Елордалық полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері Тараздың 23 жастағы тұрғынын интернетте алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі полиция баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, алаяқ қыз Instagram желісінде жалған аккаунттар ашып, ішік сататынын және жеткізіп беретінін жазған. Ол бағаны төмендетіп сататынын да жазған. "Сатып алушыларды осылайша тартып, қыз бала неше түрлі ішіктің суреттерін жариялап, сонымен қатар, сауда үйлерінің мекенжайларын жалған көрсетіп отырған.
Клиенттермен WhatsApp мессенджері арқылы жазысып отырған. Тауарды үйіне дейін жеткізіп береміз деп сендіріп, 100 пайыздық төлемді Qiwi-әмияндарына салуды сұрап отырған", - делінген хабарламда. Бірнеше адамнан 100-300 мың теңге көлемінде қаражат алғаннан кейін, ол телефон нөмірлерін бұғаттап, аккаунттарды өшіріп, мобильді телефонды сөндіріп отырған. Осылайша ол жеті адамды алдап, 1,5 миллион теңге табыс тапқан.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалды. Полиция департаментінің өкілдері осы қыздың әрекеттерінен зардап шеккендер болса мына телефондарға хабарласуды сұрайды: 8 (7172) 71-62-91,71-63-35 немесе 102.