Бақыт Беделхан жан сақтау бөлімінде жатқан жары Айзада Сатыбалдиеваға арнаған өлеңін Facеbook-тегі парақшасына жариялады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Жарына деген жан сырын жеткізген ақын өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.
Айта кетейік, 2018 жылдың 29 желтоқсанында таңғы сағат 5-тер шамасында Абай-Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы жол апаты салдарынан үш адам қаза тапқан. Оның бірі театр және кино актрисасы Шолпан Елгезекова. Ал актриса Айзада Сатыбалдиева ауыр халде жан сақтау бөліміне жеткізілген.
Алас-жыр...
Есігіңде сұр жылан.
Босағаңда боз жылан.
Керегеңде кер жылан.
Маңдайшада сор-жылан.
Миды шағып ысқырған,
Отауыңда оқ-жылан.
Кімнен медет сұрайын,
Қандай амал қылайын,
Мен бұған?!
Күннің құтын құяйын.
Айдың сүтін сұрайын...
Аймалаған ақ шыңды
Таң нұры боп құлайын.
Қайырылмаса,қарысып,
Қара көзден жас емес,
Қан шыққанша жылайын.
Алтын-ұям - Ақ ордам,
Бұғауыңнан босашы,
Босата гөр, Құдайым!
Көзі бардың - көзіне...
Тілі бардың - тіліне...
Сөзі бардың - сөзіне...
Сумаңдаған пәленің
Су құйылсын, ініне,
Құм құйылсын, көзіне!
...Қабырғаңнан сөктірген,
Иығыңнан шөктірген,
Қанатыңнан қайырып,
Қайғылы азап шектірген,
Жылан кетіп барады,
Құйрығы бар, басы жоқ.
Енді қайтіп шағады,
...Дұшпаны боп, қасы боп?!
Тұр, тұр, енді! Тұр, енді!
Қолдап тұр ғой, Тәңірім.
Мені саған жіберді,
Жарығым!!!