Көкбөрі Мүбарак

                      (1962 жылы болған оқиға) 

Құлан шулаған шу даланың шуылынан құлағыңды баса бер. Құлағыңды басып алған болсаң, жан-жағыңа қарағанда тұяғының жүрекшесі боз тұманға дымданған, тұяғын сол аяулы боз тұмандар сүртіп отырған, Дүньхуан қаласының іргесіндегі қиы беттерде тұяғы тұманға сүртілген күйі тарихқа сырғанап бара жатқан құлан мен адамның әлем жұрты таңданып таңнан таңға соғар әңгімелерінің бірі болатын бұл оқиға сізді де ширықтырмай қоймас.

 Айхай, уихай.... 

Шу шығады бүйірден. 

Жылайды бала. Жан-жағында сұлап жатқан өлі адамдардың киімін кимек еді, оған үлкен күш керек екен. Өлі адамның бірін қозғалтып көріп еді, пілден ауыр. Ақыры, өзіндей бірнеше баланың денесін тауып алып бір бүлдіршін қыздың үстінен ақ жалаң, енді бір ересек ұлдың үстінен қара жиекті қара түймелі, ақ күпіні сыпырып алды. 

Ух, ух... 

Еңбектеп әл-дәрмені құрыған ұлдың айналсоқтап аулақ жүрген керқұландарға көзі түсті. Олардың баққаны осы ұл. Осы қаршадай ұлды жерде еңбектеп жүріп жүтып жіберер жыртқыштың біріндей көріп, бұл қозғалып еңбектеген күйі алға жылжыса олар оқырана қалады. Даланың сайлауыттарынша мізбақпай сергек, қадиып тұрған олар қыбыр етпеген басқа өліктерге ұл есін жюдан бұрын көп бақылау жасап тұрған еді, тек қана түсінді ұлдың жалғыз екендігін. О, жалғыздық, мұның басын айналып қасында мәңгі қалам ба деп ойланып тұрған құсайды. Балаға қарай жартысы жақындап, жартысы үдірейе қарап осқырынып алыстауға ұмтылғанда, керқұлан үйірінің айғыры шулап бара жатқан үйірін қотандап қоршап тоқтатады.

- Сабыр ет!, - дейді керқұлан ышқынып үйіріне. Толғанған керқұлан айғырына көздері жапақтап қараған үйірдегілер кісінеп,осқырынып болсада қарсы бірдене айтуға батпаған. Аға құлан ақыры күрсінеді. 

- Мен кім?, - деп айқай салады айғыр үйіріндегілерге. 

Жасамыс құлан биесі иығын сүлкитіп қатар бүлкілдетіп жақындап келеді де, кірпіктерін түсіріп жабырқаулы әлпетпен: 

- Сіз қасқырға үйіріңізді бермеген тарпаңның өзісіз, ием, - дейді. 

- Ім-м, солай де! 

Тамағын көтерген құлан мен қылаң иегімді көтергенде бүкіл әлемге таң атып, нұр жайылады. 

Тұман аптаған жарлар, біздің тұяғымыз таптаған шекері шықырлаған құмдар... Әр жазыққа дөңгелетіп тастай салған оймақ-оймақ таулар, біз жүрген әр таудың үшкіл төбесіне жүзіктей киіліп, оймақталып, бұлт болып қалып қойған жылдарым-ай! Ах, осы тұмандай жігерсіз, қуатсыз, шудадай түтілген тұманды жылдарды сойып тұрып тіліп өте шығатын менің өткір тұяқтарым!... 

Шөл патшасы керқұлан ұзақ сөйлеп барып, аяқ астынан саусағын аспанға созып бір шумақ өлеңдей болып шырайналып, шырқырап өте шыққан құйынның кесірінен малтығып қалды. Ауыздары мен көздерін тарс жұмып, ерінін дүрдиткен керқұландар тұман мен тозаңның әрі жағында қыбырлап жатқан 5-6 жасар ұлға қайта қадалды. 

Осылардың аттары бізден де ұзақ жер басқан болар. 

Кірсіз, құла төсі мап-майда болып екінші ханым құлан осыны айтып мырзасына жақындады. Мырза айғыр биесін тыңдап болған соң теріс бұрылып қарады да балаға назар аударды. «Бұл сәби де жорық көрген елдің ұлы» деген сөз керқұланның ішінде сыртқа шықпай сайрап жатты. 

- Асауларға босай қоймас тақымы, - деді құнан айғыр. Болашақ үйір иесі болатын ұлына қараған айғыр: 

- Әй, түге, шуламаңдар. Оралған ордалы жылан көрінді ме көздеріңе? Жыбырдақтың теріміздің иісінен қырық қадам алыс жүретінін білесіңдер. Ол азса қылыш тұяғымыз қиған жылан аз ба еді? 

- Сабыр, сабыр!, -деп бәйбіше құлан шуылдаған үйірдің қыз-қырқындарына солқылдап жүріп басу айтты. Мойынының қырқасындағы орған шидей қап-қатты қысқа жалдары мізбақпаған биелер тынши қалды. Екінші ханым бие мен үшіншіханым бие тұяғымен көсіп отырып «Құлан ойнағы» деген дөңгелек таңбаны үйірді айналдыра сызып шықты. Екінші ханым бие жар салды: 

- Бүгін осы жерде демаламыз. Жорытпаймыз ешқайда. 

Оған қабағы түскен екі құнан топтан суырылып шығып бәйбіше бие мен екінші ханым биеге жақындады. 

Атыс болды. Адамдар өлді. Олардан өлігін әкетуге, көмуге келген адамдардың оғына жем болмасақ екен. Алыс бір қиырға жасырынсақ... 

Бәйбіше бие басын изектетіп мұны мақұл көріп тұрды да, екінші ханым биеге қарап иегін шалт қағып қалды. Екінші ханым бие айтқанын орындай алмай топқа бір қарап, ұлдан көз айырмай тұрған айғырдың тынышын бұза алмай кібіртіктеп тұрып қалып еді, бәйбіше бие: 

- Не қарап тұрсың? Айт енді? 

- Мырзаның көңіліне тиіп алам ба деп? Мырза бұл жерде көп аялдап кетті. Күн ұясына жүгіріп барады. Демек, ол кісі осы жерде түнеуімізді қалап тұр. 

Бәйбіше бие сары құм үстінде сырғақтап көзін қол айнадай күнге сипалатып бір аударып төңкерген болатын. Қалжыраған ұл қорегін ұйқыдан іздеп, уытты ұйқыдан татқаны сол, сеспей қатты. Мырза айғыр кербезденіп иегін бір көтеріп, бір түсіріп ұлдан көз айырмайды. 

Жаным балам, ақ үрпегім Сардарым. Сары үңгірдің ауызында құлазып жатырсыңба? 

Маңдайында әжімдері қатталған аяулы анасы әруақ болып келіп баласын сипалап, құйрығынан беліне дейін жайылған көгілдір қалынан бастап бастап иіскейді. 

Көк көтенім сол, - деп қояды. 

Сары үңгірдің ауызында ұйқыда жатқан ұл түсінде ана әруағының еркелетуін көріп, бал татыған сәтке мейірі қанбай тағы бір аунап түседі. 

- Сары үңгірде арманым құлазыйды, - деп ұлдың үстіне өзінің болашақтағы есейген қалпы елес болып мініп сөйлейді. Анасы дауысқа бір, балаға бір еміреніп оның бетінен сипап, маңдайына дымқыл орамал басады. 

- Сенің оққа қиылған анашыңның шаштарын сенің пышаққа тілінген уыздай бұл бармағыңның жоқтаушысы өзің ғана, -деп үстіне мініп тұрған болашақтағы ересек бейнесі ақынша толғаудан тастап-тастап жіберді. 

- Айналайын, көтеріл, тұр енді, -деп баласының арқасынүңгір қабырғасына сүйеген ана әруағының әппақ сұлбасын керқұландар тамашалап, тұяғы тықыршып байыз таппай тұрған. 

- Жүреңді әлі басып отыра бересіңба? Қанды жалап тиып таста, ақ ботам! 

Бала оянып тып-тыныш мүлгіген, сары сабағын түн мәпелеп сипаған сарана кештің куәсі болды. «Ең ұнайтын сөз ізде» дейді тәрбиелі табиғат. Керішті дала қолмен ойған мұражайдай болып, әр керіш әртүрлі көлеңкеден көйлек тігіп керімденеді. Есінде қалғаны анасының ақ емшегі ауызына тие бергенде оянып кеткен. Анасының ақ емшегі оның алдында қуат болып сол жағындағы жалқау желкесінің шұңқырындай шұқанақта өсіп тұрған шөпті жұлып алып ауызына салып сора берді. Түбімен мұрнын айналдыра орап иіскей берген. 

- Құланқурай!, - деп анасының әруағы саңқ етті де ағараң еткен бір көлеңке жалт етіп ұша жөнелді. Әрі қарай бұл әппақ көлеңкені бала таппай қалды. 

- Бұл шөпті ең бастысы тағдырдан алдым. Ыстығымды кетірген тағдыр берген құланқурай!, - деп оның кеудесінен кетпей мініп тұрған болашақтағы ересек бейнесі әлде біреуге сұхбат беріп отырғандай осылай самбырлап сөйлеседі. Ұл өзінің болашақтағы ересек бейнесін құптап бас шұлғытады. 

Қолын созып көзіне көрінген тізгінге ұмтылғаны сол еді, онысы үңгір ауызындағы иін ағашпен су әкеле жатып бүйрі қысқан келіншектей, шалшыққа таянып өсіп тұрған шыбық екен. Өзінің қуатындай сарқылып әрең тұрған көк шыбық уысында сынып кетті. Есі бір кіреслі-шығаслы болып жатқан бала үңгір қабырғасынан арқасын түсіріп, зырғып келіп шалқадан түсті. Басын ұрып алғанына да мән берген жоқ, зақымы балғаға ұрып алған бастай дедек қақтырар ауырсынуға тең еді әйтпесе. Қалғып кеткен ол тоңып, астынан да сыз өтіп лезде оянып кетті. Бір әйелдің өлі денесін сипалап жүріп, киімінен шырпы тауып алып, тоңған баланың еті тіріліп жылдамдатып жүріп шөмеле жинап от жақты. Қоңырсып жана бастаған шөмелеге жылынып отырып, тағы да атып тұрып үш кесек тас тауып шөмеленің үш жағына қойып, тағы бірқыдыру отын жинап бірінен соң бірін отқа қалап отырды. Ыстығының түсіп басының жазылып кеткенін енді байқап маңдайын сипап, сап-салқын маңдайына разы болып жымия қалды. Бөркін шешіп алып, бір өлі адамның тымағын сыпырып алып, оның басына өз бөркін кигізіп қойды. Тымақты бала енді мұратты бала. Өзіне бекем болып, ернін жымқырып, өзіне қайрат жинаған ол жымиып жатып ұйықтап кетті. Қалығыса болды, ұйқылы-ояу өларада болса болды айналасындағы керқұландардың бір-бірімен тілдескенін толық түсініп жатады да, ояна қалса олар кәдімгі тілсіз аң сияқты көрінеді. Оянып тағы бір қайыра таңданып ұзақ отырғанда, түн ортасы еді, керқұландар түгел келіп от басына жиылып өзіне үңіліп тұр екен. Тікесінен тік тұрып ұйықтап тұрған керқұландарды да көрді. Керқұландарды өзіне ес көріп қорықпай, ұйқысының жебесі адырнасына қаннен-қаперсіз ұйқыға кірісе берген. 

Оянғанда керқұлан да жоқ, дым да жоқ. Әрлі-берлі қарағыштап, сіріңкесін құмға тықты да, етігіне жұққан қан дақтарын ее де, сағал топырақпен де сүртіп, жақын маңдағы құм төбешіктерге қарай жүре берді. Құмға малтығып, аяғын құмнан әрең суырып жүріп екі құм төбешіктен өтіп үшіншіге жете бергенде шаңғылдаған қытай сөздерін естіді.

- Уомін дауда тушады Хасакф рінлі ма?( Қырылған қазақтарға жеттік пе?) 

- Уомін хын жиежин.(Жақындап қалдық) 

- Гәнкуәй-а-а!( Тездетіңдер) 

Шаңқ етті бір зор үн. 

Уомін хайиоу хындуо чита дифаң яукүй. Уомін шуяу шүнсу иынсаң шы-ти. 

( Басқа да баратын жеріміз көп. Өліктерді тез бір жайлы етіп із жасыруымыз керек.)

Үн құм төбенің ары жақ бетінен шыққан соң, олардың шүңкілдеген сөздері мен құмға малтыққан аяқтарының дыбысы, табиғаттағы әурешіліктен шаршаған ыңқылдары балаға өте жақыннан естілгендіктен бала құм арасын теуіп жата қалды да, үстін түгел құммен көміп шығып мұрын тұсын ғана ашық қалдырды. Өзін басып жанши жаздап, үп еткен желдің себебінен тайқып барып жүріп өткен адамдардың дыбыры келесі төбеге өтіп кеткендей болған кезде көзін тырмалап ашып еді, олар әлі өтіп болмапты. Есек арбаларын құлдрдай құдитып жетелеген, ат мінген, жаяу-жалпылы шұбырған 30-дан астам адамның басынан жалғыз жұлдызы бар әскери шапкыны де, әппақ дүңген тақияны да көрді. 

- Абақай, - деп қыстығып жылап жіберді. Осы құмда көміліп жата берді. Күн бесінге құлағанда құлаққа ұрған танадай тыныштықта бала екпеттеп келесі төбеге барды. Көз алдында ештеңе жоқ.

- Сіздің көзіңізде бір жас бар. Ол – тыныштықтың көз жасы, - дейді табиғат аласұрған ерке ақынсып. 

Жер бауырлап келесі бір төбеге барды. Шашылып жатқан мүрделерден ештеме көзге шалынбайды. Ойыстап түсіп барынша кесірткеше бауырлап жылжып отырып үңгір ауызына келгенде шашылған шөміш, шәйнек, май басқан дорба, жыртылған киімнен басқа ешбір адам мүрдесі қалмаған бәрін жинап кетіпті. Жүгіріп от жаққан жеріне келді. Ошақтың қақ ортасына бәкі шаншып кетіпті. 

- Абақай! Абақай!, -деп анталап жүгіріп келіп қан шашыраған бір орынды сипалап: 

- Әпеке!, -деп бауыры солқылдап жылай жөнелді. Тарс еткен дыбыстан секем алып жылауын тоқтата қойып жалт қараса, белеңнен асып келіп тұрған керқұлан үйірін қайта көрді. Достарымен қауышқандай болып ес тұтып қуанып жымиғанда тістері күріштей жарқырап күн нұрымен шағылысқан болатын. Күріштей әппақ тісін бір-бірден теріп алғысы келетін даланың жұмбақ жәдігойлері өліктерді артып жоғалған дүңген әскерлерімен бірге зым-зая болғандай. Шашылған қалдықтарды түгел тексеріп көріп ештеңе таппаған бала өзі қабаттап киіп алған екі киімнің қалтасына сол кезде ғана қол сұқты. Қара түймелі ақ күпінің ешқандай қалтасы жоқ екенін көріп тұйыққа барып қамалып бір түйген жандай, қалтасыз күпінің бүйірін бір түйіп өтіп азғантай қабақ шытты да, ол қабағы лезде жазылып, күпінің түйпелерін ағытып жіберіп жалаңының қалтасын ақтара жөнелген. Төс қалтасынан күміс баулы сағат, сол жақ жан қалтасынан 2 жарма кұрт, оң жақ қалтасында мүжілген жартым-жарты құрт пен нан қоқымдары шықты. Нан қоқымдары құм-құм болып жеуге келмей қалыпты. Құрттарды қағып-қағып қанша таусағанымен құмын кетіре алмады. Оған енді осы өңірмен танысу керек болды. Жаяулап жүріп отырып, бір қызыл керіштің төбесіне шығып қалқайып ұзақ тұрды. Осы бір айналайын көлеңкедей болған, шөлдің өзімен түстес қоңыр көз, жирен шашты сары балаға балаға бүкіл Дуньхуан атырабы аспанымен көз тігіп жәудірей қарасқан. Бүкіл Дуньхуанның кер шағи нұры, тынымсыз бүлкілдеп жататын құмы, сексеуіл, изендері, осы қызыл керіш төбе , ол түнеген үңгіріне дейін құдайдан оған көмек тілеген.

- О, мәртебелі ұлы құдай. Қарғадай ғанаңа өзің пана бола көр! Сорпа мен иман бетке шығып тұрады, -деп бастарының екі жағын кезек-кезегімен шиге үйкеді. 

Барша табиғат мүшелері тілегін бір тұтас жаудырып болғанда жел дұға-баталарды жинап алып құдайына қарай ұшты. Осы ұзақ тұрған қалқайған баланың бармақтай мүсінін жел жыландай орап өтіп, көкке көтерілгенде баланы еш нәрсе тайсалта алмаған. Қалқиған бала төмен жақтағы жарқабақтың үстіне келіп екі тізесін құшақтап тағы ұзақ отырды. Күн батуға жақындағанда қатқан құртын алып тістелеп қойып, үңгірге шаршап әрең жетіп құлап түсті. Көп кешікпей кешкі ызғардан тоңып оянып от жағып, дүнгендер шаншып кеткен әлдебір өлі Қазақтың бәкісін бүктеп үңгір аузына сырғытып қойды. Сары мойын пышақтың жалтырап тұрған мүйіз сабына керқұландар кірпіктерін бір-бір қағып қойып, ұяла басып текеметке шоқшиған бойжеткендерше отқа қарай жақындай берді. Бұл керқұландармен тағы бір түн бірге түнеп шықты.

Естіңдер де, бойсұныңдар. 

Керқұлан айғыры аузын арандай ашып, тістерін шығарып, ернін ажырайтқанда қорықпаған құлан қалмады. 

Сізге осылай істеуге кім сәуе берді? 

Екінші ханым биесіне қарап, ауыздығымен алысқан тұлпардай ернін ежірейте ашып, тісін қырш-қырш шайнауға дайындап тұрған керқұлан оның бас салып жон арқасын тістеп қуа жөнелді. Қайта үйіріне келгенде шарасыз бие қайтып оралғанда, бұл ауызын әлі де ажырайтып:

Ей, есекбастар. Есектенбей, айтқанымды ұғыңдар. Құдай бұл баланы жарылқапты. Құдай әмірімен жаныма періштелер қонып сыбырлап кетті. Біз енді өмірімізде болмаған жаңа дағдыға бас иеміз. Бұл баланың мінсе көлігі, қорықса қоршап құтқаратын қорғаны боламыз. 

Керқұлан айғыры тарпаңданып жер теуіп үйірдің алдын айналсоқтап жүрді де:

Ұқтыңдар ма, түге?, -деп Құнанбайдай шарт кетті. 

Осы күні кеште бұйрық алған бір дөнен бие баланың алдына келіп тұмсығымен жер тіреп жатты. Бала орнынан тұра алмай,шайнап тастай ма деп ұйықтай алмай ұзақ отырып бір уақытта оның жон арқасына қол тигізгенде оның жоны дір ете қалды. Үрікпеген соң екінші рет, үшінші рет, төртінші рет... Осылай санаусыз сипалай беріп арқасына байқатпай қарғып мінді. Керқұлан осы кезде ғана үркіп түрегеліп шаба жөнелгенде, бала оның арқасына дейін өскен жалындай болып тіктеліп түспей қойды. Керқұлан жарға барып тіреліп шыңғырып қарғығанда бала оны өзі әдейі қарғытқандай болып ішек-сілесі қата сықылықтап күлді. Баланың сылқылдағы мен құланның тыпырлауы осы кешті тарих бетіне фильмнің атауындай етіп көрікті қылып жазды.

Шап, шап, тұлпарым!, - деп бала құлан құйрығын бір ғана шапалақтап жібергені сол, құлан құйрығын тік көтере мөңкіп келесі құм төбеге жетіп барып тынып тұра қалды да бала өліп қалғандай әсер еткен соң оның өлігін түсіргісі келді келесі бір құм төбені бетке алып жиектеп шауып барып, теріс айналып қайта шапқанда бала керқұланның жалын алақанында мыта түскен. Керқұлан қозғалмай біраз тұрған кезінде бала секіріп түсіп оның тебуінен сақтанып алыстап жүгіре жөнелді де қарап тұрды. Керқұлан қозғалған жоқ. Бала үңгірге беттегенде үңүңгір ауызында үрке жаздап толқып тұрған керқұлан үйіріне бет алғанда, ол мінген құлан да жыбырлап жүріп отырды. Кешкі қоналқада ол мінген құлан бәрінің сырт жағында жатып жүрді. Керқұланға бір мініп дәнігіп алған бала келесі түні тағы бір жас керқұланды мініп оның үстінен түспей қойды. Ол керқұлан мөңкімей құмнан кетіп, тастақты далаға шығып айналдыра ұзақ шапты. Сол кезде барып бала тұп-тұнық тұма көздерін көрді. Үңгір ауызындағы құм араласып, жылымшы татыған бұлақтан мұны әлдеқайда артық көрді. Керқұлан үйірінің өзін айналсоқтап кетпейтінін білген бала керқұланға мініп белгілі жерге дейін шауып келіп, одан секіріп түсіп үш күн бойы ашыққан құрсағын жамап әрлі-берлі өткендер атып шала сойып, дәрілік маңызды мүшесін алып кеткен арқар, көк ешкі қатарлы аңдардың денесін жолықтыратын. Пышағымен іреп, бөліп, істікке шаншып, отқа қақтап дала өмірі енді оны қалағанынша тойдыратын дарқан атаға айналды. Керқұландар досына айналған сегізінші күні ол алғаш рет бірлікте үрке қашқан топ керқұланның ішімен шапты. Он үшінші күні керқұландар ол қалып қалса бұрылып ертіп кететін болды. Алғашында тістеп алама деп зәресі зәр түбіне кетіп еді, керқұланның тістемей иіскеп кетуі оған майдай жақты.

Бара-бара керқұланды «аға» деп шақыратын болды. 

- Аға!, -деп қысқа қатпар жалынн сипап, мойынын сипалап өтеді. Керқұландар осындай жуас, жұмсақ па деген ойға қалып жүрген баланың ойын аударып тастаған іс осы маңайды жортып айналып жүрген қошауыттардың жылқышылары керқұлан арасына әкеліп өздерінің биесін кіргізіп кеткен кезде бұларға олардың аттары жете алмай демігіп, жылқышыларды еш таятпаған тарпаңдығына таңданған іс болды. 

- Па, бид гайхалтай үрийг хүлегеж байна!(Пах, тамаша тұқым күтеміз) дескен жылқышы қошауыттар «бусаж явсга-гая» деді де, қайтып кетті. Топ керқұлан айғырын қоршай шапқанда, керқұлан айғырының үстінде қалбайған бала еңкейіп жатып алып, төңіректі торлаған шаңнан ешкім баланы байқамады. Осыдан кейінн бір құлан аунап түрегелгенде, құлан бауырында шырт-шырт сынып құм арасында 12 жарым жыл қалды. 1962 жылы «халық пен үкіметті аң етімен, аң терісімен қамдау» деген үкімет жарлығы бойынша қолына қару ұстауға шамасы келгеннің бәрі сай-сайды, тау-тасты аралап тігерге жалғыз тұяқ калғанға дейін аң атып жатты. Шуырлаған машина табаны мен қорқыраған қорқынышты үні 17 жасар Сардардың жүрегін алған бір кезең сол жылдың маусым айының соңында жетті. 

Дырылдаған машина тошасына шығып алған төрт қарулы әңгімемен жапырлата төңіректі өртеп келеді. 

- Хау әтірет бастығынан бір жарым айға әрең шегердім. Сәуірде ат деді. Ол кезде керқұлан биелері түгел буазы ғой. Қиын еді. 

- Обал-сауапқа қарайтын қытай жоқ. 

- Айтқанын екі етсең өз денеңді екіге бөлетін заңы қиын. 

- Жә, жігіттер тілдеріңе ие болыңдар. Қалибек батыр, Көнсадақ Тәкімандар Түркияға кетіп бара жатып азық қыламыз деп қора-қора құлан қырған. Бұл ел де аш отыр. Арада он бір жыл өтті демесең, айырмаң жоқ. 

- Соны дейім. Бізде азық жоқ, құлан екеңде жазық жоқ деп топырлата береміз. 

- Әй, құлан көрінбей ме?, -деп айхай салды іштегі қытай. 

(Хей, ни мій жянго иема ны?) 

- Лаужияң, қазір көреміз, -деп шала-пұшық тіл қатқан шегір көз сары Қазақ шалғайға дүрбінің көзін жүгіртті. 

- Арт жақтағы аттыларды тосайық. Мына үйірден оңай айырылып қаламыз. Аударып айтшы анаған. Күтсін. 

- Лаужияң? 

- А, шын мы?, -деп шаңқ етті... 

Он екі атты келген кезде тоқсаннан астам құланы бар үйірге қарап ауызы ашылып қалды. 

- Мынадай үлкен үйір болады екен ғой. 

- Бір байдың жинап баққан малы сияқты құдды. 

- Мынадай үлкен үйірдің айғыры жауыз болады. Шайнап тастамасын, байқаңдар ей жігіттер. 

Аттылар төңіректеп қоршап, қақтың суына баратын жолға қорқыныш тудырып машинаны тіреп қойып, он екі атты төрт-төрт адамнан үш бағытқа бөлініп керқұландарды қырып отырып қуып машинаға қарай айдап әкелгенде машиналағылар күтіп жатыр еді, алдынан атқанда, ашулы керқұландар өздеріне қарсы шауып қаша бастады. Машинаның үстінен қарғып шауып шыққан таңғаларлық керқұлан айғыры аяғын бір сілкіп машинаның бір жақ терезесін сындырып кеткенде, оның үстінен қалбайған бірдеңе көрініп қалғандай болды. Анықтап көруге бұғып қалғандардың дәті шыдамай, шаң-тозаң айыққанда керқұлан айғыры бастаған топтың қоршауды бұзып шыққанына көз жеткізді. Саусылдап жеткен аттылар тобы: 

- Жартысын қырдық. Жартысы құтылды. Мыналардың етін Ақсайға жеткізетін машина жіберсін. Бұл үлкен олжа. 

- Бізді құлан басып өлтіріп кете жаздады, -деп қытай бастық зәрезеп болып зәрін төкті. Тымақты Қазақтар бір-біріне көзін қысып, жымиып тұра берген.

- Ой, айтпа, қиын болды, -деп қытай бастықтың жанындағы ірі Қазақ көзін сығырайтып жанашырлық күткендей жаншыла қарады бұларға.

- Қалғанын құрту керек, -деп қамшысын күнге біледі бір көзі тұздай, бір көзін шел басқан оспадар кісі. 

- Бәрібір ертеңге қалады. 

Екінші күні керқұлан үйірінен екі керқұлан шығын болып, қалғаны өздеріне маңайлатпады. Үшінші күні он қытай әскерін алдырып өздеріне күш топтап, отыз керқұланға 24 кісі жабылды. Алдындағы машинадағы алты кісінің төртеуі жүрексініп сылтау айтып келмей қалған. 

- Нақты саны нешеу?, - деп жітірмелетіп сұрап келе жатыр он адамдық топтың бастығы Лю Жұңие. 

- Отыздан асады. Толық санау мүмкін емес. 

- Қырыққа шығуы да мүмкін. 

Қытай бастық басын жұлып алды да: 

- Аттан! Терезені сындырып Уаң офицердің, Уаң Жыфей жолдастың қолын әйнекке тілдірген сұмырай аңның бірін қалдырмайық. 

- Ал, шап, бәлі! 

- Оп, бәле!, -десіп қызына шапқан Қазақтар тізгіннің оң жағын көтере ұстап қопақтар құйғытқан. Жоспарсыз қуу, шатырлап атылған мылтық үні ішінде көзілдірікті, әппақ, арық қытай жаңа бастыққа: 

- Лю жолдас, оқ саны есептеледі, бәрі сұралады. Артық оқ шығындамай есеппен атса. 

Лю бастық ойланып қалды. 

Осы күні қас қарайғанда тағы бір топ керқұлан сытылып кетті. 

- Он бір керқұлан, он – он бір... 

- Нақты қанша, - деп ақырды. 

- Он жеті сияқты, - деп немкеттілеу жауап беріп босап бара жатқан ышқырын көтерді екінші Қазақ. Басшы түтігіп қала берді. 

- Ертеңді күтеміз, - дескен бәрі, -бұлардың демалған жерін түнде барып қоршап, күшті шырақ жағып, таңға жеткізбей қыру керек. 

- Меніңше таң бозынан құдайдың жарығымен қыру керек. 

- Ойбай, ойбай, құлан емес, аң емес, жәдігөй екен бұлар. Бізге шапты. 

- Шапты, шапты ойбай. 

- Керқұлан әбден адамдарға өшігіп алған екен. Сақа айғыры мен жас айғыры сияқты, екі үлкені бастап мылтығымызды, киімізді, қолымызды тістеп алмақ. 

- Ойбой, басып жаншып өте шықты әне, міне дегенше. 

Ес жидыртпады ғой. 

- Екі қытай басшы мен Қазақ кеңесші ақылдасып, зияндалған заттарды түгендеді. 

- Қызыл мияның тамыры салынған дағарларды шашып кетіпті. Жау жолдастың бір қолын жұлып кетіпті. Қан сорғалап тоқтамай жатыр... 

- Жау Жыңгүй, жолдасым менің, уайымдама, -дейді бір басшы. 

- Қалай уайымдамаймын. Әйелім мен секілді шолақты не қылады енді?, -деп жұлынған қолды тепкілей жөнелгенде басқалар араша түсіп әрең тоқтатып, қолды көміп кетті. 

- Түнделетіп қуамыз, -деп жер тепкілейді Жау Жыңгүй. 

- Жоқ, қазір аулай алмаймыз. Бірақ, не болсада бағытынан көз жазып қалмау үшін ұзын арқан, кең тұсау қылып ізіне түсіп отырайық таң қылаң бергенше.

Таң қылаң бергенде жартылай құланған айналып кеткен, құлан айғырының жонынан түспейтін кентавр бала Сардар қарғып түсіп, құланның мойынын құшақтап жылап жіберді. 

Осыларға не жаздық. 

Түйдек-түйдек ақ бұлт-ай, 

Жоныңа қонсын қалықтап.

Жез қанатты ақиық, 

Бұлт тебуден жалықпа, -деп сәби күнінде әжесі үйреткен шумақты қайталады. Аузына лықып келіп қалған әжесі айтқан эпостардан екі үзінді көк түтіндеп барып булығып шықты. 

Алтын кеуде, қара жал, 

Мені алып ұшқан тұлпарым. 

Жел иіскеп шапқан шырқауым, 

Құс тістеп аққан сұңқарым, 

Жоныңа төпемесем маған серт! 

Тауда киік орғыса, 

Шыңда асау қарғыса, 

Аңшының көзі ағып алжыса, 

Оғы тимей мөлт кетіп, 

Сұлап түссе тал құша. 

Сол кезге жеткенге дейін қасымнан кетпе, саған серт!... 

Төгіліп келген өлеңді әрі қарай жан құмарлығы ұстап жалғастырайын десе, әжесінің баақа үйреткендері мүлде есіне келмей-ақ қойды. Осы кезде қуғыншылардың қарасы көрінді. Көтерілген шаң, жағымсыз адамдар дауысы... 17 жасар шақабай жүзінің қуыс-қуысын от шарпып өтіп, қараға айналған жалынмен қараған көздерді күйдіре түтігіп қарады. 

- А-а, ах!, -деп керқұлан айғырын дұшпанға қарай білеп шаба жөнелгенде, керқұланның жартысы бытырап қалып қойып, жартысы ілесе ессіз, көзсіз шауып топты қақ жарып өте бергенде ат үстіндегі адамды көріп атқыштардың қолы қалтырап, мына Кннтаврға аң-таң болып шүріппені баса алмай қалды да, сонымен екі керқұлан сытылып шықты. Екі керқұлан сытылып шыққан кезде бөлек қалған 5-6 керқұлан дөңді жағалап оларға барып қосылды. Жеті керқұланды санап қарап тұрды олар. 

- Көрдіңдер ме жаңағы аттың ері сияқты бірдеңе болды керқұланның үстінде? 

- Адам екен. Маған ашулы күйде ежірейіп қарап өтті. Менің мылтығымды жұлқып кетті ме деймін, әйтпесе атып түсіретін жөнім бар еді... 

- Адам дегеніңе сенбеймін. Оған адамның мінуі мүмкін емес. Әлемде жоқ жаңалықты ашпаңыз жолдас, -деп дауысы сұңқылдаған кейін келген басшы сөзге араласты. 

- Дөңді айналып шаңытып кетті. 

- Қуыңдар. 

- Керқұлан екіге жарыла қашты. Адам сияқты ақылдасып алған ғой деймін. 

- Онда екіге бөлініп қуайық. Аударып айтшы ана кекірейген бастықсымаққа. Қолынан түк келмейді. Керқұланның бәрін біз атып беріп жүрміз. 

- Үкімет жарлығына есептеспе. Ти сөзіңді. 

Бөлек қашқан төрт керқұланға топтың жартысы жырыла кеткеннде, қалған жартысы ендігі үш керқұланның әуелі екеуін, соңында өздеріне жұмбақ болып тұрған соңғы айғырын атып өлтірді де қоршай кетті. Кеудесінен шыпылдап аққан қанды сипалап екбеттеп жатқан, шашы арқасын жапқанадамға қарап мақұлық па, адам ба, біле алмай әуеге қарап оқ атылды да, оған бұйрықтар беріле бастады: 

- Адамсың ба, жынсың ба, жауыз, -деген сөздер қазақ, қытай тілдерінде қатар дауысталғанмен ештеме өзгермеді. Сұңқылдап жатып алған адамға қарап тұрды да бастықтар: 

- Құландарды дереу бауыздап машинаға тиеңдер. 

- Өлетіні өліп кетті емес пе?!... 

Кібіртіктеп әрең басқан адамдар екі керқұланды бауыздап машинаға тиегенше қайғылы адам басын керқұланнан көтерген жоқ. 

Пышақтарын жалаңдатып соңғы керқұланға таяғанда ар ете түсіп шашы желпілдеген жәдігой бала пышағын суырып алмақ болып еді, арыпталаста түсіріп алғанын байқап алаңдағанын сездіріп алды. Гүр етіп денелі Қазақтың біреуіне тік шаншылып тап беріп мойынын қылғындырып жатқанда, біреуі артынан жетіп келіп еді, оны керқұланша тепкенде шалқасынан шыңғырып түсті. Аяғы құрыш темірдей екпінді әрі жылдам екен. Қалғандары майлы шұжыққа үймелеген шыбындай бір жолда он нешесі қара тұман болып басып қалды. Осы керқұландардың тұяғын жуған боз тұмандар осы қара тұманның ішінде жаншылып арпалысып, қиналып аһ ұрып жатты. 

Гансу өлкесі. Ақсай Қазақ Автономиялы ауданының полиция кеңсесі. 

- Сұрадыңдар ма, немене адам екен? 

- Жыртқыштығын айтсаңшы, тамағынан ірелген жігіт екі апта бойы жұмысқа келе алмайтын болды. 

- Анау шыңғырып түскен не болды ?

- Қайсы, ана тебілгені ме?

Қарқылдап күліп келіп: 

- Ол есін жиды. Еш жері мертікпеген. Шошынып қалған ғой. Қорғасын құйы, шыққан бейнеге сай үшкіріп дұғамен емдесе тәуірленіп кетеді. 

- Қорғасын құйғаныңмен шашы жалбырлап әлгінің өңі шығады емес пе?

- Сөйлемейді. Темір торды жұлқып тартып айхайлай береді. Тепкілесе де аяғы ауырмайды. 

- Байқаңдаршы, ей, керқұланмен бірге өмір сүрген адам. Соның сүтін ішкен де шығар. Аяғын таспен ұрсаң, тастың өзі шағылатын көрінеді. 

Есік қағылды. 

- Жолдастар, -деп шапкысының ұшына алақанын тіреп, бармағын бүгіп сәлем беріп шыққан тергеуші. 

- Немене екен өзі, білдіңдер ме? 

- Қазақ екен. 

Шайын жұтып тұрған біреуі еденге бүрке салды. Тергеушінің бетіне аңтарыла қарай берді. 

Тілі бар. Біраз сөйлейді. Тіпті, керемет сөйлейді десем болады. Сәби күнінде тәрбиесі мықты болған сияқты, адамдар арасынан қанша алысса да тілі жатық дауысы саңқылдап сондай тұнық шығады. Бірақ, дауысына шаңқылдаған аңның үндері сияқты бір үндер араласып кеткен. 

Сенер-сенбес болған олар ешқандай пікір білдіре бермей мүдіре берді. 

Руын да біледі. Руы -... 

Барлығы мұздай қата бергенде, басшысына қарап, бата алмай, тосылып біраз тұрды да, әлсіз дауыспен шолақ қайырды: 

Шақабай! 

Кеседегі шайын еденге бүркіп жіберген Қазақ басшы лік етіп арқалы орындыққа отыра кетті. Желбегей жамылған жалаңын қарсы алдындағы орындыққа лақтырып жіберіп: 

- Қайран, бауырым-ай! Обалыңа қалдым, -деп меруерттен бетер жастарын қызыл шытына түйіп алып жатты. 

- Оны оңалту керек. Сауаттандыру керек, -деп саңқылдап жатқан тергеушінің сөздері миына кірмеді де жүгіріп темір торға барған күйі қоңыр-жирен шашы денесін жапқан қоңыр көз бауырының алдына келіп жүрелеп отыра кетті. 

Мәдениет порталы