фото көрнекілік үшін ашық дереккөзден алынды

Байыт Қабанұлы

Әңгіме

Ұланбатыр қаласының көшесінде жүр едім пұшпақ тымақ, пұшпақ жағалы шапан киіп, күміс белбеу буынған, аяғында қазақи саптама етігі бар бір қария биік биік көп тамдардың ортасында қалай жүрерін білмей қамалып тұр екен. Жүгіріп барып: 

– Ассалаумағоликум – деп сәлем беріп қолымды ұсынып едім, арса-арса саусақтарын ұстатып, бетіме үңіліп біраз қарап тұрды да:

– Балам, кімнің баласысың – деді. Мен әкемнің атын айттым. Ол кісі тағы біраз ойланып барып:

– Жоқ, танымайды екем, ал сен мына қалың монғолдың ішінен мені қайдан танисың - деді таңданып. Мен:

– Ата, сізді емес, тымақ, шапаныңыз бен белбеу, етігіңізді танып тұрмын - деп едім, шал өзінің қазақ киім киіп жүргенін енді ғана білгендей мырс етіп күліп жіберді де:

– Иә, иә бұларды (киімдерді) сен тұрмақ монғолдар да таниды екен. Ал сенің мына мінезің мен тап-таза тілің де: «Мен қазақпын» – деп айғайлап тұр екен. Өркенің өссін балам, – деп кәдімгідей риза болып қалды. Мен қалай жүретінін айтып жол көрсетіп бермекке біраз жерге дейін ертіп жүрдім. Жолда әне жер, міне жерде екі екіден құшақтасып сүйісіп отырған бірнеше жастарды көрген қария:

– Япырай, мынау кімнің балалары екен, көпшіліктің көзінше бірін бірі жалап жұқтап жатқаннан ұялса ғой. Ата анасы білсе екен - деп мұңайды. Тағы біраз жүріп едік тақ біздің алдымыздан бір үйдің адамдары сықылды бір еркек, бір әйел шығып бір біріне айтпағанды айтып төбелесіп жатыр екен. Соны көрген шал маған қарап:

– Сапырылысып жатқан көп адамның көзінше ерлі зайыпты екеуінің айтпағанды айтысып төбелесіп жатқанын көргенше жастардың сүйісіп отырғанын көру анағұрлым артық екен-ау – деп күлді. Сөйтіп ана, мынаны айтып менен айрылғысы келмей тартыншақтап тұрып тұрып әрең кетті.

Мен де әлгі шалдан айрылғым келмей бір, екі аттап барып артыма қарап едім қария қаланың көшесінде жүргендей емес сонау Алтай тауларының бөктерінде қой жайып жүргендей екі қолын артына ұстап сәл-пәл еңкіштеу денесін еркін қойып асықпай-үсікпей аяңдап барады екен. Сол көрініс-ақ өзімді әкесінен қалып бара жатқан баладай сездіріп болмаған соң тұра жүгіріп артынан бардым да:

– Ата, шәй ішесіз бе, – деп едім, ақсақал жымың етіп:

– Әңгімелесіп отырып бір шәугім шәй ішсек болар еді, бірақ менің кемпірімнің шәйі құсаған шәй мына маңайдан табылар ма екен, ә, – деп маған қарады. 

Жанымызда тұрған шәйханаға кіріп монғол келіншектерге жөнін айтып едім шәй да келді. Атамыз белбеуін босатып, шапанының кеудесін сәл ашыңқырап қойып шәй ішті.

Сөйтіп отырып мен ол кісіні әңгімеге тартып:

– Ата қала қандай екен - деп едім, шал саусақтарын санады да:

– Мен бұрын осы қалада әскерде тұрғам, содан елу жылдан кейін келіп отырмын. Ол кездегіден өркендеп өзгеріп кетіпті. Өкініштісі мына зәулім зәулім үйдерді неге алыс алыс салмай бірінің желкесіне бірін мінгізіп салады екен осылар. Алланың иен жатқан жерін аяайма. Екі аттасаң тасқа қамалған жылқыдай қамаласыңда қалады екенсің. Сосын тағы бір байқағаным, санасаң сан жетпейтін мына көп машина жүретін басқа жер таппағандай алақандай мына қара жолға сығылысады да тұрады екен. Жаздың ыстығында қой деген мал осылай бір бірінің көлеңкесіне тығылып үйездеп тұрушы еді. Үйдерінің арасы осындай жақын бола тұрып адамдары машинасыз баспайды екен. Балаларын ертіп жаяу жүрмей ме асықпай... – деді.

Далаға шығып:

– Ал ата, қош болыңыз, – деп едім қария менің қолымнан қысып, рахметін айтты да:

– Шәйді ғой, мыналар жақсы қайнатады екен, бірақ әлгі бір шошайған тұғыры құрғыр (орындықты айтады) зықымды алды ғой. Байлаулы бүркіт сықылды тұғырда шошайып отырып шәй ішкенде маңдайыңның тері де қысылып шығады екен ғой. Үйі де ыстық. Шіркін кигіз үйдің төріне малдас құрып отырып шәй ішкенге не жетсін, – деп қойынынан үлкен ақ орамал шығарып маңдайының терін сүртті. Сосын тағы да екі қолын артына ұстап асықпай ары қарай аяңдады.

«Барша болмыс, өн бойынан кең даланың дархандығы аңқыған қайран қазағым-ай, ештеңеден үркіп қорықпайтын есіл еркіндігің қаншаға барар екен деші. Бірінің желкесіне бірін мінгізіп салған мына замана – тамдардың қай бұрышына барып тағы да қамалар екенсің» – деп ойлап едім екі аяғым ілгері басуға келмей әлгі қарияның кеткен жағына әлсін әлі айланып қарай бердім.

Мәдениет порталы