды. Тұла бойы мұздап сала берді. Ары қарай сабақ оқуға шамасы келмей, бір нүктеге тігілген бойы үнсіз қалды. Жанарына үйірілген жасты көрсетпейін дегендей бөлмеден шығып кете барды.
Дәліз тып-тыныш екен. Студенттік өмір ұйықтап жатыр. Ұзын дәліздің арғы басындағы жалғыз терезеге әрең жетті. Терезені ашып терең-терең ауа жұтты. Дегенмен, екі тамшы жас үзіліп түсіп үлгерді. Ол осыдан қорқып еді. Гүлжанға да Алтайдың ұнайтынынан қорыққан. Енді не болар екен деп ойлады іштей. Не де болса бұған енді Алтайды сүюге болмайды.
Күздің суық желіне қалтырап ағаштардың жапырақтары төменге құлдилайды. Жатақхана бұрынғыдай қызық емес, Айжанның көңіліндей құлазып кеткен.
Айжан оймен болып тұрып қасына келген жігітті де байқамай қалды.
–Қарындас, -деген дауыстан селк етті.
–Шошып кеттің ба?-деді Қасымхан жылы жымиып.
–Жоға.
–Не істеп тұрсың?
–Жәй таза ауада дем алып.
–Таза ауа қандай болады екен, мен де көрейінші,-деді Қасымхан әдеттегі әзілқойлығына басып, ашық тұрған терезеден басын шығарып.
–О, керемет! Жүр қыдырып қайтамыз,- деді Айжанға күле қарап.
–Қой-е, тыныштық керек, - деді Айжан шын сеніп.
–Қалай қыдырдыңдар? –деді сосын қыздың бетіне сынай қарап.
–Жақсы. Саябақта жүрдік.
–Алтай ағаң ба, әлде...
Айжанның жанары жарқ етті. Жігіттің не айтпақ болып тұрғанын ұға қойды.
–Алтай ешкімім де емес, - деді ашуланып.
–Мен сені мұнда Алтайды ойлап тұрған екен десем, мен сияқты мамаңды ойлап тұр екенсің ғой.
Қасымханның күлгенде шұқырлана қоятын екі беті, жанып тұрған жанары Айжанның бір сәттік бұрқ еткен ашуын басып тастады.
– Сен де мамаңды ойлап шықтың ба?- деді сыңғырлай күліп.
– Иә, не мамаларын тек қыздар ғана ойлайды, қыздар ғана сағынады деймісің.
– Мамаңды емес, оның ыстық тамағын сағынған шығарсың, - деді Айжан да әзілдей.
Екеуі де табылып айтылған сөзге біраз күліп алды.
– Рас, рас, -деді Қасымхан күле басын шұлғып. – Тамағын да, өзін де.
Екеуі ұзақ әңгімелесті. Қасымхан әзілқой, көңілі ашық жігіт екен. Айжан бұрын араласып көрмеген соң жете білмейтұғын.
Айжанның түнде Қасымханмен әңгімелесіп тұрғаны ертесіне түсте-ақ Алтайға жеткен. Жатақхана ішінде «Қасымхан мен Айжан жүреді екен» деген әңгіме гулеп кеткен.
(ЖАЛҒАСЫ БАР)