Бақтыгүл Ауданова

Әңгіме

Сол күні Нүкетай әдейі кеш оралды. Ел аяғы саябырсыған соң жиені екеуінің басы бақшаның аяқ жағында түйісті.

– Менің ішпейтінімді білесің ғой. Өзің ала бер, – деді Нүкетай бір стақаннан соң. Жанәділ арақта әкесінің құны қалғандай екі шөлмекті де сіміріп салып, тілін шайнап қалды. Нүкетай оны сүйреп апарып төсегіне жатқызды. «Ә, сендер ма?» деді дабырлаған дыбыстан оянып сыртқа шыққан Жанәділдің ағасы ұйқылы-ояу.

– Тағы ішіп алған ба?

– Ия, аздап.

Түн ортасы ауғанша тың тыңдады. Апасының үйінен қыбыр еткен жан шыққан жоқ. Бағана базардан алған әйелдердің қара шұлығына асықпай отырып ойық салды. Әнеукүнгі қарақшылардан аумай қалғанын сезді. Қолына күрегін алып, апасының үйін бетке алды.

Ақша көмілген жерді оңай тапты. Өзі де шеткі ағашты шамалап еді. Екі күрек бойы қазғаннан-ақ, күрегінің басы қайтты. Жанәділ ақшаны матаға орап, ағаш жәшікке салып көміпті. Оралған ақшаны алды да, жәшікті қайта көме салды. Жанәділдің оны ашып көрмесі анық. Тек сыртынан күрек салып бақылап қояды. Мұны Нүкетай жақсы біледі. Күректің жүзі жәшікке тиген сайын «ақша орнында екен» деп мәз болып жүрер деп іштей мырс етті. Жаңа аударылған топыраққа түскен ізін жасырып үйіне қайтты.

Қолындағы құндағын құшақтаған күйі алдымен гаражға бет алды. Енді бұған да үй іргесін аудару керек. Басқа жаққа тығу сенімсіз. Жанәділ секілді ағаш жәшікке салып болмайды. Алды күз, қыс. Су өтіп, шіріп кетуі мүмкін. Әзірге ақшаның табылғаны жайлы ешкім білмеуі керек. Естісе, Шерманның қайта келуі мүмкін. Бақандай бес жүз мыңды оған беріп қойып, ақымақ деймісің? Басқалардан жеп жатқаны да жетер. Одан да темір жәшікке салып, көміп тастау керек. Ана шеге салынған жәшіктің біреуін алса жарайды. Нүкетай шегені жерге аудара салып, ақшаны жәшікке салды.

– Жоқ, – деді сонан соң аз-кем ойланып. – Алдымен санап көру керек. Жанәділ жұмсап қоймады ма екен? Бәрібір есепті білген дұрыс.

Бөлмесіне апарып, түйіншектің орауын шешті. Ақ матаның ішіндегі сол баяғы көк пакет көзіне оттай басылды. Сол баяғы он бір бума. Әр қайсысын бір қолына алып, қараңғы бөлмеде сүйіп-сүйіп алды. «Бұйырған кетпейді деген осы, айналайын Құда-а-й» деп екі қолын жоғары көтеріп билеп-билеп қойды.

Әншейінде әкесі оятқанша ерініп тұрмай жататын Нүкетай сол күні ерте оянды. Тұра сала алдымен жер қазып қазынасын жасырды. Сонан соң жер аударған адамдай бір шетінен күрек салып, кесегін майдалай бастады.

– Еркебала, ерте тұрыпсың ғой, – деді қайынатасы жоқта еркелеп сәл ғана кештеу тұрған жеңгесі ұялыңқырап.

– Ұйқым қашты. Сосын мына жерді аударып тастайын дедім.

– Жиен де кеше күрек ұстап, іргесін аударып жатқан. Қалыспайын деген екенсің ғой. – Жеңгесі әзілдей өз шаруасына кірісіп кетті.

Көп өтпей Нүкетай әскерге кете барды. Абыр-сабырда құпиясын ешкімге аша алмады. Қыс өтіп, көктем келді. Нүкетайдың күн-түні ойлайтыны көмбедегі миллионы. Не күйде екен? Су өтіп кетпеген болар? Әлде, іргені аударамын деп ағасы тауып алды ма? Олай болса айтқан болар еді. Әдетінше мұны бір боқтап алар еді. Тереңге көміп еді, таппасы анық.

Нүкетайдың кеткені бәрінен жеңгесіне ауыр тигені анық. Қос қанаты сияқты еді. «Еркем отын жарып жіберші», «Еркем үйтіп жіберші», «Еркем бүйтіп жіберші» деп отыратын. Қос қанаты қырқылған адамдай енді бәріне өзі жүгіреді. Күйеуінен пайда жоқ. Жұмыс деп таңның атысы кетіп, күн ұясына қонғанда бір-ақ келеді. Қаптағы пияздың көктеп тұрғаны қашан. Ана азын-аулақ жерді аударып, тығып шығу керек. Оны аударатын баяғы Нүкетай болса, ол да жоқ. Ақыры жеңгесі күректі қолына өзі алған.

– Әй, Гүлім-ау, жер қазып, алтын көмейін деп жатсың ба? – Сырт жақтан сыңғырлай келген жиен абысынының даусына жалт қарады.

– Алтыным болса жерге көмбей, мойныма тағып алмаймын ба, жарқыратып. Сен де айтасың-ау. Ана пияз көктеп кетіпті соны тығып шықпасам. Бәрі Еркебаланың арқасы екен ғой. Жылда айтқызбай-ақ аударып, арық алып, дайындап беретін.

– Менің қайныма да биыл ақыл кірейін депті. Жер аударып, тірлік істеп жүр. – Көз тимесін.

– Нүкетайдың көлігін мініп, ақша тауып жүр ғой. Үйге үлкен ит әкеліп қойған. Бар тапқанын соның ішіне салады. И-и, айтпақшы жұмыс істегені бар болсын, үй маңының бәріне аскөк егіп тастағаны.

– Ойба-а-й, оны не істемек?

– Аскөк сатып, байымақ та. – Абысына сыңғырлай күлді.

– Байып кетіп, бізді менсінбей қалып жүрме.

Екі келіншек аңқылдай күліп алысты.

– Ақшасын жиып көлік алмақшы, – деді сосын. – Одан да қатын алмай ма? Біз бөлек шығатын.

– Арманына жетсін, – деді Гүлім риясыз көңілмен.

Түске дейін жер аударған Гүлімнің білегі талып, белі ауырып кетті.

– Үһ, құрысын! – деп қолындағы күрегін жерге шанши салды. Топырақ жұмсақ екен. Бос. Тіпті, үлпілдеп тұр. Ана жаздық алманың түбінен шыққан көшеттерді отырғызса, мына топырақта жақсы алатын шығар деп ойлады. Өз ойынан өзі қуанып кетті. Қаза бастады. Май топырақ тіпті оңай алынып жатыр. Әлден уақытта күрек әлденеге тиіп, кірш ете қалды. Күректі қайта сілтеп көрді. Күрек тағы қайтты. «Не екен?» деген оймен жалма-жан қаза бастады. Өзіне таныс шеге салатын темір жәшік көрінді. Сыртын тат басып үлгеріпті. Мықшыңдап жерден суырып алды. Сыртының топырағын тазалап, аузын ашты.

– Ойбай! – деді аша сала артына қарай шегініп. – Ойбай, ата! Ойбай!

Үйге қарай жүгірді. Келінінің даусынан шошыған Сәрсен шал сыртқа шықты.

– Ата! Бала... ана жақта...

– Өзіңді бас, келін, не болды?

– Ана жақта баласын көміп кетіпті!

– Астапыралла! Не дейді...

Сәрсен шал келінінің ізінен ерді. Темір жәшіктегі оралған ақты көргенде шынында да баланың мәйіті екен деп қалды.

Бірақ, мата бүлінбеген. Бала болса денесі бұзызылып, бүлінуі керек еді ғой. Әлде, жаңадан көмілген бе? Кім істеуі мүмкін? Бұлар қалай байқамаған?

Сан сұраққа шырмалып жәшікке қолын салды.

– Бисмиллиһир рахмани рахим...

Ұстап көрді. Бала емес, қап-қатты бірдеме. Жалма жан орауды аша бастады. Баяғы өзінің көк пакеті. Көзі жарқ етті.

– Ата! Ойбай, ата! Миллион!..

Келіні еснінен адасқандай.

– Тыс-с! – деді шал сұқ саусағын шошайтып.

– Ешкім естімесін, білмесін. Білсе бәле болар. Көм, қайта көміп таста. Бұл жерге ештеңе екпей-ақ қой.

– Мақұл, мақұл – дей берді келіні қолына қайта күрегін алып.

– Маған қара балам,– деді Сәрсен шал қазынаны қайта көміп болған соң. – Мына ақша жайлы сөз жарушы болма. Өткендегі жағдай қайта басымызға түсіп жүрмесін. Ана Шерман өткен жолы әкесінің көзін көргендігім үшін ғана кешті. Әйтпесе... Бұл бір жыл осында жатсын. Келесі жылы сендерге үй саламыз. Ел ақшаны қайдан алғанымызды білмеу керек.Оған дейін Нүкетай да келіп қалады. Үйің біткен соң, Нүкетайды аяқтандырып, сендерді бөлек шығарамын.

– Шіріп кетпей ма, ата?

– Шірімейді, балам. Немістің темір жәшігі аман болса, шірімейді.

«Үй салып, бөлек шығарамын» дегенге келіні қуанып, әлі күнге ешкімге тіс жарған емес. Үй жанына көмілген ақшадан үйіндегі баласының хабары жоқ болып шықты. «Нүкетайдің ісі-ау» деп ойлап қойды бәрі. «Жарты ақшаны бергісі келмеген ғой» деп ойлайды Сәрсен қарт. «Әй, сонда әкесін есінен таңдыруға қалай дәті барды, ә?» деп қояды іштей. «Өліп қалады-ау» деп қорықпады ма? Кей-кейде осыған басы жетпейді.

Содан бері Сәрсен шал күн ұзағы үй жанына орындық қойып отыруды әдетке айналдырған.

– Түске дейін күншуақ болған соң отырып ем, түскен кейін көлеңке болғасын отырмын, – дейді сұрағандарға.

Жиені Жанәділ болса нағашысынан сұрап алған Нүкетайдың көк қасқасын зырылдатып мініп жүр. Таңның ертесімен өзі еккен аскөкті бума-бума қып тиеп алып кетеді. Көтере өткізеді. Екі алақаны жап-жасыл болып, күнімен аскөк буған Салиқа қарындасы келеді анда-санда.

– Балаңның бизнесі қалай? – деп әзілдейді Сәрсен шал орнынан қозғалмаған күйі.

– Тапқанын ана дәу иттің ішіне салып жатыр ғой. Онысы да тоймайтын пәле екен, – деп күледі Салиқа. – Жиып көлік аламын дейді. Нүкетай келгенше көлігін алып алса, Нүкетайдың жигулиын қайтарып береді ғой, – дейді сосын. – Ағау,

осылай қашан да қанатыңмен демеп келе жатқаныңа рақмет, айналайын, – дейді ізінше кемсеңдеп.

Жанәділ болса кей-кейде күрекпен ұрып жәшігін тексеріп қояды. Орнында. Тағы сәл шыдаса көлік алуға болады дейді, өзіне өзі риза боп. Жұрт аскөк егіп көлік мінді деп таң қалар.

Сонда да туған нағашысын тақырға отырғызып кеткеніне қуыстанады. «Еңбек етіп тапқан ақшасын алғаным жоқ қой. Өкіметтің бергені, бел ауырмай келген ақшы. Оның үстіне оның балаларының жағдайы менен жақсы ғой. Онсыз да жартысын қайдағы бір Шерман жейтін еді. Одан да жиені жегені жақсы. Жиен емеспін бе дегенмен» деп ізінше өзін өзі ақтап алады.

Нүкетай үшін ғана күндер тым баяу өтіп жатыр. Тезірек үйіне қайтып қазынасын ашса екен. Жанәділ жайлы айтпас еді. Ағайын арасын араз етіп қайтеді. «Өзім істедім» дейді. «Шерманнан ақымды алдым» дейді. Эх, сол күндер ертерек келсе ғой.

Ал, Жанәділ болса осы ақшаның арқасында еңбек етуді үйреніпті. Бұрын тек ішуді ғана білетін. Салиқа апасының да уайымы сол еді. Енді міне, аузына алмайтын болыпты. Аскөк сатып біраз ақша жинаса, Нүкетайдың өзі-ақ Шерманға бермеген «долясының» азырағын жиеніне ұстатады. Көлігіне жетпеген жерін қосар.

Ал, Шерман да, одан жоғарыдағылар да Нүкетайдың бермеген бес жүз мыңынан кедейленіп қалмайды. Қаншама елдің ақысын жеп, қарғысын алып жатыр ғой. Сол да жетер...

Соңы....

Шымкент қаласы.