Жамбыл облысы Жаңатұрмыс ауылында өз ағасынан жүкті болған 13 жастағы қыздың әкесі Бейсенбай Әбдірахманов пен оның туған-туыстары бұл сұмдыққа сенбей, отандық бағдарламаға көмек сұрап келді, деп хабарлайды kaz.zakon.kz "Астарлы ақиқат" бағдарламасына сілтеме жасап.
Қыздың іші шыға бастағанда анасы бірнәрсені сезген. Сөйтіп тест сатып алып тексергенде, ананың күдігі расталған. Әйел сіңілісіне хабарласып, қызды аудандық ауруханаға апарып тексертуді жөн көрген. Қыз бала сол тексеру кезінде дәрігер мен шешесінің сіңіліне ғана бала кімнен екенін айтқан.
Қыз өзін ағасы зорлағанын айтады. Шешесі шу шығармай, істі ешкімге білдірмей тындыруға тырысыпты. Бірақ оқушы қызға аборт жасауға ешкім келіспеген. Аудандық та, қалалық та аурухана.Іштегі баладан арылу үшін еріксіз қыз бен шешесі полицияға шағым түсірген. Сол мезетте еркектің бірінші әйелінен туған бала – 22 жастағы Мейіржанды полиция қолын қайырып, ұстап әкеткен. Ал бұл оқиғаға үйдің отағасы және оның туған-туыстары еш сенбейді. Сол себепті "Астарлы ақиқат" бағдарламасына шындық іздеп келген. Олар өздеріне дұрыс адвокат жалдауға, одан соң ДНК сараптамасын жасауға көмектесуді сұрайды.
Қамауға алынған жігіттің әкесінің әпкесі:
- Біз мұны Мейіржан істеді деп сенбейміз. Ол жетім бала сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген. Жетім болған соң оған жақтасып отырмыз. Әйтпесе, бізге оған қарағанда қыз жақын, негізі. Өйткені қыз, расында ағамыздікі. Ал Мейіржан бірінші әйелімен еріп келген бала. Көп болмады, ол әйел көз жұмды. Бала бауырымызда қалды. Одан соң мына әйелге үйленген. Екінші әйелі араққа жақын, ал біздің бауырымыз болса, күннен қара кешке дейін малдың соңында. Бұл әйел арасында ішіп алып, жоқ болып кетеді. Қызын да ертіп алады. Меніңше, қызды сол әйелдің бөтелкелесінің бірі зорлаған. Ал олар қорғансыз, артынан ешкім іздемейді деп жетім жігітке бар бәлені жауып отыр.
Қамауға алынған жігіттің әрі зорланған қыздың әкесі:
- Міне, 4 ай болды. Баламды білемін ғой, аңқылдап қалған мейірімді жігіт. Осы уақыт аралығында ол өзіне бірнәрсе істер еді. Егер шын кінәлі болса. Ал ол болса, шыр-шыр етеді. «Менің қатысым жоқ, маған жала жауып жатыр, полиция да кінәні мойнына ал деп қысастап жатыр, өлетін болдым мұнда, адвокат жалдап бер әке» дейді зар илеп. Қыз болса, ұлды көрсетеді. Мен екеуінің бірін жақтап тұрған жоқпын. Тек шындыққа көз жеткізгім келеді. Ал шындық ДНК тест жасатса шығады. Сол жағына көмектессеңіздер, сол үшін келдік мұнда.
Бағдарлама барысында отағасы өзінің әйелі ішіп жоқ болып кететінін растады.
"Болады ондай арасында. Артынан іздеп тауып, қайта үйге алып келеміз. Өзінің ішетін әйелдері бар бірге. Солардың үйінен тауып аламыз", - дейді ол.
Айтқандай, қыз баланың ішіндегі бес айлық сәби алынып, жерленген екен. Енді эгусмацияға рұқсат керек. Ал мұның бәрі белгілі бір уақытты алады. Сондықтан аталған телебағдарлама тергеушілермен бірлесіп, түбі шындыққа қол жеткізіп, алдағы күндері осы іске қатысты нәтиже шыққанда тағы бір бағдарлама арнайтындарын айтты.