Қалихан Ысқақ
Қоңыр күз еді. Ақ жауын себелеп тұр. Жол лайсаң.
- Жаным-ау, Қасымбысың? – деп аңырып қалды. Ұзын кірпікті мөлдір қарақат көзі мен сыңғырлаған ашық дауысынан өзіміздің Алтынды бірден тани кеттім.
- Япырмау, адасып жүргеннен саумысың? Қайдан келесің? Қайда барасың? - деп сұрауды үсті-үстіне қапалақтатып жатыр. Астына төсеген құрғақ шөпті сүрлем үстіне жазыңқырап, қасынан орын нұсқады да:
- Отырсаңшы енді, отыр! - деді.
Алтынмен кездесемін-ау деп тіпті ойлаған жоқ едім. Орта бойлы, қыпша бел, қарақат кез, екі бетінің қаны тамған ақ сазандай сұлу келіншек көз алдымда елестейтін де тұратын. Қазір аласа бойлы, дөңгелек бет, толған ұршықтай дөңгеленген әйелді кездестіргеніме іштей қарным ашып қалған сияқты. Қаншама іш-баауырыма кіріп, жалбарақтағанымен, неге екенін өзім де білмеймін, оған бір түрлі салқын жүздестім. Мүмкін тосынан кездескендіктен болар, әлде суынысып кеткендіктен шығар, әйтеуір тосырқау бар. Аузыма сөз де түспей, алғашқы тіл қатқаным «қайдан жүрсің?» болды.
- Қайдан жүрсің дерің бар ма.. Әйтеуір тіршілік қуған да баяғы... Алтынды бала кезінде бір көріп едің, ортада заман келіп, заман өтті. Содан бері не толып, не солмады дейсің... Алтын бұдан арғысын қозғамай, сөзінің аяғын қалжыңға айналдырғысы келді.
- Бәтір-ау, өзің тіпті өзгермепсің ғой. Бет-аузында тым болмаса қыл-қыбыр атаулыдан да ырым жоқ, - деп күліп алды. Бірақ мен үндемей отырған соң оның да жүзінен күлкі тез қашты. Төсін теуіп тұрған қос омырауынан әлсін-әлсін сырғи берген желбегей күпәйкенің өңірін қымтай түсіп, зіл арбаны керіле тартып келе жатқан қарақердің сылбыр жүрісінен көз жазбай біраз отырды.
- Қайдан жүрсің дерің бар ма... Осы өзіміздің Топқайыңда жүріп жатырмын. Сиыр фермасында жұмыс істеп жүрмін, -деп қойды.
– Өзің немене, жайшамысың?
- Жайша да, шаруамен де... Мына Сарымсақтыдан шығып едім, көлік кездеспей осы тұсқа малшынып азар ілінгенім...
- Е...е...- дей салды ол...
* * *
Ол менен екі жас үлкен еді. Бір мектепте, бір класта оқыдық. Біздің қыздардың ішіндегі көріктісі де Алтын болатын. Әрі тамаша әнші еді. Күні бүгінге дейін ұмытылмастай болып, көкейімде жатталып қалған сол бір әні. Менің балалық шағымның небір қиялға толы тәтті кезеңі де осы әнмен басталған. Қазір де сол әнді ести қалсам, көз алдымнан баяғы бір балалық шағым, алғаш өскен ауылым елестеп өтіп жатады... Ауылдағы жеті кластық мектепті бітірдім де, «баласың ғой, жұмыс істеп сен не жарытасың, оқы» деп шал-кемпір дігірлеп қоймаған соң отыз шақырым жердегі Топқайыңның мектеп-интернатына келдім. Мектеп директоры орта жастағы, бір көзінің бидайдай ағы бар, күбіқарын жуан кісі екен. Арызым мен куәлігімді оқып шығып, біраз уақыт орындықтың арқалығына сүйеніп ыңыранып жатып алды. Менің аяғымдағы көн етігіме, бұтымдағы естекке бояған ескі жарғақ шалбарыма ұзақ тесілді. Мені онша жақтырып отырған жоқ сияқты. Көз қарасында «осы да оқымақ па?» деген күдік бар. Осы бойда май мұрынын шұрылдатып, демігіп біраз жатты да, орыңдықты сықырлата ойбай салғызып, кеудесін көтеріп алды.
- Ым...м, оқығым келеді де, солай де.. .Жарайды, мектепке қабылдаймыз, ал енді «ынтырнатқа» алу жағын... Оны енді... ым...м, селсебеттен панасыз, әке-шешесі жоқ деген «спрапке» де ала келмеген екенсің... Ым...м, оны енді «пәбедениеңе» қарай көрерміз...
Директор шаршап-шалдығып бір ауыз сөзді зорға тауысты да, арызымызды стол үстіне серпе салып, арқалыққа сылқ етті. Тағы да дым сызбай үнсіз жатты. He де болса бір лебізін естіп кетейін деп мен де міз бақпай отырып алдым. Өзіме белгілі, егер интернатқа қабылдамаса оқи алатын түрім жоқ. Бір заматта барып:
- Жатар жерің бар ма еді? Жоқ болса «ынтырнаттың» жатағына бірдеме етіп түнеп шығарсың. Ертең кел, - деп қыр ете қалды. Көмейінің бостау екенін сезген соң, «алмай қайда барасың» деген оймен үндемей ғана аяғымның ұшымен басып тысқа шықтым.
* * *
Өзім өз болып түзге аяқ басқаным осы. Ағайын-жұрағат жоқ. Қондыра қойшы деп танымайтын адамдарға киіп-жарып жетіп баруға ұялдым. Амал жоқ, қысыла-қысыла жатаққа келдім. Жатақхана барақ сияқты ұзыннан-ұзақ сопайған зал екен. Бөлменің қақ ортасында діңкиіп қарақожалақ пеш тұр. Көгендеген қозыдай қатар-қатар жыпырлаған кереует. Ашылып-шашылып жатқан төсек-орын. Бес-алты бала стол басында кітап оқып отыр екен, мен бөлмеге кірісімен кітаптан бастарын алысып, ит көрген мысықтай үдірейісе қалды. Аяқ киімін шешпестен теңкейіп төсек үстінде жатқан кекіл шашты, имеген қара басын көтеріп, менің бас-аяғымды шолып шықты. Сосын дүрдиген жалақ ернін жалап-жалап қойды.
- Немене, интернатқа түстің бе? - деді. Сөз ыңғайына қарағанда, осындағы дөкейдің бірі болса керек. Қондырмай қуып шыға ма деп қауіптендім де:
- Ие, - деп бас изеген болдым.
- Қай класта оқисың?
- Сегізінші.
- Дөйт де...ген, бірге оқиды екенбіз ғой. Кел, кел! Менің жанымда әзір ешкім жоқ. Мұнда орын жетпейді, екі балаға бір койка. Кел, кел! Дорбаңа да орын табылады, менің сандығым үлкен! - деп киіп-жарып барады. Өзі келіп арқамнан қақпайлап төсегіне отырғызды. Екі туып, бір қалғандай-ақ асты-үстіме түсті. - Немене, мұның іші толған бауырсақ шығар?
- Жоқ, әншейін киім-кешектер ғой.
Сол-ақ екен, оның қабағы салбырап жөнелді. Әлгіндей емес, үйірсектігі басылып, быржиып-тыржиып, маңдайы жиырылып кетті. Дегенмен ренішін білдіргісі келмей:
- Оның да дұрыс. Аштан өлмейсің. Осында әлде кімдер сыртқа шыға қалса болды, қабының сыртынан майын ағызып-тамызып бауырсақ арқалап жүргені. Жүрегің айниды! - деп тыжырынып қойды. Ішімнен «ой, көзелім-ай, егер осы дорбаның ішінде бауырсақ болып, алдыңа ашып қойса ай-шайға қарамай-ақ күйсер едің-ау» деп отырмын. Кірпиәзси қалғанын мына неменің. Бұдан кейін ол менімен көп сөйлескен жоқ. Кітап оқып отырған аласа бойлы қара домалақ балаға бұрылды.
- Ей, Жарықжұлдыз, сен бәкене немесің ғой, Қасым екеулерің жатсаңдар қайтеді, менің көйкем екеумізге тар келетін шығар, - деп дорбамды алды да, қатардағы төсектің үстіне лақтырып жіберді. Қара домалықтың тостағандай екі көзі жапақ-жапақ етіп, «неге лақтырасың ей» деп міңгірлегеннен басқаға шамасы келмей қалды. «Қап, мына бүкірдің қорлығын-ай! Әттең ауылда болсаң шамам жетпесе де бір айқасар едім-ау!» деп зығырданым қайнап тұр. Амал жоқ, «ауыл итінің құйрығы қайқы келеді» деген осы. (Бұл қара казір ауылда тері жинайтын агент болып істеп жүр дейді. Кезі келгенде айтармын деп өкпемді әлі сақтап жүрмін ішімде). Аракідіріс болған жоқ, кешкі апақ-сапақта бөлмеге тықылдаған ақ сары әйел кіріп келіп, жұрттың апшысын қуырып, апалаң-топалаңын шығарды.
- Бұл не жатыс? Көйкені неге заправит етпегенсіңдер? -деп діңкілдеп жөнелді-ай кеп. - Сен неге киімшең төсекте отырсың? Прожаркеден өтіп пе едің? - деп екі ортада мені де бүріп әкетті. Бір жағынан қосарланып ілмиген қара шықты:
- Өй, тәте, бұларға күніне мың айтсам да тыңдамайды.
- Кім ол тыңдамайтын? Қайсысы? Мынау, анау деп имиген қара ешкімнің атын атап бере алмады.
- Біздің үйде су таусылып қалған екен, бір-екі баланы жүгірте қойшы, - деп имиген қараға әмір етті де, әйел көп аялдамай, аяғын тық-тық еткізіп нағыздай басып шығып кетті. Есік жабылысымен-ақ имиген қара төсегіне тағы да киімшең сылқ түсіп, қолына кітап алды. Басқалары да сатыр-сұтыр қағаз бетін ашып жатыр. Әрі-беріден кейін, «ал, суға кім барады?» деген имиген қараның дауысы естілді. Жым-жырт, дәл ертең емтихан тапсыратындай-ақ жапа-тармағай мұрттай ұшып кітапқа қадалысып қалыпты. Бос отырған мен ғана. Бастықсымақтың қаһарына Жарықжұлдыз ілікті.
- Жарықжұлдыз-ей, бүгін сенің кезегің емес пе еді, барып келсеңші. Бос отыр екен, қасыңа мына Қасымды ертіп ал. Жарықжұлдыз орнынан қынжыла көтерілді. Әзірге сыйыса қоймаған бөтен балалардың ортасында тікен басқандай ыңғайсызданып отыр едім, мен де барсам барайын дедім. «Уһ, құтылдық па?», дегендей кітаптар қайтадан сатыр-сұтыр жабылып жатты. Жарықжұлдыз екеуміз қабырғасы ырсиған тырақы көк атты бөшке орнатылған шоқалақ арбаға әкеп жіктік.
- Бұл көк ат та бір, біз де бір, қу жанға тыныштық жоқ! -деп «ит ашуын тырнадан алады» демекші, Жарықжұлдыз шыға көк атты сойылдап-сойылдап алды. Иі қанбаған сірі пұшпақтай көн арқаға сойыл сарт-сұрт тигенде көкшолақ құйрықты шыбжың-шыбжың еткізіп арындап тұрып алды. Сойыл тағы көтерілгенде тура тебуге ыңғайланып бөксені көтеріп-көтеріп тастады.
- Қап, мына талақ тигірдің қорлығын-ай, ә! Түу сонау өзенге барып кайтқанша түн жарым болады. Бұл ырсиған неме өстеді енді, - деп Жарықжұлдыз күйіп-пісіп жүр. Көкшолақтың оны сезер түрі жоқ, құйрықты тағы да бір-екі рет бұлғап-бұлғап тастап орнынан азар қозғалды. Жарықжұлдыз сөзшең екен. (Кейіннен білдім, шын аты Қомшабай болып шықты. Неге екенін кім білсін, жастайынан еті үйреніп кеткендіктен бе, әлі күнге дейін танауының суы жиылмайтын көрінеді. Балалар ажуалап «ақты, жұлдыз ақты десе болды, мұрнын қос-қостап тартып, сұқ саусақтың сыртымен оңды-солды шеміршектете жөнеледі. Осылар маған күлді-ау, мазақтап жатыр-ау деп не қымсынғанды, не шамданғанды білмейді. Жүрген бір сабазың.) Өзен басына жеткенше талай әңгімені түгесіп тастады. Әуелі бастап имиген қарадан түсті.
- Сен оның айтқанына көне берме. Әрі-беріден соң төбеңе шығып алады да, ананы өйт, мынаны бүйт деп қу жаныңа қоныс таптырмайды. Біз оны бүкір деп атаймыз. Есімі Қыдырхан, бүкірі біздің қосқанымыз ғой, - деп бір қойды. - Оның үстіне тәрбиеші, мұғалім, аспаз дегендерге жағынып, бірді бірге шатыстырып қойып, майға батырған ыстық қасықша жылпылдап сумаң етіп әр жерден сүңгіп шығып жүргені.
- Жаңағы әйел кім?
- Ойбай, ол нағыз дөкейдің өзі. Егер ол «брысь» десе, бүкіл интернат жым болады. Тәрбиеші бір ме, оқытушы екі деші, директордың әйелі үш болды ма, тағы несі бар еді, иә, айтпақшы интернаттың, барлық азық-түлік, киім-кешегінің билігі соның қолында, көңіліне жақпаса саған дұрыс киім де бергізбей қояды. Общем бір сөзбен айтқанда «поддиректор». Ал шыңдығына келсек бум-бум, баяғыда бір жетінші класс бітірген білімі бар көрінеді, ілініп-салынып осы күнге дейін сабақ беріп келеді. Маймұрын әрі мектеп, әрі интернат директоры болған соң қонышынан басып жүрген де.
- Ойбай, сен білмейсің ғой, - деп Жарыкжұлдыз әлдебір байсалды адамдарша күрсініп қойды. - Бұл түкпірде өй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған соң Маймұрын өзін құдай емеспін,құдайдан былай да емеспін деп санайды.
- Маймұрының кім?
- Директор деп отырғаным жоқ па. Неғып көрмедің?
- Көрдім ғой.
- Ендеше сол. Аты Қалматай. Осы интернатта бар болғаны төрт ат, үш-төрт сиыр, бір ала тайынша бар. Өзгенің бәрі соныкі. Қойдың басы отыз-қырыққа жетеді, бір тайлы биесі, бір аты және тұр, сиыр малы бесеу-алтау шығар. Ала жаздай интернат болып шөп шабамыз – соның малы жейді, саржан кесеміз – сол қызығын көреді. Артығы болса колхозға, ауданға сатады. Қолы ұзын неме. Бар жұмысын біз істеп береміз. Қылаяғы міне, суына дейін біз тасып жатырмыз.
- Сендер оның қолбаласы емессіңдер, жұмсағанына бармай қойсаңдар қайтеді екен.
- Ой сен оны айтасың ғой, әуелі мына қызықты естісеңші. Түнеу күні ауданнан кісі келіп интернатты тексереді. Тегі біреу сыбыс берген болу керек. Түлен түртті ме, қайдам, сонда жатар орын жаман, тамақ нашар, дәмі жоқ, нан шикі пісіріледі деп өкілге шағынып едім. Тергеу бітіп, өкіл ауданға кеткен соң көкемді танытпаса бар ма?. «Сен немене, өкіметтің нанын жегің келмей ме, семіріп кеткен екенсің. Онда интернаттан шығарайық, кәне тағы кімнің нан жегісі келмейді?», - деп екі аяғымды бір етікке тықты-ай дейсің. Осыдан кейін бір ауыз сөз айтып көр, не интернаттан шығасың, немесе тарих пәнінен екілік бағаны басып-басып шөміштен қысады, - деп Жарықжұлдыз иығын қопаң еткізді. - Солай, оқимын десең тыныш жүр... Өзен ауылдан едәуір қашықта екен. Жарықжұлдыз екеуміз мықшыңдап жүріп бөшкені суға толтырып алдық та, енді жүрелік деп жатқанымызда көкшолақ тағы қырсықты шығарды. Айдасақ та баспайды, жетелесек те қозғалар түрі жоқ, міз бақпай тұрды да алды. Жарықжұлдыз бір-екі рет тартып-тартып жіберіп еді, бас-белең болып қалған шіркін шегіншетеп барып арбаны қарағайға бір-ақ соқты. Құрсауы қашқан ескі доңғалақтың шабақтары быт-шыт болып шоқалақ шоңқиып бір жағына ауып түсті де, бөшкедегі су лақ етті.
- Ой, арам қат, ой, сеспей қат, ой, албыт тисін, - деп Жарықжұлдыз да қарғысын төкті кеп. Бірақ мұндай қарғыстың бұрын талайын естіген көкшолақ болу керек, оған іші кебетін емес, қайта айбат шегіп құлақты жымың-жымың еткізіп шұлғып қояды. Жарықжұлдыз ары тыпырлап, бері тыпырлап ақыры түк шығара алмайтын болған соң кепкесін жол жиегіне бір ұрды да отыра кетті.
- Қап! - деп қояды. - Қап, завхоз арба үшін сілейтіп бір боқтайтын болды бізді. Жарайды, отыр енді, соншама құнға жығылған жоқ едік қой...
* * *
Бейуақ. Қарағайлы шатқал арасындағы ауыл үстіне ымырт үйіріліп, ығы-жығы үйлері алакеуімденіп қана көрінеді. Аула тандырларынан от ұшқыны жылтылдайды. Анда-санда иттердің мыңқ-мыңқ етіп үргені, әлдеқайда аухаулап сиыр іздеген жалғыз-жарым дауыс болмаса ауыл жым-жырт. Әлден уақытта шеткерірек сызылта ән салған әйел дауысы естілді.
- Алтын ғой, - деді Жарықжұлдыз елендеп.
- Оның кім еді?
- Осында, интернаттың қызы ғой.
- Кімнің қызы болса да әнші екен, - дедім мен. Шынын да кешкі тымық ауаны жара шыққан ән мені елітіп әкетті. Қоңыржай, баяу үн...
Самарқау самал еседі. Желектің тарқатылған ұшындай жаңа түлеген селеут басы әлсіз лепке изең-изең етіп бас шұлғиды да, қалтырап барып тына қалады. Шатқал төрінде төңкерілген қазандай теңірейіп биік шоқы жатыр. Оның қар басқан құзар шыңы көлеңке қымтаған меңіреу қойнауларға биіктен көз тастап телміріп тұр. Кешкі шапақпен таласа туған толған ай да табиғаттың осы бір тыныштығын, ән сазын тамашалап тұрғандай қалт етпей биік шоқының иығына қонақтап алыпты. Ән бірте-бірте жақындай түсті. Таянған сайын құйқылжып, бұрала түскен тәрізді. «Қос етек, бұраң бел, қуалай соғар қоңыр жел» деген қайырмасы да емес-еміс үзіліп жетеді құлаққа. Осы жұрттың күнде айтып жүретін «Бір баласы». Бірақ бұрын біздің ауылда орындаушысын таппаған ба, әлде маған осылай болып естілді ме, әйтеуір бұл жолы ерекше сезім әкелгендей болды. Қуалай соққан қоңыр самалдай бірде лақылдап төгіліп-төгіліп кетеді де, бірде қалықтап, шөп басының сыбдырындай дірілдеп барып үзіледі. Сол қоңыржай самалмен қоса бүкіл ауыл үстін, осы өңірді бір өзі ғана тербетіп тұрғандай болды. Әрі-беріден соң ымырт арасынан ақ көйлегі көлбеңдеп әншің өзі де көрінді. Алдына салып айдаған ала тайыншасы бар.
- Алтын ғой, - деді Жарықжұлдыз тағы да. Ол орнынан атып тұрды. Ала тайынша үркіп құйрығын тігіп алды да, қотанға бір-ақ тартты. Қыз әні кілт үзілді. Қауым жерде состиып біраз тұрды, сосын:
- Жарықжұлдызбысың? - деп дауыстады. Жарықжұлдыз әуелі мұрыңды сырп еткізіп бір тартып қойды да:
- Мен ғой, - деді міңгірлеп.
- Неғып тұрсың?
- Суға келіп едік. Алтын жанымызға келді. Жалбырап бетіне түскен бір уыс самай шашын кейін серпіп тастады. Ай нұрына жүзі шағылысып, сопақша келген аппақ беті жалт етті. Қаны сыртына тепкен екі бетінің ұшындағы шұңқырына дейін анық көрінеді. Қаймақтай жұқа ерні әнтек жыбырлайды. Жаңа туған жарты айдай қиықша келген жіңішке қастың астынан мөлдіреген қарақат көздер төгілейін деп тұрған таңғы шық сияқты. Алтын қирап жатқан арбаны көрді де, бізді кекеткендей мырс етті.
- Сумұрын, жолығып мықшыңдап жатқаны. Бұл жолда адасатыңдар да болады, таласатыңдар да болады, табысатыңдар да болады. Енді бір жылмақайлар ебін тауып, «жалғанды жалпағынан басып», таңы жыртылмай-ақ лайым ылдиында жүреді. Бірақ бәрін де - жақсыны да, жаманды да бір арнаға тоғыстыратын, біріне-бірін танытатын осы күре жол ғой деймін. Осы күре жол үстінде таныған екі адамымның бірі Алтын, екіншісі Маймұрын. Өзімше біріншісін адасты, екіншісін еңісінде жүр деп топшылайтын едім...
Ауылға таяп қалдық, алыстан көзге жылы ұшырайды. Мұнар басып жатыр ма, әлде өспеген бе, баяғы сол қалпы сияқты. Үйлері ағаш арасынан селдіреп қана көрінеді.
- Алматай осы мектепке ауысты ма? - деп сұрадым.
- Жоқ, - деді Алтын, селсоқ аузын жыбыр еткізіп. - Сол Үлкен Нарында. Бір жылдан асып барады, ажырасып кеткенбіз. Ортамызда жалғыз ұл бар еді, ары тарт, бері тарт боп жүріп жатырмыз ғой әйтеуір. Алып қояйын десем жаным ашиды сорлыға, ол да жалғыз, айналатын адамы, содан басқа қызығы жоқ. Алмайын десем қимаймын, мен де жалғыз, жұбаныш керек.
- Ыңғайсыз болса да сұрайын, неге жараспадыңдар?
- Соны өзім де білмеймін, Қасым. Саған не десем екен... Енді әйтеу...о баста жарасып қосылмаған соң көңіліңде түйткіл қала береді екен. Әйтпесе, оның тарапынан көлденең сөз болған жоқ, обалы кәне. Бәрі өзімнен. Енді басқа не салса соны көріп аламыз да...Әй, Сара, сен бері келші! - Кібіртік әңгімемен шеткі көшеге де ілінген екенбіз. Үстіне плас киіп, шәлісін тұқырта жамылған аласа келіншекті Алтын айғайлап тоқтатын алды. Әйел әуелі дыбыстың қай жақтан шыққанын білмей артына алақтап қалды да, сосын ту сыртына бұрылып бізді көзі шалғасын қиыстай жүрді.
- Баяғы Кәмилә апайдың ортаншы қызы осы. Күйеуге шыққан, екі баласы бар, менімен бірге бұзаушы болып істейді, - деп таныстырды Алтын.
- Уақыттың зырлап бара жатқанын осыдан біл. Сара, сен мына сүрлемді апарып қораға түсір. Атты шешіп, қамыт-сайманды кептіріп қоярсың, ертең де керек дүние, обал ғой, аттың мойнын соғып тастар. Ал мен үйге кеттім, қонақ кеп қалды.
Таныс көшемен аяңдап келеміз. Міне, мынау баяғы интернаттың жатағы. Біз сияқты қара домалақ балалардың бірі кіріп, бірі шығып сапырылысып жатыр. Асхананың маңайында бір шоғыры жүр.
- Ана отынды кіргізіп тастаңдаршы, су боп қалды ғой, - деген әйел дауысы естілді. Кәмилә апай-ау тегі...Ауыл тіршілігі қаз-қалпындай, тек талай бір сәттердің куәсі, менің алғашқы махаббатымның белгісіндей болған терезе алдындағы кәрі қайын көрінбейді. Мүжілген томары ғана тұр. Маңайында тебіндеп келе жатқан жас көшеттер, бойшаң да түзу екен, қисаймай, қыңыраймай тік салыпты сабағын. Семген дүниені, өткен елесті жоқтатпайтын тәрізді.
- Резеңке етік киіп шықпаған екенсің, аяғыңнан сыз өтіп кетпесе жарар еді, - деп күнк еткен Алтынның сөзі менің ойымды бөліп жіберді.
- Ештеңе етпес, үйге келе жатырмыз ғой, кептіріп алармыз, - дедім мен. Алтын оған мән бермегендей, тағы да мені мүсіркей тіл қатты:
- Өзің жүдеусің ғой, бір жерің ауырмай ма?
- Жоқ денсаулығым жақсы. Өзі тегіннен маған шыр жұқпайтын әдеті емес пе. Осы сәт Алтынның қамқоршы боп жүретін жанашырлығы, жарқын мінезі менің есіме түсті. Бір жылы сезім көңілімді толқытып кетті.
- Мына көшеге түсейікші, - деді Алтын жеңімнен тартып. Қарсы алдымызда кескен томардай боп Маймұрын домалап келеді екен. Жүрегім аузыма тығылып, денем түршіккендей болды. Бұрыла бердік.
- Мына неме, әлі осында ма еді? - деген сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін де білмей қалдым.
- Осында, скотоимпорттың қоймасында кілтші боп істейді, әуелде бастауыш мектепке сабақ беруші еді, табысы онша болмаған соң тастап кетіпті ғой, - деді Алтын. Маймұрын толарсақтан саз кешіп өте шықты жанымыздан. Оның керзі етігінің шалп-шалп еткен дауысы көпке дейін құлағымнан кетпей-ақ қойғаны. Сол неменің жүрген жері, басқан ізінің бәрі де лас сияқты боп елестеді де тұрды көз алдымда.
* * *
Алтын мені ауыл шетіндегі тақтай шатырлы кішкентай ғана ағаш үйге алып келді. Есікті ашып қалғанымызда, төр алдындағы стол басында алпамсадай боп Қомшабай отырды. Қазанның түп күйесіндей болса да маған жарқ еткендей әсер қалдырды.
- Өй, өй, сенбісің-ей, - деп тапыраңдап кеп бас салды. - Ит-ай, зіңгіттей боп өсіп кетіпті.
- Әй, Жарықжұлдыз, сен осы еркегі жоқ үйге ымырттатып келе бергенді қашан қоясың? Мен неше айттым саған? - деп Алтын наз білдірмегенде жіберетін түрі жоқ еді.
- Бәтір, енді бір жолға қуып шықпай қоя тұрғын. Мына Қасым кеп қалған екен, жөн сұрасалық, - деп Қомшабай қалжыңға сүйеп қарудан құтылды.
- Қай бір жетіскеннен жүр дейсің. Әлгі үйірмеге жан жиналатын түрі жоқ. Ән айтпақ түгіл пьесада ойнайтын адам табылмай тұрған жоқ па? Мереке болса кеп қалды.
- Қолқа сала келдім де.
- Енді қайтейін, құтқармасаң болмайды...Жә, екеуміздің жырымыз бүгін таусылмас. Қасым, сен жайыңды айтшы.
- He жай болушы еді, аман жүріп жатырмыз. Ел аралап кеп қалған едім, ауылға соға кетейін, сендерге сәлем берейін деп әдейі бұрылдым.
- Жақсы, жақсы. Аман болғаның жақсы. Өзіңді көрмесем де газет-журналдардан әңгіме-очерктерінді оқып жатамын. Мынау біздің дөй болады деп жұртқа мақтанып қоятын реттерім де бар ептеп.
- Жә, сен мені былай ысыра тұр. Өзінді айтшы, ақыңдықтан бірдеме шығатын ба?
- Ақыңдықты о баста-ақ біздің маңдайға жазбаған ғой. Математикадан барып бір-ақ шықтық.
- Бір мектептің дырдай директоры болған соң ақыңдықты қайтсін бұл, - деп Алтын іліп әкетті. Алғашқы қалбаң-құлбаң амаңдык сарқылған кезде барып, үй іші тыныштыққа батты. Қомшабай әлі үйленбепті, Кәмилә апайдікінде пәтерде тұрады екен. Қол тимеді, хат жазып хабарласа алмадық деп ақтала әңгіме шертіп отыр. Әлгі бір ақыңдық жайынан кейін оның өлеңі есіме түсіп, қайта-қайта Алтынға қадала бердім. Тығыншықтай боп толыпты, бірақ аса бір ет жеңді емес, бойына, тұлғасына жарасымды, әлгінде жүзі ақсұр секілді еді, үйге кіріп шешінген соң нарттай боп екі бетінің қаны лыпылдап, жанып шыға келді. Біз көп отырдық, көңілдегінің бәрін сарықтық. Манағыдай емес, Алтын ашылып қалған сияқты. Тегіннен мінезі ақ жарқын еді ғой. Көкірегіндегі кірбіңін білдірмеді. Ac ішіліп, аяқ төңкерілген кезде:
- Ал, Қасым, бір келген құдайы қонақ едің, қон деуге үй жетеді. Бірақ ұлықсатым жоқ, ауыл үйінің әдеті осы енді, көнбесіңе амал қанша, - деді.
- Ел-жұрт өзіңдікі, орын табарсың. – Тіпті мұнысына да разы болдым. Жиналып, тысқа шығып бара жатқанымызда: - Сен аялдай тұршы, - деп Қомшабайды ішке алып қалды. Жартылай ашық қалған есіктің саңылауынан:
- Тағы да кірлеп кетіпсің ғой, тастап кетші үстіңдегіні. Мә, мына көйлегінді жуып, үтіктеп қойғам, киіп ал, - деген Алтынның сыңғырлаған үні келді құлағыма. Қомшабай біраз кешігіңкіреп қуып жетті. Сөніп қалған қызғаныш табы ішімді тырнап өткендей болды... Айта берсе әңгіме таусыла ма, Кәмилә апайдың үйіне жеткенше екеуміз талай-талай өткен-кеткенді козғап тастадық. Менің әуелгі сауалым «неге бойдақ жүрсіңнен?» басталды. Екі еркектің басы қосылса, аусардың осыған ойысатын әдеті емес пе?. Қомшабай алғашында күмілжігендей болып еді, артынан:
- Студент кезімде атын атап, түсін түстеген ешкімім болмады. Қазір алдыма қарасам - тең-тұстастарымның бәрі балалы-шағалы, артыма қарасам - қарындастарым, адам ұлғайған сайын ұялшақ бола ма, жоқ әлде қорғаншақ бола ма, үйлену деген қиын екен, - деп шынын айтты. - Басы ауырмағанның құдайымен ісі жоқ демекші, өзің үйленген соң менің жайымды қайдан білесің?...
- Алтын ше?
- Алтын баяғы Алтын. Оны сүйетінімді әу бастан-ақ сезесің. Бойдақтықтың тағы бір кілтипаны осында жатыр ғой, бауырым. Оны несіне сұрайсың.
- Сұрады деп айып етпе, ағайын. Менікі дос тілегі ғой. Былай ашылып сөйлескен жайларың бар ма еді?
- Тұспалдап жеткізген сияқты едім. Алтынның мінезін білесің ғой, толқыса да әдейі емеурін білдірмейді. Турасын айтқам жоқ, айта алмай жүрмін. Әйтеуір бір-бірімізге жан ашыр адамдар екенімізді ішім сезеді, - деп Қомшабай күрсініп қойды...
* * *
Қоңыр күз. Мен терезенің алдында отырмын. Ақ жауын толассыз себелеп тұр. Көз алдымнан қарашаның соңғы күні өтіп барады. Лекіте соққан жел, жөңкіле көшкен бұлт, қалтырап ұшқан жапырақ, шуылдаған мазасыз қарға мен ұзақ - бәрі де менің ауылымды елестетеді. Дүние қарақұрықтанып, аспан аласарып барады. Менің ауылымның аспаны сияқты. Биікте қиқулаған құстың дауысы естіледі. Менің ауылымнан келе жатқан тәрізді. Сонау бір жылдарда қош айтысқан балалық шағымды әкеле жатқандай. Көз алдымда туған ауылым. Көз алдымда Алтын мен Қомшабайдың бейнесі. Көңілімде қуаныш. Көкірегімде жылы леп маздағандай. Көз көргенде дос-жарандарға, жақын жандарға салқын жүздесесің. Алыстаған сайын, қашықтаған сайын дос-жарандарды, жақын жандарды сағынады екенсің. Мен Қомшабай мен Алтынды сағынып отырмын. Үшеуміздің соңғы рет кездескенімізге де бір жыл бопты. Әр қайсымыздың көкейімізде айтылмаған сыр қапты, әрқайсымыздың артымызда бұлың-бұлың із, бұлдыраған көмескі сүрлеу қапты, әрқайсымыздың алдымызда тапталмаған, басталмаған ұзақ жол жатыр. Қайсысымыз қалай аттар екенбіз, қайсысымыз қалай бастар екенбіз оны?! Болашақтың жағасы бұлдырап қана елестейді өзіме. Қомшабай мен Алтын ше? Хал-ахуалдары, тіршілігі қалай, осынау жалпақ өмірдегі аяқ алыстары қалай, өмірдегі жаңалықтары қандай, бұл жағынан хабарсызбын. Қомшабай Алтынға деген соңғы бір көңіліндегі түйткілін айта алды ма, айта алмады ма, ол да маған беймәлім.