Бақтыгүл Ауданова
(Әңгіме)
– Иә. Оларға Қазақстан көмек береді екен деп естідім. Бізге де сондай көмек беретін басшылық болса ғой.Сіздер бізге қарағанда бақыттысыздар ғой...
– Ол жәрдем қашан болады әлі белгісіз. Шықпаған жаннан бір үміт деп солай қарай бара жатырмыз.
Алдымызға үлкен табақпен ет келді. Үй иесі де, келіншегі де суып қалған етке бір, бізге бір қарайды. Мен де мына таршылық заманда бұларға бұлай масыл болғанымызға іштей қынжылдым. Бірақ екі үйдің балалары да ештеңеге қарамай еттен соғып жатыр.
– Гоу, гоу,-деп қояды бір-біріне балалар қолдарын мылтық етіп «пақ» деп. Түсіндім. Сиырларын атып кеткен. Соның еті болса керек. Бәлкім арам өліп қалған шығар. Мейлі, оған қарайтын заман емес. Адамдар шөптің тамырын талғажау етіп отырған заманда не де болса ет қой дедім де асай бердім.
– Мына Қорған төбе жақта Ургут деген ауыл бар еді. Бәрі өзбектер. Сол ауылды түгелдей өртеп жіберіпті. Талай жыл тәжік-өзбек ағайын болып келе жатқан бізді осылай қорлап жатыр,-деп отағасы жылап жіберді. Бұл көз жасын жұбатудың өзі оңай емес еді.
Ерте таңмен тағы жолға шықтық. Ал, Сардар амак ауылдастарының өлі денелерін көмуге кетіп бара жатты.
Біз Пархарға жеткенде мұндағы қазақтар бізді қуана қарсы алды. Аман-есен жеткенімізге қуандық. Осылай өлместің күнін көріп жүргенде Қазақстанның оңтүстігінен көгілдір туы желбіреген поезд пархарлық қазақтарды алып кету үшін Қорғантөбе қаласының вокзалында күтіп тұрды.
Ажал дегенді қойсайшы. От пен оқ арасында жүргенде тезірек тыныш, бейбіт күнге жетсек екен дейтінбіз. Міне, сол арманымыз орындалды. Бізді Атамекен алда күтіп тұр. Көзде жас, етегімізге сүрініп қабынып жүрміз. Тек жездем ғана көңілсіз. Қиқар әкесі кетпеймін дейді. Жабылып көндіре алмадық. Қора-қора қойын, табын-табын сиырын, үйір-үйір жылқысын қимайды. Қолында бір атқа айырбастап алған аңшы мылтығы бар. Енді оған жау тимейтіндей.
– Әке, таста бәрін, аман-есен елге жетсек мал табылар,-деп жездем әкесіне талай барды.
– Бұлар маған ештеңе етпейді,-дейді шал жайбарақат.- Сен балаларыңды ал да кете бер, мен малды сатып барамын,- дейді.
– Әке, мына заманда малды кім алады?
– Алады. Соғыста да азық керек.
Дұрыс айтады. Жездемнің әкесін, яғни біздің құданы танымайтын адам жоқ. Әсіресе, ғармдық тәжіктер мінуге аттарын сатып алып кетеді, азыққа қойларын айдап кетеді. Олардың мақтаулары мен азын-аулақ тиын-тебеніне құдамыз мәз.
Міне, біздің бәрімізді елге алып кететін поезд күтіп тұрғанда жездем екеуміз тағы да құдамның ауылына жол алдық. Ал, әкей қырсығып қояр емес. «Әкемді тастап кетпеймін» деген жездемді көндірем деп мен де поездан қалып кеттім. О, баста осылардың тірлігіне араласқаныма өкіндім. Дегенмен жездем екеуміз малды сатып тезірек кетуге асықтық. Бірақ, тәжіктер бір-екі қойдан артық алмай қойды. Ақыры мал алатын адам да табылды. Бізге апта сайын бір ауған келіп бір жылқы, жиырма-отыз қой, бір-екі сиыр алып тұратын болып келісті. Біз малды сатып тауысқанша алты айдың қалай өтіп кеткенін білмей қалыппыз. Енді тағы екі-үш апта күтсек мал да бітеді. Содан соң қайтамыз. «Ақыңды ажыратып беремін» дейді құдам. Ақымның керегі жоқ, аман-есен туыстарыммен қауышсам болды. Осылай мал азайған тұста ойыма Шынар түсті. Олардың да көшпегенін білемін. Енді Теректі тауға барып келуді ойға алдым. Құдам бұл жерлерді жақсы біледі. Одан берідегі Борбұлақты мекендеген малға бай адамдар. Оның әкесінің де малын, жерін қимай көшпей, кейіннен соғыста қалып кеткенін білемін. Бұл ойымды жездем
– Е, Құралбай ма? Олар қазір Вахш жақта. Борбұлақта қазір адам қалмады. Іздесең Вахштан ізде.
– Қайда барасың, бір қызға бола басыңды қатерге тігіп, не көрінді?
– Жезде бармасам болмайды. Маған тиісе қоймас.
– Жоқ, әлдене бола қалсаң ертең туыстарыңа не бетімді айтамын. Кәрі шешеңді ойла...
Анам көз алдыма келе қалды. Бір жағы Шынарды да тастап кете алмайтын сияқтымын. Шынар менің алғашқы махаббатым. Екі жыл әскерде жүргенде сонау Польша жерінде жазылған хаттарым куә. Бірақ, олар ешқашан Шынарға жеткен емес. Сол жетпеген күйі менің әскерден әкелген шабаданыммен бірге соғыс өртінде қалып кетті. Әскерден келген соң бірнеше рет Шынармен кездестім де. Оның да маған деген көз қарасын білемін. Ол да мені сүйетін сияқты. Сөйтіп жездемді де, құдамды да тыңдамай жолға шықтым. Құдам қолыма бір бума ақша ұстатты. Бір аптадан соң қайта келетін болып жаяулатып жүріп кеттім.
Вахшқа жету қиын бола қойған жоқ. Жолда кезіккен қызыл шүберек байлаған көлік көрсем қол көтеріп мініп аламын. Қызыл шүберек таққандар кулябтықтар. Олардың туының түсі де қызыл. Олар демократиялық мемлекетті қолдаушылар. Ал, қауіптілер ғармдық тәжіктер. Олардың туының түсі ақ. Маңдайларына немесе қолдарына ақ шүберек байлап алады. Бұл ислам оппозициясының күштері ұрыс қимылдары кезінде «Аллаһу акбар» деп ұрандататын. Олардың қатарында ауғандық жалдамалылар да бар. Ал, кулябтықтардың қатарында славяндықтар мен қоса сол кезде аты шыққан «латыш мергендері» көп болатын. Олар Прибалтикадан шыққан әйел мергендер.
Мен мұның бәрін өзім мінген көлік иесінен біліп алдым. Кезінде кәдімгі колхоз жұмысшысы болған ол қазір өз еркімен кулябтықтарға қосылған ерікті.
– Біз жеңеміз, көресің. Жәннат мекен тәжік жері әлі-ақ бұрынға қалпына келеді. Бейбітшілік орнайды. Халықтың көзі ашылып келеді. Бұрынғы қарапайым еңбек өкілдерінің дені кулябтықтарды қолдайды. Кулябтықтар тек әділдік үшін күресуде.
– Ғармдықтар сонша қаруды қайдан алуда?
– Бұл үлкен саясат. Оларды қарумен де, қаржымен да қамтамасыз етіп отырған мына ауғандар. Одан әрі ирандар шығар. Олар әлеуметтік көмек деп жіберіп жатқандары азық-түлік емес, қару-жарақ, наша.
Мен Вахштың үстінен түсіп қалдым. Алдымен ескі танысымның үйіне бардым. Ауыл өлексеге толы. Арық-атыздарда домалап жатқан адам денелері. Мен Шұхраттың үйін әрең таптым. Әйелі екеуі көңілсіз қарсы алды. Соғыс кезінде көңілді болудың өзі күлкілі емес пе.
– Досым қайдан жүрсің? Амансың ба?-дейді құшағына қысып.
– Басыңа не түссе соны көреді екенсің,-деймін досымның құшағынан босана алмай.-Тағдыр айдап келіп қалдым.
– Әке-шешең аман ба?
– Әкем соғыстан алдын қайтқан. Анам мен ағаларым Қазақстанға кетті.
– Ау, сен де кетпей не істеп жүрсің? Басың аманда кетпейсің бе?
– Оларды Қазақстан Президентті көшіріп алып кетті. Ал, мен қалып қойдым. Енді кете алмай жүрмін.
– Басың аман болсын. Әлі-ақ еліңе жетерсің. Дегенмен, президенттерің өзі көшіріп алып отырса бақытты екенсіңдер. Ал бізді ескеретін еліміз де, президентіміз де жоқ.
Шұхрат көзіне келіп қалған жасты сүртті. Әйелі алдымызға суға қайнатылған картоп қойды. Тостақтағы тұзға батырып жеп алдық. Жаздың күні. Ыстық күннен соң тамылжыған түн келді. Мен қатты шаршаппын. Шұхрат далаға жатудың қауіпті екенін айтты. Мен дәліздегі терезенің түбінде тұрған сәккіге жантая кеттім. Таңертең күн сәскеге жеткенде ояныппын. Алдымда бір
шәйнек көк шаймен тағы да қайнатылған картоп тұр. Осындай қиын-қыстау кезеңде де алдыма барын тосқан досыма риза болдым. Шұхрат досымның да бүгіндегі атқарып жүрген жұмысы аман қалған ауылдасарымен бірге өлгендердің иістеніп кеткен денелерін өз бақшаларына, өз аулаларына көму.
– Абайла,-деді кетерімде досым. – Әйтеуір ғармдықтардың қолдарына түсіп қалма. Нашаға тойған нақұрыстар адамдықтан қалды. Бұл тәжіктер өліспей беріспейді. Олардың қызуқанды екенін білесің ғой. Екі жақ та соңғы қандары қалғанша қырқысады. Ал, вахаббистер қауіпті. Олар қолға түскен жас жігіттерді піштіріп, қыз-келіншектерді қару мен нашаға айырбастап жіберетін көрінеді. Әйтеуір, Алла амандығыңды берсін.
Тілеулес досыммен қимай қоштасып іргедегі Шынардың ауылына жол алдым. Тағы да өлік сасыған ауыл, қирап қалған үйлер...
Шынардың үйін оңай таптым. Мені қарт анасы қарсы алды. Үстіне алба-жұлба киім киген кемпір алғашқыда қорқып кеткені рас.
– Амансыз ба, апа? –дедім көзі жәудіреген ананың үрейін басу үшін.
– Балам, балам... қай баласың, жарығым? –деп еңірей құшағына алды.
– Мен сіздерді іздеп келдім. Дәулетбайдың баласымын. Колхозабадтан...
– Кір үйге, кір, кір- деген ана мені үйге бастады. Үй ішінде бір бұрышқа тығылған жігітті көрдім. Өзім құралпы жігіт. Анықтап қарап таныдым. Шынардың ағасы. Ол да мені таныды-ау деймін құшағын жая ұмтылды.
– Амансың ба, бауырым?
Қушақтасып тұрып екеуміздің де есімізге сонау Қорғантөбедегі кеш түскен шығар. Сонда Шынардың жанынан шықпай қойғаным үшін ағасынан бір-екі жұдырық жегенім бар.
– Үй-ішің аман ба, балам? Шешең бар ма?- Кемпір мені төрге оздырып сұрақтың астына алды.
– Аман апа, олар Қазақстанға кеткен. Ал мен қалып кеттім.
– Үйбай, жарығым-ау, қиын болған екен. Содан бері қаңғып жүрмін де.
– Жоқ, жездеммен қалғанмын. Әкесінің малы көп, соны сатып болған соң кетеміз.
– Е, құдай-ай, адам жанымен қайғы болып жүргенде малы несі? Өзіміз сол Қорғантөбеге жете алмай қалдық. Ауылымызда бақабистер дейді ме, әлгі дұшпандар басып алып шыға алмай отырмыз. Енді міне, әр атқан таңымызға алғыс айтып, шүкіршілік етуден басқаға шамамыз жоқ. Қашанға дейін тірі жүрерміз, ол жағы тағы белгісіз...
Кейуана көзіне жас алып, жылап алды. Әлден соң бастарына бірі ақ, екеншісі қызыл орамал таққан екі әйел кірді. Таныдым, бірі Шынар... Екіншісі жеңгесі болса керек. Шынардың жанары жарқ ете қалды. Көз шарасына жас толып, сыртқа шығып кетті.
– Неге келгеніңді білем,-деді Шынардың ағасы дастархан үстінде.- Бірақ, қазір қызға қарайтын уақыт емес қой.
– Мен бәріңді алып кетуге келдім. Менде жолға жетерлік ақша бар.
– Ол оңай емес. Одан да соғыстың аяқталғанын күтейік.
– Соғыс қашан аяқталады, ол белгісіз. Одан да әрекет еткеніміз жөн.
– Білмеймін, білмей қалдым...
Кеш батты. Тып-тыныш түннің зәресін алып тағы да оқтың дауысы естілді. Кейуананың қол-аяғы дірілдеп бұрышқа тығыла түсті.
– Кетіңдер, тығылыңдар,- деген Шынардың ағасының даусынан мен де қорқып кеттім. Шынармен жеңгесі жанұшыра сыртқа ұмтылды.
– Сен де кет, әжетханаға тығыл.-деп бұйырды маған.
Әжетханаға жүгірдім. Әлден соң үй алдына көліктің тоқтағанын көрдім. Төрт-бес еркек көліктен секіріп түсіп, автоматтарын шошаңдатып үйге кірді. Терезелерді қиратып, үйдің астаң-кестеңін шығарды. Қол-аяғым дірілдеп мен тұрмын. Әлден соң Шынардың ағасын үйден сүйреп шығарып ұра бастады. Төрт жігіт тепкінің астына алғанда не жаны қалды екен, шіркіннің?! Ұрып-соғып әбден айызы қанған олар енді бағанадан бері бақылап тұрған қой қораға қарай жүрді. Есік ашылғаннан сыртқа атылған қойлардың бір-екеуін атып мәз болысты. Бір-екеуін көліктеріне тоғытты. Қораға кіріп кеткен біреуі әлден соң-ақ шыңғыртып Шынардың жеңгесін алып шықты. Менің үрейім шынымен ұшты. Тұрған жерімде жиіркенуді де білмей отыра кеттім. Шыңғырғанына қарамай Шынардың жеңгесін көлікке салып алып кетті. Үй алдындағы шарбаққа ілініп ағараңдап орамалы қалды.
Мен үйге жақындадым. Анадайда ыңырсып жатқан ағасын үйге кіргіздім. Анасы бір шөкім болып жерге жабысып жылап жатыр екен. Кәрі аяқ-қолдары қарысып қалған. Кемпірге су әкеліп бердім. Қан-жоса болған ағасының бетін сүрттім.
– Шынар аман ба, Шынаржан,- деп кейуана әзер тілге келді.
– Иә, апа, аман.
– Қайда, ол, қайда? Шошып қалды-ау құлыным. Бар алып келші. Жер тартқырлар қайта келмейтін шығар.
– Жоқ шықпасын, тағы келуі мүмкін.
Жаңағы көріністер таң атқанша көз алдымнан кетпей қойды. Ұйықтай алмадым. Тура бір тағы кіріп келердей үрейлене беремін. Ал, келіншегін алып кеткені Шынардың ағасына қатты батты. Ол енді су да ішпей теріс қарап жатып алды. Соққы жеген жерлері ауыра ма, анда-санда ыңырсып қояды.
Көзім ілініп кеткен екен. Иығыма тиген қолдан селк еттім.
– Балам, бір қойды ұстап сойшы. Шынарды оят.
– Ол қайда?
– Қораның арт жағына барсаң бір үңгірді көресің. Тірі болса соның ішінде.
Шынар деген соң ба орнымнан атып тұрдым. «Тірі болса» деген сөзі үрейімді ұшырды ма, қораның артына жетіп бардым. Таң әлі бозармаған.
– Шынар,-дедім қараңғы үңгірге үңіліп.- Шынар. Ешкім тіл қатпады. Қорқып кеттім.
Үйге қайта кірдім.
– Бар ма?-деді кейуана жанары дірілдеп.
– Білмедім, оттық керек.
Кейуана қабат-қабат киімдерінің біреуінің қалтасынан сіріңке шығарып берді. Ішінде үш-төрт тал ши қалыпты. Оны құртсам не болмақ?
Сипаланып жүріп үңгірге түстім. Қап-қараңғы түнектен түк көрінбейді. Ауасы тар. Қолым жып-жылы денеге тиді. Дене селк етті.
– Шынар, мен ғой.
– Сен? Неғып жүрсің?
– Таң атып келеді. Жүр қой соямыз.
Шынарды тар қапастан шығарып алдым.
– Жасырынатын жерің жақсы екен,-дедім.
– Екі рет сақтап қалды.
– Жеңешем қалай, ағам сау ма? Өлтіріп кеткен жоқ па?
– Ағаң жақсы, бірақ жеңешеңді...
Жалғасы бар...